
Жиынды облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек ашып, Түркиядан келген әріптестерге ерекше ілтипат білдірді.
– Бұл – стратегиялық маңызы бар басқосу. Жиын медицина саласының дамуына тың серпін береді. Құрметті әріптестер, қадірлі меймандар! Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – Қазақстан мен Түркия арасындағы медициналық білім берудегі ынтымақтастықты нығайту. Халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасу – заман талабы. Бұл жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, тәжірибелік оқытудың сапасын жақсартуға ықпал етеді. Ынтымақтастығымыз табысты болсын, – деді басқарма басшысы.
Кездесу барысында екі тарап білім беру бағдарламаларын жетілдіру, тәжірибелік оқытудың тиімді әдістерін енгізу, заманауи медициналық технологияларды қолдану және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы ортақ бастамаларды талқылады.
Халықаралық ынтымақтастықтың бұл қадамы медициналық білім беруді интеграциялауға, ғылыми-зерттеу әлеуетін кеңейтуге және кәсіби мамандар даярлау ісін жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Сонымен қатар, бұл бастама Қазақстанның медициналық кадрлар даярлау жүйесін жаһандық білім кеңістігіне жақындатуға және түрік тәжірибесінің озық үлгілерін енгізуге мүмкіндік береді.
Жамбылдан бастау алған Қазақстан – Түркия ынтымақтастығы тек аймақтық деңгейдегі емес, халықаралық маңызы бар көпірге айналуда. Бұл бастама жас мамандардың кәсіби өсуіне жол ашып, екі ел арасындағы білім мен ғылымдағы өзара ықпалдастықтың нығаюына негіз қалайды.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз қызметі