Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаламның қасиетін ұғындырған басылым

Қаламның қасиетін ұғындырған басылым
Автор
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде үшінші курста оқып жүрген кезім. Оқу орнының қабырғасында жүргенімде арагідік жазғандарымды облыстық «Ар-Ай» жастар газетіне апарып жүретінмін. Содан бір күні «Желтоқсан көтерілісі ме, әлде бейбіт шеру ме?» деген мақаламды жазып бардым. Редактордың орынбасары Гүлнұр Ембердиева қабылдап алып, хабарласатындықтарын айтты. Арада бір жеті өткенде «Ар-Ай» газетінің жаңадан жарық көрген санын ашып қарасам, мақалам шығып тұр. Кеудемді қуаныш сезімі кернеп, таныстарыма көрсетіп мақтанып жатырмын. Алайда сол мақалам жастар арасында түрлі пікір тудырды. Тіпті, «Тәуелсіздік таңын атырған ұлт азаттық көтерілісті бейбіт шеру деп қалай жазуға болады» деп сынағандар да болды. Алайда бұған мен мойымадым. Керісінше өз-өзімді қамшылай түстім.

Содан бір күні «Ар-Ай» газетінің негізін қалаушы, сол кездегі редакторы марқұм Болат Бекжанов ағамыз хабарласып, желтоқсан жайлы жазған мақаламды мақтап,  жұмысқа алатындығын айтты. Студентпін. Білгенімнен білмегенім көп. Десе де тәуекел етіп, жұмысқа кірісіп кеттім. Алайда газеттің соншалықты бейнетпен шығатынын сол кезде түсіндім.

Әрине, жас журналист болғаннан кейін жазған дүниең сан түзетіледі. Басылымда жүргеніме екі-үш күн болып қалған. Бас редактордың орынбасары Гүлнұр Ембердиева жиналысқа жіберді. Шараға қатысып, жазып келген едім, оқып шығып, қайта жазуды тапсырды. Шыны керек, сол күні туыстарымның тойы болатын болып ертерек шықсам деп қамданып жүргенмін. Алайда редактордың орынбасары бір ақпаратты он бес рет қайта жаздырды. Апарған сайын қай жері дұрыс емес екенін де айтпайды. «Қайта жаз» деп қайыра береді. Содан  ашуға булығып алдына он бесінші рет жазып бардым. Оқып шығып «Енді газетке жарайды» деп шығарып салды. Ол кезде той бітетін уақыт болған. Басымды салбыратып үйге қайттым. «Келесі жолы тағы өстісе, жұмыстан кетемін» деп қоямын ішімнен бұрқылдап. Сөйтсем, қайта-қайта жаздырып редактордың орынбасары мені шыңдап жатыр екен ғой. Оны кейін түсіндік қой.

Қолыма дипломымды алғаннан кейін екі жыл қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінде істеп, «Ар-Ай» газетіне қайта оралған кезімде редакторлық қызметте Гүлнұр Ембердиева әпкеміз отырды. Ол кісі сыни материалдарды басудан қашпайтын. Мақала өткір болған сайын газеттің бірінші бетіне шығаратын. Ол тұста Тараз қаласының әкімі қазіргі сенатор Бекболат Орынбеков ағамыз еді. Содан «Ар-Ай»-дағы жұмысыма қайта кіріскен бойда Тараз қаласы негізгі нысанама айналды. Нөмір сайын Тараз қаласының тыныс-тіршілігі туралы сыни материалдар жариялаймын. Арасында тіпті «Тортаев бастаған тірлікті, Орынбеков ондыра ма?» деген секілді өткір де материалдар жазылды. Бір күні облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары ауысатындығы, оның орнына Тараз қаласының әкімі Бекболат Орынбеков тағайындалатындығы туралы ақпар тарады. Бұл жаңалық үстіме мұздай су құйып жібергендей әсер етті. «Біткен жерім осы» деп ойладым. Қызметке келген бойда мені бірінші жұмыстан босатады деп іштей кетуге дайындалып жүрмін. Арада бір жеті өткенде облыс әкімінің жаңа орынбасары редакцияларды аралап жүргені, «Ар-Ай» газетіне де кіретіндігі туралы хабар келді. Бас редактордың кабинетінде қаз-қатар отырмыз. Кенет кеңсеге кіріп келген Бекболат ағамыз «Сатылғанов деген кім?» деді қатал дауыспен. «Мен, аға» деп орнымнан тұрып едім, жанарыма бір қарады да «Сенің жазған материалыңнан қанша адам сотталып кеткенін білесің бе? Әрбір мақаланың артында адам тағдыры тұр. Журналист мәселе көтергенде осыны да ескергені жөн», - деп шорт қайырды. Сол кездесуден кейін Бекболат ағамыз не айтқысы келді деп сан ойландым. Кейін түйгенім «таяқтың екі ұшы бар, соның бір ұшы өзіңе де тимесін» деген ағалық жанашырлығы екен ғой деп түсіндім. «Ар-Айда» жүрген одан кейінгі жылдарымда да сан сыни мақала жаздым. Алайда әрбір мақалама ұқыппен қарап, ішкі эмоциядан гөрі дәлел мен дәйекке басымдық беруді ұйғардым.

«Ар-Ай» газетін  «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалына жетекшілік еткен Масат Берік ағамыз басқарған тұста да талай қызық болды. Орда бұзар отыз жастың жотасына келіп қалсам да сол кезде әлі Астана қаласын көрмеген едім. Басқа қалаларға түрлі іссапармен барып жүрсек, елордаға бір жол түспепті. Содан  «ЭКСПО-2017» көрмесі өтетін болып, соған Масат аға журналистр жіберемін деп шешті. Редакторымыз сөзін «Кім Астананы көрмеді?» дегеннен бастады. Әріптестерімнің бәрі үнсіз. «Мен көрмедім» дедім бір кезде орнымнан тұрып. Масат аға: «Әй, сен әлі Астанаға бармадың ба? Болды, іссапар қағазын дайындаңдар, ертең жолға шығасың» деп тапсырды. Осылайша отыз жылда көрмеген Астанаға бір күнде аттанып, «ЭКСПО» көрмесін тамашалап қайтқан едім. 

Міне, «Ар-Ай» газетінде жүрген жылдарымда үш редактормен қызмет ету бақыты бұйырды. Әрине, сынаптай сырғыған уақытқа әмір жоқ. Биыл журналистикадағы алғашқы мектебіме айналған, қаламның қасиетін ұғындырған сүйікті басылымымыз 20 жылдық белесіне жетіп отыр.

«Ар-Ай» газеті бүгінде түрленіп, жаңа кейіпке енді. Мақалалардың мазмұны тереңдеп, талантты жас журналистердің  легі шоғырлануда. Олардың басында әріптесіміз, талай жыл «Ар-Ай» газетінде бірге жұмыс істеген бауырымыз редактор Тұрсынбек Сұлтанбеков тұр. Осындай мықты журналистер қауымы газеттің өміршеңдігін ұзартып, тек жетістіктерге жетелейтіндігіне бек сенімдімін.

Қанатымызды қатайтып, журналистика әлеміне желкен кергізген басылымның 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Ұғыныстыққа ұмтылған ұжымның бірлігі әрдайым бекем болсын!  Жастар үнпарағы биіктен биікке жетіп, жүз жылдық  белесін көруді жазсын!

Саятхан Сатылғанов,
«Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар