
Газеттің алғашқы нөмірін шығару барысында кездескен қиындықтар көп болды. Журналистер өз жұмыстарының жоспарын облыстық әкімдік ғимаратының алдында отырып жасайтын. Қаржы сол жылы қараша айында ғана берілгендіктен қызметкерлер 3 ай айлықақысыз жұмыс істеді. Осыдан кейін ғана редакцияға Ә.Әйтиев көшесінде орналасқан облыстық жастар орталығының ғимаратынан кабинеттер беріліп, қажетті жиһаздармен қоса қызметтік автокөлікке дейін алдық, Одан кейін жұмысымыз жанданып, 2006 жылы қосымша штаттар ашылып, газетіміз көркейе түсті.
Негізі жастар газетінде ашылған күннен бастап 13 жыл қызмет атқардым. Сол кезеңде 4 редактор ауысты. Жастар газеті болғандықтан алғашқы бас редакторымыз Болат Бекжанов кілең оқу орнын жаңа бітірген талантты өрендерді жұмысқа қабылдап, журналистикаға бейімдеп, білгенін үйретті. Олар еңбек жолын енді бастап жатқан жастар болғандықтан жұмыста түрлі қызықтар орын алатын. Ол кезде цифрландыру, электронды қызмет түрі онша дамымағандықтан күні бойы бар уақытымыз мекемелерді жаяу аралап, есігін қағумен өтетін. Сол кезде жастар газетіне жұмысқа орналасып, еңбек жолын жаңадан бастап жігіттер өзім үшін өте ыстық. Әлі де көріп қалсам, қуанамын. Алды-артын әлі болжауды үйренбеген жас жігіттерге жұмыс барысында бәрін үнемдеп, құжаттарын түгендеп, ақшаны да тиімді жұмсауға үйретіп, аналары сияқты жанымыз ашып, қамқор болдық.
Кезінде бірге қызмет істеген жігіттер мен қыздардың есімі бүгінде облыс халқына жақсы таныс, бірқатары жауапты қызметтерде жүр. Бұл мен үшін де үлкен мақтаныш! Қайда жүрсеңдерде айларың оңынан туып, абырой биігінен түспеңдер дегім келеді.
«АR-AI» газетінің 20 жылдық мерейтойы құтты, қайырлы болсын. Жастар газетіне ұзақ ғұмыр тілеймін.
Бадыгүл ТӨЛЕГЕНОВА,
облыстық «АR-AI» жастар
газетінің алғашқы есепшісі