Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Вакцинация – ұлт денсаулығының кепілі

Вакцинация – ұлт денсаулығының кепілі
Автор
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликова вакцинацияның маңыздылығы туралы баяндама жасады.

Маманның айтуынша, иммундау – әлемдік денсаулық сақтау саласындағы ең үлкен жетістіктердің бірі және ол жыл сайын миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Бүгінде аса жұқпалы, өмірге қауіпті аурулардың алдын алуға мүмкіндік беретін 30-дан аса вакцина қолжетімді.

– Иммунизация – әлемдік денсаулық сақтау саласындағы табысты тарих. Вакциналар организмнің табиғи қорғаныс күштеріне әсер ете отырып, аурулардың алдын алады. Ұлттық егулер күнтізбесіне сәйкес, вакцинация сәби дүниеге келген күннен басталып, әр жаста белгілі бір уақыт аралығында жалғасады. Туғаннан кейінгі алғашқы күндері нәрестелерге туберкулезге және В гепатитіне қарсы алғашқы қорғаныс беріледі. 2 айлық кезеңнен бастап дифтерия, коклюш, сіреспе, Хиб-инфекция, полиомиелит және пневмококк инфекцияларына қарсы базалық иммунитет қалыптасады. Ал 1 жасында балаға қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке (свинка) қарсы вакцина салынып, ревакцинациялар жүргізіледі. Мектеп жасында дифтерия мен сіреспеге қарсы қайта егу жалғасады. Қыз балаларға адам папиллома вирусына қарсы екпе салу жатыр мойны обырының алдын алады, – деді Неили Орынбасарқызы өз баяндамасында.

Оның айтуынша, вакцинация тек балалар үшін ғана емес, ересектер үшін де аса маңызды. Бұл – жұқпалы аурулардың таралуын тоқтатудың, індеттің алдын алудың ең сенімді жолы. Вакцинация арқылы қоғамда ұжымдық иммунитет қалыптасып, дерттің өршу қаупі азаяды. Бұл әсіресе иммунитеті әлсіз немесе белгілі бір себептермен екпе қабылдай алмайтын адамдар үшін маңызды қорғаныс болып саналады.

– Вакциналар балалар мен ересектерді қауіпті асқынулар мен өлімнен қорғайды. Сонымен қатар, вакцинация денсаулық сақтау жүйесіне түсетін салмақты азайтады. Яғни, алдын ала қорғану арқылы ауруды емдеуге жұмсалатын шығындардың алдын аламыз. Вакцинация – экономикалық жағынан да тиімді тәсіл. Алайда кез келген екпе жасамас бұрын дәрігердің тексерісінен өту маңызды. Бұл екпенің қауіпсіз әрі тиімді өтуін қамтамасыз етеді, – деп толықтырды спикер.

Баяндамашы әсіресе ата-аналарды балаларын вакцинациялауға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Оның айтуынша, кей жағдайларда екпе салдыруға қатысты жалған ақпараттар мен қауесет сөздерге сеніп, уақытылы вакцина жасатпаған отбасылар кездесіп жатады. Бұл – қауіпті үрдіс. Себебі вакцина тек бір баланы емес, бүкіл қоғамды қорғайды.

– Біз ата-аналарды балаларына уақытылы екпе салдыруға, белгіленген мерзімдерді бұзбай сақтауға, екпелер туралы ақпаратты тек ресми және сенімді дереккөздерден алуға шақырамыз. Бүгінде қауіпті инфекциялардың алдын алуға мүмкіндік бар кезде, одан бас тарту – өз өміріңізге және балаңыздың болашағына қауіп төндірумен тең, – деді Н.Муликова.

Маманның сөзінше, егулер күнтізбесін сақтау – бұл тек жеке қауіпсіздік емес, қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілік. Себебі аурудың таралуы бір ғана адамның екпеден бас тартуынан да басталуы мүмкін.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар