Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көңіл түкпірінде қатталған естелік көп

Көңіл түкпірінде қатталған естелік көп
Автор
Жамбыл жастарының жүрегіне жол тапқан «AR-AI» газеті талай буынға шығармашылық алаң, рухани ұстаз болғаны өтірік емес. Бұл естелікте басылыммен тағдырын тоғыстырған журналист ретінде газетті қолға ұстаған сәттегі өзімнің алғашқы әсерімді, еңбек жолымдағы қызық, әрі қиын сәттерді, ұжымдағы достық пен бірлікті сағынышпен баяндайын.

2000 жылдардың басы. Алматыда оқып жүрген кезім. Ауылға келген сайын журналистика факультетінің аудиториясынан шыққан арманшыл қиялмен үйде жиналып қалған мерзімді басылымдарды асықпай ақтарып шығатын әдетім бар еді. Газеттердің әр парағынан жаңа тыныс, жаңа тәсіл іздейтінмін. Алматылық басылымдармен салыстырамын. Сондай күндердің бірінде қолыма түскен «AR-AI»  жастар газеті бірден ұнай кеткені бар. Романтизмге салсақ, жүрегімді баурап алғаны рас. Оның әр бетінде жас буынның қайраты, жастықтың шынайы үні, мінезі сезіліп тұратын. Әдеттегі ресми хабарлардан ада, әйтеуір, бұл газеттен бір жылы леп есетін.

Студент болған күннен бастап Алматыдан шығатын «Жас Алаш», «Жас қазақ» сынды жалынды газеттерді қолдан тастамадық. Ол кезде еліміздің өңірлерінен шығатын жастар басылымы мүлдем жоқ-тын. Ал сол «сеңді» бұзып, 2005 жылы жарық көрген «AR-AI» – қазақ баспасөзіндегі тұңғыш облыстық жастар газеті ретінде Жамбыл өңірінің жылнамасына жазылды.

«AR-AI»-дың бірінші бетінен бастап өрілетін рухты өлеңдер, жастықтың жалынды үнін жеткізген айдарлар – бәрі-бәрі мен үшін тың әлем еді. Әсіресе «Қорамсақтағы» өткір өлең жолдары оқыған жанның жігерін жанып, рухын қамшылайтын. Оның әр сөзі жебедей еді. Ал газеттің ішкі бетіндегі дүниелердің де әрқайсысы ой салдырмай қоймайтын.

Сөйтіп, оқушы кезімнен «Ұлан» мен «Жас Алашты» жаздырып алып оқитын мен енді үйдегілерге «AR-AI»-ды да жинатқызып қоятын болдым. Алматыдан келген сайын қалаға алып кетемін. Әсіресе анамның әпкесі Күлсімхан апам да өзі оқып болған соң, бір парағын да жыртқызбай, тамызық пен терезе көлегейлеуге де жаратпай, мен келгенше түгел сақтап отыратын...

Мен білетін «AR-AI» жастардың нағыз мінбері болды. Жасырып қайтейік, өзіміз облыстың бас басылымы «Aq jol» газетінің тілшісі болсақ та редакциядағы жас журналистер «AR-AI»-дың жаңа санын күтіп жүріп оқитынбыз.

Басылымның өзіндік қолтаңбасы – айдарларында еді. Онда еркіндік болған. Облыс басшылығына қатысты ресми материалдар аса қатты міндеттелмегендіктен оқылымды дүние көп-тұғын. Әр мақаладан жас қаламгерлердің жалын атқан сезімі байқалатын. Айдарларының өзі ерекше: «Менің анам», «Біз де студент болғанбыз», «Мен қалай үйлендім?..», «Мамандығымызды өзгертеміз», «Сіз қайда жүрсіз?»… Әрқайсысы оқырманды жетелей түсіп, кейіпкерінің ішкі жан дүниесіне үңілдіре кететін. Себебі тілі жеңіл, оңай оқылатын шынайы болатын.

Бүгін де «AR-AI» өзі салған соны соқпақпен келе жатыр. Дегенмен уақыт талабымен келген жүйе – мемлекеттік тапсырыс орындау арқылы қаржы табу тәсілі елдегі барлық басылымның бағын байлап-ақ жатыр. Мемлекеттің ақпараттық саясатын насихаттайтын өнім көбейіп, еркін тақырыптарға, сыни мақалаларға орын беру соңғы жылдары қиындап кетті. Осы «тұсау» «AR-AI»-дың да адымын аштырмай келеді. Өкімет өз еркіне жіберсе, бәйгеге шабатын жарау аттай желмен жарысқалы тұр.

Өткенге қайта оралсақ. 2006 жылы Таразға оралғаннан кейінгі еңбек жолым түрлі басылымдардан басталды. Әуелі қалалық газет, кейін облыстық «Aq jol», сосын Алматы мен Қордайдағы қызметтер… Тілшілердің ұстаханасындай бір-бір мектеп болған олардың әрқайсысы өз тәжірибесін берді. Бірақ менің жүрегімнің төріне біржола орныққан басылым – «AR-AI».

Бұл газетке мен алғаш 2013 жылы келдім. Алдымен шығармашылық топтың жетекшісі, кейін тілші болып еңбек еттім. 2017 жылы тағдыр мені осы қарашаңыраққа қайтадан алып келді. Сол сәттен 2024 жылдың наурызына дейін жастар басылымымен бірге болдым. Оған дейін келіп кеткенімді қоса есептесем, мұнда тоғыз жылға жуық табан аудармай еңбек етіппін. Осыншама уақытта «AR-AI»  менің екінші үйіме айналды.

Осы жылдар ішінде мен жауапты хатшыдан бастап, бөлім меңгерушісі, кейін бас редактордың орынбасары қызметін атқардым. Бұл жерде мен журналист ретінде ғана емес, ұйымдастырушы, жетекші, нағыз команда мүшесі болып қалыптастым. Газет шығару ісінің бүге-шігесіне дейін араластық. Ұжыммен бірге түн ортасына дейін айтысып-тартысып, әр мақалаға мұқият қарап, тіпті таңға жуық газет нөмірін шығарып салған кездер де әлі күнге дейін есімде. Қысқасы, «AR-AI»-дың әрбір саны мен үшін тек газет емес, үлкен өмір мектебі болды.

Тілші ретінде ең есте қалған сәттердің бірі – медициналық колледждің заңсыз қызметі туралы жазған мақаламыз еді. Бізге түскен шағымдарды зерттеп, сол кездегі әріптесім Саятхан Сатылғанов екеуіміз мәселені тереңірек қаздық. Алдымен мен зерттеген мақала жарияланғаннан кейін үлкен резонанс туды. Олар «сотқа береміз» деп біраз бұлқынғанымен, шындықты бүркемелеуге шамалары келмеді. Себебі өзі басқа бір колледж ғимаратының бір бұрышын жалға алып, сырттай бала оқытып отыр. Құжат жүзінде ғана. Ондай жерде қандай білім болсын?! Олар басқа-басқа, болашақ дәрігерлерді «даярлап» отыр! Кейін Саятхан да аямады. Ақыры прокуратура араласып, әлгі оқу орны жабылып тынды. Сол кезде журналистің сөзі де бірнәрсе өзгерте алатынына анық көзім жетті.

Мұндай сәттер маған «AR-AI»-дың миссиясы тек ақпарат тарату емес, әділдікті қорғау екенін де ұқтырды. Сол сәтте «AR-AI»-дың қатқыл шыққан даусы қоғамдағы әділетсіздікті, жүгенсіз кеткен жемқорлықты, бақылаусыз қалған білім беру жүйесін түзетуге ықпал еткеніне көзім жетті. Ал сол кезде тілшілеріне дем беріп, қолдау білдірген бас редактор Гүлнұр Ембердиеваныкі де ерлік. Бұл – жастар газетінің шын мәніндегі миссиясы еді. Тізе берсек, мысалға жарайтын мұндай мақалалар жетіп-артылады. Өңірге ғана қатысты емес, елге ортақ ұлттық руханиятымыздың, баға жетпес құндылықтарымыздың қорғаны да болып жүргені жұртқа аян.

Жалпы, «AR-AI» – менің ең ұзақ еңбек еткен ұжымым. Ол сонысымен де ыстық. Мұнда еңбек ете жүріп, мен баспаналы болдым, балаларым дүниеге келді, шынайы достар таптым. Әріптестермен бірге шаттанып, қуаныштарымызға бірге қуандық, қиындықты да бірге жеңдік.

Бір сөзбен айтқанда редакциядағы достық атмосферасы, әдемі аурасы, сыйластық әзілі, әріптестердің бір-біріне деген шынайы қолдауы – бәрі менің нағыз жастық шағымның жылнамасының ең әдемі беттеріне айналды. Қазір әріптестерімнің біреуін кезіктіріп қалсам, тұтас редакцияны көргендей елжірей кетемін.

Газет әкімдіктің қарамағынан бөлініп, жеке серіктестікке айналған кез де есте қалды. Бұл кезеңде газет жаңа тынысын аша алды. Әсіресе, директор-бас редактор болған Масат Берік редакцияға тың серпін әкелді. Табандылығының арқасында газеттің таралымы 12 мың данаға дейін жеткен. Қызметкерлер үшін көтермеақы мен сыйақы, материалдық қаржылай қолдау жүйесі енгізілді. Сөйтіп, шаңырақ көтергендер мен сәбилі болғандарға қаржылай қолдау көрсетіле бастады. Әрине, бұл өзгерістер ұзаққа созылмаса да, алдына мақсат қойып, ынталанса «AR-AI»-дың қандай деңгейге көтеріле алатынын дәлелдеп берді.

Айтпақшы, Масат ағаның кезінде сол кездегі бас редактордың орынбасары Т.Сұлтанбек екеуіміз (мен ол кезде жауапты хатшымын) ауыл жастарының тыныс-тіршілігін түгел қамтитын «Ахуалың қалай, ауыл жасы?» деген керемет жобаны жүзеге асыра алдық. Облыстың барлық ауданын, шалғай ауылдарын аралап, жастармен кездесіп, олармен еркін форматта әңгімелесіп, іштегі сырларын тыңдап, проблемаларына қанығып, сол сапар қорытындысын газеттің айқарма бетіне беретінбіз.

Қалай десек те, басылымның әр кезеңінде оның тізгінін ұстаған бас редакторлардың әрқайсының өзіндік қолтаңбасы қалды. Болат Бекжанов, Оралхан Дәуіт, Гүлнұр Ембердиева, Масат Берік, Дәулет Төленді, Біржан Сөктай – әрқайсысы газетке өз өрнегін салып кетті. Олардың әрқайсысымен бірге жұмыс істеу – мен үшін үлкен мектеп болды. Тек марқұм Болат аға мен Орекеңнің кезінде жұмыс істемеппін. Әрине, жамбылдық жастар басылымы айтылған жерде алғашқы редактор Болат Бекжановтың есімі ойға алдымен оралады. Қарамағында қызмет етпесек те, ағаның үйретері көп еді. Тың тақырып табудың қас шебері. Тақырып тауып бергеннен бастап мақаланың бетке шыққанға дейінгі қым-қуыт тірлігін қадағалап отыратыны – бір өзі бір мектеп болғанының анық дәлелі ғой.

Қазір басылымның тізгінін ұстап отырған Тұрсынбек Сұлтанбекпен де сонау «ақжолдық» жауынгер шақтан тізе қосып, ақ-адал еңбек еттік.

Қысқасы «AR-AI»-дың әр кезеңі – тұтас тарих. Бұл журналистік мектептен қаншама талант түлеп ұшты, бүгінде олардың біразы республикалық басылымдарда, түрлі салада биік белестерден көрініп жүр.

Міне, бізді шыңдаған, есейткен, ес кіргізген кішкентай «AR-AI» қанатын кеңірек жайып, биікке ұмтылар шақ – 20 жасқа толып отыр. Жиырма жыл бойы ол жастардың жүрегіне от жақты, ойын өрістетті, талай таланттың томағасын сыпырып, қанатын қатайтты. Солардың бірі болу – мен үшін үлкен бақыт.

Қазір мен Астанада, елдің үні «Egemen Qazaqstan» газетінде аға тілші болып еңбек етіп жүрмін. Ақорда, Үкімет, Парламент, Сыртқы істер министрлігінің пулындағы тілшісі ретінде БҰҰ, ШЫҰ, ТМД, АӨСШК, ЕАЭО сынды іргелі жаһандық, аймақтық ұйымдардың шеңберіндегі Президент, Премьер-министр, Сыртқы істер министрі қатысқан талай іс-шарада жүргенде «AR-AI» мені де жақсылап баптаған екен деп іштей көңіл марқаяды. Шүкіршілікпен риза боласың. Өйткені бұл газет менің кәсіби мектебім ғана емес, өмірімнің ең бір жарқын кезеңдерінің де куәсі болды.

... Редакция дәлізіндегі дәуреннің бәрі көңіл төрінде тұр.

Жасұлан СЕЙІЛХАН,
республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің аға тілшісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар