Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жұлдыздың жұлдызы жанды

Жұлдыздың жұлдызы жанды
Автор
Астана қаласында Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұйымдастырған дәстүрлі «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Биылғы байқауда «Үздік телебағдарлама» номинациясы бойынша бас жүлдені облыстық «JambyL» телеарнасының редакторы Жұлдыз Бейсекова жеңіп алып, 1 000 000 теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды. Жеңімпаз ұсынған тележоба мазмұнының тереңдігімен, қазақ тілін насихаттаудағы өзіндік тәсілдерімен ерекшеленіп, қазылар тарапынан жоғары бағаланды.

Аталған байқау – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, қазақ тілінің қоғамдық рөлін арттыруға, сондай-ақ БАҚ арқылы ана тілімізге деген қызығушылық пен құрметті күшейтуге бағытталған маңызды бастама. Жыл сайын ұйымдастырылатын байқауға кәсіби журналистермен қатар, теле-радио арналар, газет және интернет-басылымдардың ұжымдары, тіл мәселелеріне бейжай қарамай, мемлекеттік тіл жайлы материалдар жариялаған белсенді азаматтар да қатысады.

Биылғы байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 120-дан астам өтінім түсіп, қазылар алқасының қарауына «Үздік мақала» және «Үздік теле-/радиобағдарлама» номинациялары бойынша барлығы 196 журналистік материал ұсынылыпты. Материалдардың мазмұнына, өзектілігіне, тіл тазалығы мен стильдік шеберлікке ерекше мән берілген.

– Мемлекеттік тіл – біздің ұлттық болмысымыздың өзегі, рухани тұтастығымыздың тірегі. Тіл тақырыбын көтеру – жай ғана тақырып таңдау емес, бұл – жауапкершілігі зор миссия. Мен үшін бұл байқауда жеңіске жету – ең алдымен ұжымдық еңбектің, бірлесе атқарған ісіміздің жемісі. Журналистикада жүрген әріптестерім жақсы біледі, тіл мәселесіне қалам тербеу үшін терең ізденіс, нақты дерек, шынайы ұстаным керек. Біз жасаған бағдарлама тек ақпарат беріп қана қоймай, көрерменге ой салуды, ана тілімізге деген ықыласты оятуды мақсат етті. Сондықтан еңбегіміз бағаланып, осындай құрметке ие болу – мен үшін үлкен мәртебе әрі шабыт. Тіл саясатын ілгерілету жолында тынбай еңбек етіп жүрген барлық журналистерге алғысым шексіз. Бұл жеңіс – тек менің емес, барша тіл жанашырларының ортақ жеңісі, – деді Жұлдыз Асқарқызы.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар