Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Оқыс оқиғада да оқырман қамын ойладық

Оқыс оқиғада да оқырман қамын ойладық
Автор
Күні кеше алғашқы нөмірінің жарық көргеніне 20 жыл болған «AR-AI» жастар газетіне 2005 жылдың соңғы айында жұмысқа орналастым. Жылы шыраймен қарсы алған газеттің алғашқы бас редакторы Болат Бекжанов алғашқы ұстазым, әкемнен кейінгі қамқоршым болды.

Шағын ғана ғимаратта ортақ мақсат, ортақ мүдде төңірегіне топтасқан ұжым жұмыс істеп отыр екен. Алтынбек Қартабай, Азамат Есалы, Есет Досалы бастаған ұжым мүшелері жылы қабылдап, тіл табысып кеттік. Жастар газетінің алғашқы есепшісі болған Бадыгүл Төлегенова әпкеміз жаңадан оқу бітіріп келген біраз жастың жағдайына қарап, қамқорлық танытып жүретін.

20 жылдан бері оқырманға жол тартып келе жатқан жастар газетінің алғаш қазығын қағып, шаңырағын шындықтың шыңына бойлатқан Болат ағамыздың маңына жастар үйір болатын. Бас редакторымыз бізді жас демей, білімімен, шығармашылығымен, өнегесімен сусындатып отырды. Барлық шәкірттері тағылымына қанығып, өнегесінен нәр алдық. «Журналист деген жан-жақты болу керек» деп бізді би үйірмесіне алып барғаны да есімізде. Ұжымдағы мерекелік іс-шараларда, әріптестердің тойларында Болат ағамыз ән айтса, сол кісіні қаумалап вальс билеген кездеріміз де болған. Өмірінің соңына дейін қолынан қаламы түспеген Болат Үмбетәліұлының бұл фәниден кеткеніне 5 жыл уақыт өтіпті. Қазір ағамыздың жары Жалғат әпкеміз ұл-қыздары мен немерелерінің ортасында шаңырағын шаттыққа бөлеп отыр.

Республикаға, облысымызға белгілі тұлғалар, сол кездегі «тірі энциклопедиялар» редакцияға жиі бас сұғатын. Әлдихан Қалдыбаев, Мейрамбек Төлепберген, Баттал Жаңабайұлы, Арғынбай Бекбосын, Мақұлбек Рысдәулет, Сағындық Ордабеков, Бекет Момынқұл, Әлмұқан Исақ, Нарша Қашағанов, Әбиірбек Қонысбаев, Маралтай Райымбекұлы және тағы да басқа ағаларымыздың еңбектері талай рет газет бетінде жарияланды. Ортақ тақырыпты талқылауға арналған «Дөңгелек үстел» пікірталас алаңында өткір ойлары мен тұшымды пікірлерін білдіріп, газеттің айқарма бетінен орын алатын. Сүбелі сөз, ойлы орамдар талай жастың, талай оқырманның арасында сан алуан пікір қалыптастырып, жаңа мақалалардың тууына себеп болды.

Менің еңбек өтілім журналистикамен, оның ішінде осы газетпен тығыз байланысты. Еңбек кітапшамда бір ғана ұжымның атауы көрсетілген. Шүкір деймін, 4 баламды дүниеге әкеліп, 4 рет бала күтіміне байланысты демалысқа шығыппын. Осы уақытқа дейін әріптес болған аға-әпке, іні-сіңлілеріммен хал-жағдай сұрасып тұрамыз.

Бұл салада «Газетный день» деген ұғым бар. Дәл сол күні артық ештеңе ойламай, отбасылық жағдайға қарамай, кейде түннің бір уақытына дейін жұмыс істейміз. Газет шығару тек тілшілердің ғана жұмысымен шектелмейді. Бір басылымның артында бірнеше сала маманының еселі еңбегі мен үлкен үлесі жатыр. Сол күні уақыт та, бағыт та қалай бұрылатыны бізге беймәлім. Осы орайда бір оқиға ойға оралып тұрғаны. Қай жылы екені есімде жоқ, «Киров» суқоймасы жарылыпты» деген хабар тарап, екі кештің арасында ел әбігерге түсті. Біз әдеттегідей жұмыстамыз. Телеарнадан облыс әкімінің тікелей эфирге шыққанын көріп, даурықпадық. Жұмысын аяқтаған қызметкерлер үйлеріне асығып, санаулы ғана жауапты маман қалдық. Үйдегілер де минут сайын хабарласып: «Неге әлі жұмыста отырсың, халық жан сауғалап жан-жаққа кетіп жатыр, қашан қайтасың?» – деп, алаңдаушылықтарын білдіруде. «Бізде газет шығатын күн, жұмыс процесін тоқтатуға болмайды, біз әзір қайтпаймыз» – деп жұмысымды ары қарай жалғастыра бердім. Әрине, бойымда қорқыныш, ойымда үрей тұр. Сонда да «Отбасыма қауіп төне қоймас, бесінші қабатта тұрамыз ғой» деп өз-өзімді іштей жұбатып қоямын. Сонымен соңғы ақпараттарды күтіп, газетімізді баспаға жібердік. Ертесіне аман-есен сол газетті оқып отырдық.

Газеттегі еңбек мәңгі өшпейді, сарғайған газет беттерінде сақталады. Оған дәлел бас редакторымыз Тұрсынбек Сұлтанбектің кабинетінде тұрған түптелген газет тігінділері. Парақтап отырып әр жылдардың қоғамдық бет-бейнесін, ақ-қарасы ажыратылған мақалаларды, шын талантымен оқырманды баурап алатын, шындықты шырқыратып жазған қаншама қалам иелерінің қолтаңбасын көруге болады. Газет сонысымен құнды екен ғой.

Бүгінгі таңда да «AR-AI» газеті өз оқырманының тілегімен үндескен, жас та, жасамыс та оқитын басылым. Оған үлкен жауапкершіліктің жүгін арқалап, қызметін абыроймен атқарып жүрген бас редакторымыз Тұрсынбек Темірланұлының тынымсыз еңбегінің үлесі орасан зор. Өз мамандығына адал, ынта-ықыласын қызметіне арнаған шебер журналист. Редакцияның жүрегі болып табылатын ұжымды ұйыстырып, ортақ іске жұмылдырып отыр. Ұжым мүшелері әркез ауызбіршілікте, ұйымшылдықта болып, газеттің беделін биіктетуге бар күш-жігерлерін жұмсауда. Жалпы «AR-AI» газеті сонау жылдардан бері ұйымшылдықтың ақ туын тік ұстап келеді деп нық сеніммен айта аламын. Ұйымшылдық деген тек жұмысты ғана сипаттамай, қызметкерлер арасында мықты достық, өзара құрмет пен сенімділікті, татулықты қалыптастырады екен. 20 жыл уақыт аралығында бірнеше басшы ауысқанымен ұжымның ұйымшылдығы, ауызбіршілігі ажыраған емес. Бұл – Болат Бекжанов қалап кеткен берік негіз деуге болады.

«Газеттің өзі бір күндік болғанымен сөзі мың күндік» деген нақыл бар ғой. Арайлы «AR-AI» газетіміз оқырмандарына мың күндік мақалалар қалдырып, талай асудан асып, биік белестерді бағындыра берсін.

Шолпан БӨГЕНБАЕВА,

облыстық «AR-AI» жастар газетінің

жауапты хатшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар