
Қазақстандық ғылыми қауымдастық үшін айтулы жаңалық — «Economy: Strategy and Practice» ғылыми журналы Scopus халықаралық деректер қорына ресми түрде қабылданды. Бұл – еліміздің әлеуметтік-гуманитарлық бағытындағы тұңғыш әрі әзірге жалғыз экономикалық журналының халықаралық деңгейде мойындалуы.
Журнал ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Экономика институтының ғылыми алаңында жарық көреді. Оның Scopus базасына енуі — отандық экономикалық ғылымның сапалық тұрғыда өскенін, сондай-ақ халықаралық академиялық стандарттарға сәйкес келетінін көрсетеді.
«Economy: Strategy and Practice» қазіргі экономиканың өзекті бағыттарын қамтиды:
- инновациялық даму,
- цифрлық трансформация,
- аймақтық экономика,
- әлеуметтік саясат
- және тұрақты даму стратегиялары.
Журналдың басты мақсаты — қазақстандық ғалымдардың еңбектерін халықаралық ғылыми айналымға енгізіп, олардың ғылыми беделін арттыруға ықпал ету.
Жетістік кездейсоқ келген жоқ. Бірнеше жыл бойы редакциялық алқа мен институт зерттеушілері журнал мазмұны мен сапасын арттыру, рецензиялау жүйесін жетілдіру және ғылыми беделін көтеру бағытында жүйелі жұмыс жүргізді.
Атап өтерлігі, журналдың Scopus базасына өтуіне бас редактор, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ардақ Несіпбекқызы Тұрғынбаеваның еңбегі зор. Оның кәсібилігі мен стратегиялық көзқарасы бұл үдерісті тиімді басқаруға мүмкіндік берді.
Бүгінде журнал ашық қолжетімділік (Open Access) форматында жұмыс істейді. Бұл — ғылыми мақалаларды еркін таратуға, отандық зерттеушілердің еңбектерін халықаралық қауымдастыққа кеңінен таныстыруға жол ашатын маңызды қадам.