Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Биіктен көргіміз келеді

Биіктен көргіміз келеді
Автор
Облыстық «АR-AI» жастар газетінің ақпарат кеңістігінде 2005 жылы қара күзде пайда болуы рухани өміріміздегі белгілі оқиға болды. Оны көзіміз көрді. Ең алғашқы бас редакторы Болат Бекжанов деген біздің тамаша әріптесіміз, бауырымыз. Үлкен жүректі азаматтың бастамасымен осы газеттің алғашқы нөмірі жарық көрді.

Негізі газет шығару азапты дүние, машақаты көп жұмыс. Оны басымыздан өткендіктен айтып отырмын. Оның ішінде жоқтан бар жасап, облыс көлемінде жастарға арналған, жастардың өмірін көрсететін, жастардың тілегін тілейтін, барын әспеттеп, жоғын жоқтайтын басылымды жарыққа шығару бұл ерекше оқиға болды. Республика көлемінде жастар газеті шығатын аймақтар ол кезде болған жоқ. Болат Бекжановты «АR-AI» газетінің бас редакторлығына дейін журналист ретінде танитынбыз. Оның бер жағында сатирасы, өлеңдері бар. Солар арқылы білетінбіз. Әңгімешіл, елмен тіл табысқыш, алысты болжай алатын азамат еді. Ал енді оның редакторлығы жөнінде таңды таңға ұрып айта беруге болады. Әрине, Болат оған дейін басылымдарды басқарып көрген жоқ. Оған облыс басшылығы тарапынан үлкен сенім артылып, жаңадан ашылып жатқан «АR-AI»-дың  тізгінін ұстатты.

Әлі есімде, 2005 жылы біз бір топ журналист Астанаға бардық. Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары жетекшілерімен мемлекетіміздің алғашқы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуі жоспарланған болатын. Жамбылдық делегацияның құрамында облыстық, қалалық, аудандық газеттердің бас редакторлары бар. Мен ол кезде Сарысу аудандық газетінің бас редакторымын. Сол сапарда Болат екеуміз бірге жүрдік. Бас прокуратурада жұмыс істейтін жиенінің үйінде қонақта болдық. Алғашқы күні сол тұста «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамын басқаратын жерлесіміз Жақсыбек Құлекеев бізді қабылдап, үлкен кездесу өткізді. Одан кейін сол кездегі «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезіне қатыстық.

Жиналыста облысымыздың әкімі Бөрібай Биқожаұлы Жексембин баяндама жасаған соң, бізді Ақордаға арнайы көлікпен алып кетті. Сол жерде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты күттік. Шамасы түске дейін, сағат он екілер шамасында қабылдау басталды. Сағат бірге дейін созылған кездесуде әр өңірден барған журналистерге сөз берілді. Біздің облыстың атынан тек Болат Бекжанов сұрақ қойды. Ол жастар мәселесіне қатысты сауалын жолдаған еді. Президент оған кеңінен, толымды жауап қайтарды.

Сапар барысында біз Астанада үш-төрт күндей болдық. Сол уақытта мен Болаттың нағыз редактор ретінде газетке деген жанашырлығын көрдім. Ол кез ұялы телефонның енді-енді шыға бастаған шағы. Қазіргі сенсорлы емес, тек сөйлесуге арналған қарапайым телефон. Болат Бекжанов сол телефон арқылы редакциядағы жауапты хатшымен, орынбасарымен сағат сайын сөйлесіп, әр беттің орналасуын, мақалалардың тақырыптарын жіті қадағалап отырды. Газетке деген осындай ықыласын көргенде: «Мұндай редактор басқарған басылым жаман болмайды» деген ой түйдім.

Мен өзім де тәжірибелі журналист, редактор болғандықтан, оның еңбегін айрықша бағаладым. Болаттың басқаруындағы «АR-AI» жастар газеті алғашқы санынан-ақ оқырманын баурап алды. Газеттің безендірілуі ерекше, мақалалардың тақырыптары айқайлап тұрды. «Мені оқы» деп шақырып тұрғандай әсер беретін. Бұл басылым жастарды топтастырып қана қоймай, оларды журналистикаға баулыды, тәрбиеледі. Бүгінде танымал болған талай журналист сол мектептен шықты. Мәселен, Хамит Есаман, Табиғат Абаилдаев сияқты жігіттердің өсіп-жетілуіне осы басылымның ықпалы зор болды.

Бір мысал келтірейін. Қазіргі «АR-AI» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек кезінде Сарысу аудандық газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған. Ол мектепті жаңа ғана бітірген жас бала еді. Өзім оны алдымен корректор қылып қабылдап, кейін тілші, бөлім меңгерушісі, артынан жауапты хатшы етіп тәрбиеледім. Бір күні Болат маған хабарласып: «Көке, осы баланы маған берсеңізші, талантты сияқты, өзім тәрбиелейін», – деді.

Болат Бекжановпен арамыз ағалы-інілідей, шығармашылық әрі рухани жақындығымыз бар еді. Шынымды айтсам, бір-екі үздік журналисімді облыстық «Aq jol» газеті алып кеткен болатын. Ол заманда әр газет дербес еді, қазіргідей бір холдингке қарамайтын. Әр редактор шешімді өзі қабылдайды. Қаржылық та, кадрлық та, шығармашылық мәселелер де соған байланысты. Содан мен баламды алып кетейін деген Болатқа ренжідім.

«Мені газетімді құшақтатып айдалада жалғыз өзімді қалдырайын дедіңдер ме? Анау «Aq jol» адамдарымды алып кетті, енді сен де қолымдағы баламды сұрап отырсың. Сенде шығармашылық орта бар ғой. Бүкіл көзі ашық, білімді жастар Таразда шоғырланған, солардың арасынан іздемейсің бе? Мен неге жанымды қинап отырмын?» – дегенім есімде.

Әрине, жастардың өскеніне қуанамын, қарсы емеспін. Бірақ маман тапшылығынан қиналғаным рас. Сонда Болат: «Көке, әңгіме жоқ. Мен ол балаға тиіспеймін», – деп уәде берді.

Шындығында, оның бар ойы – «AR-AI» газетін түрлендіру еді. Жас журналистерді әр аймақтан тарту тәсілі де тегін емес. Бұл әдіс Шерағаңнан басталған, бірақ оны барлық редактор қолдана бермейтін. Әр өңірдің өзіне тән тілдік бояуы, шығармашылық ерекшелігі болады. Соларды тоғыстыра отырып, газеттің мазмұнын байытуға болады. Болаттың көрегенділігі де осында. Бүгінде Тұрсынбек Сұлтанбек «AR-AI»-ды табысты басқарып отыр.

Менің пікірімше, «AR-AI» әлі күнге дейін өз жолынан жаңылған жоқ. Ол жастардың сүйікті басылымына айналды. Рас, қазір бұқаралық ақпарат құралдары үшін, әсіресе баспасөз үшін қиын кезең. Әлеуметтік желілер күшейіп, газет-журналдың таралымы төмендеді. Көпшілік басылымға назар аудармайтын жағдайға жетті. Бірақ осындай заманда да «AR-AI» өз орнын, беделін, берекесін сақтап келеді. Ол елдің рухани өміріне әлі де қызмет етіп отыр.

Аға журналист ретінде айтарым – жиырма жыл деген жігіттің жасы ғой. Бұл – нағыз жігіттіктің басталатын кезеңі. Сондықтан «AR-AI» әлі түрленеді, мазмұнын тереңдетеді, оқырманның көңілінен шығады деп сенемін. Ол мемлекеттік ақпараттық саясатқа да өзіндік үлесін қосып, табыстарға жетеді.

Жиырма жылдың ішінде «AR-AI»-да еңбек еткен талай азаматтарды білемін. Олардың көбісімен әлі де шығармашылық байланыстамын. Мәселен, ауылдың бір түкпірінен келген Есет Досалыны Болат шақырып, тәрбиеледі. Бүгінде ол – облысымыздың бетке ұстар журналистерінің бірі. Бұған дейін айтқан Хамит Есаман, Табиғат Абаилдаев сияқты жігіттер де осы мектептен шықты. Бұдан бөлек талай қыз-жігіттің есімі бар, бәрін бірдей тізбесем де, барлығының шығармашылық әлеуетін жақсы білемін, құрметтеймін.

Сондықтан «AR-AI» бір жағынан жастарға арналған басылым болса, екінші жағынан жас журналистердің шынығып, шыңдалатын мектебі. Қазір «Aq jol» сияқты аға газеттерде еңбек етіп жүрген көптеген қыз-жігіттер осы «АR-AI»-да қалыптасқан. Мұны мен газеттің шынайы жетістігі, Болат Бекжанов бастаған редакторлық мектептің жемісі деп бағалаймын.

Бүгінде осы басылымның бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек– Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалы төрағасының орынбасары. Ал «АR-AI»-дың тағы бір талантты жас қызметкері, менің шәкіртім – Ақтоты Жаңабай облыстық филиалдың жауапты хатшысы. Көрдіңіздер ме, олар күнделікті машақаты мол өз жұмысымен қатар, қоғамдық істерге де белсене араласып, журналистер ұйымына қолдау көрсетіп жүр. Оның үстіне бұл жұмысты ренжімей, керісінше шығармашылықпен, үлкен белсенділікпен атқаруда. Бұған менің ризашылығым шексіз. Өйткені мұның артында «АR-AI»-дың мектебі тұр. Демек, «АR-AI»-дың ең бірінші жетістігі – ондағы жігіттер мен қыздардың мықтылығында.

Қазір «АR-AI» газеті – «Aulieata-Media» деп аталатын облысымыздағы ірі холдингтің бір бөлігі. Оның төңірегіне облыстық «Aq jol», «АR-AI», «Знамя труда» газеттері, «Tekturmas» журналы және «Jambyl Info» ақпарат агенттігі топтасқан. Холдинг – облыстағы ең мықты басылымдардың басын біріктірген іргелі ұжым.

Журналистер одағының облыстық филиалы өзінің қоғамдық қызметінде осы үлкен ұжымның басшылығы мен қызметкерлеріне жиі арқа сүйейді. Әсіресе, журналистерді марапаттау, шығармашылық бәсекелестікті арттыру, түрлі көтермелеу шараларын ұйымдастыру кезінде біз әрдайым осы азаматтармен ақылдасып отырамыз. Өйткені Журналистер одағы мүшелерінің басым бөлігі, әрі белсенді, талантты бөлігі осы холдингтің төңірегіне шоғырланған.

Жиырма жылдық тарихы бар «АR-AI»-ға шығармашылық табыс тілеймін. Еңбектеріңіз жана берсін! Біздің жас журналистеріміздің еңбегі жарқырап көрінсін! Олар біздің жолымызды жалғап, еліміздің өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына өздерінің шығармашылық үлестерін қоса берсін!

Құрметті «арайлықтар», жас әріптестерім! Сіздерді әрдайым биіктен көргіміз келеді. Сол биіктен көрінетіндеріңізге сенемін.

Жаңабай МИЛЛИОНОВ,

ҚР Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы,

облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директоры – бас редактор

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар