
«Үйді жөндеп жатыр едік, ауладан динозавр тауып алдық. Келесіңдер ме?» деді ар жақтағы кісі даусы құмығып. Фототілші екеуміз айтылған мекенжайға сүт пісірім уақытта жетіп бардық. Әлгі үйге кірсек, қаңқасы бейтаныс мақұлық далада жатыр. Бір қарағанда шынында да «динозавр» секілді көрінді. Содан...
Содан бұл жаңалық аудан аумағында қалып қоймасын деген ниетпен бірнеше басылымға жолдап жібердім. Соның бірі – «Ар-Ай» жастар газеті. Ақпарат басылым бетінде жарқ еткен соң жұмыс телефоным тағы безектеп қоя берді. Жастар газетінен хабарласыпты. Шамасы хатшы болса керек. «Бас редакторымыз Болат Бекжанов сізбен сөйлеспекші», деді ар жақтағы дауыс иесі. Сөйлестік. Жұмысқа шақырды.
Бірақ бұл газеттің әр нөмірін оқып жүргенбіз. Газеттің соңғы бетіндегі «хатшы- референт Ғани Сүгірәлиев» деген жазуды оқығанда шалқамнан түсе жаздағам. Түсінік басқа ма, кім білсін? Іштей «Мына Ғани деген еркек адамға «секретарша» болатындай басына не күн туды?» деп өзімше шыр-пыр болғанмын. Кейін білдік қой, хатшының кім екенін...
70 жолдық ақпаратқа бола жұмысқа шақырады деп кім ойлаған? Сөйлескендегі дауыс тым салмақты естілді. Үлкен кісі екені анық. Ал мен 21 жастағы желкілдеген жігітпін. Әлгі кісінің сесі мен мысы басса керек. Екі-үш күн ойландым. Сосын тәуекел деп Таразға тартып тұрдым. Ол кездегі «Әйтиев, 7» мекенжайын дәл табу мұңға айналды. Аула ішінде екенін қайдан білейін? Қасынан әрі-бері оншақты рет өткен шығармын. Ақыр соңында сұлбасы жер үй тәрізді ғимаратқа кірдім. Аудандық газет екі қабатты үлкен ғимаратта орналасқан соң ба, «Ар-Ай»-дың мекемесін олқы көргенім рас...
Хатшы қыз басшыға кіргізді. Жайлы креслосында әрлі-берлі қозғалған Болат аға орнынан тұрды. Қобалжып тұрғанымды сезсе керек, жағдай сұрасқан соң әңгімені бірден бастады. Автобиографиямды толық сұрап отырған бас редактордың мимикасы мен кейбір әрекеті әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Әр нәрсені сұраған сайын жасыл орынтақ қозғалады. Бас бармағы иек тұсын әрлі-берлі шиырлайды. «Жұмысқа қабылдандың» деді.
Журналистер топтасып бір кабинетте отырады екен. Мақала жазуға кірістік. Жастар басылымының мен жұмысқа тұрған алғашқы нөмірінде көлемді деген 5 мақалам жарық көрді.
Аптаның әр бейсенбісінде газетті жоспарлайды. Жауапты хатшы Шолпан Бөгенбаева «Тоғыз жарымнан кешікпеңдер» деді кабинетке келіп бұйрық раймен. Таңғы сегізде жетіп келгенмін. Ешкім жоқ. Сағат тілі тоғызға таяғанда бас редактордың орынбасары, жауапты хатшы, Болат аға және хатшы қыз жұмысқа келді. Мұнда еркіндік бар екен. Қалған тілшілерді Шолпан қайта-қайта қоңырау шалып, шақырып алды. Жиналысымыз 11-де басталды. Алдыңғы нөмірге шыққан материалдар туралы басшы пікір айтып отыр. Қанаттансын деді ме, кім білсін? Зілді үнімен мені мақтады кеп. Қысылып отырмын...
Жиналыстан шыққан соң тағы бір әріптесім: «Қалай жұмыс істейтініңді көрсет енді»,-деді. Кабинетке кірген соң басшы мені ұдайы мақтайтындай өзімді ыңғайсыз сезіндім де, ауылға қайту туралы шешім қабылдадым. Әйтеуір қырық жерден жамауын келтіріп, бір сылтау ойлап таптым. Болат ағаға айттым. «Бұл мәселең бір-екі айда шешілер, мен сені бәрібір жұмысқа алам»,- деді. Жақсы дедім де ауылға қайттым.
Арада бірер ай өткенде Болат аға Құланға келіпті. Редакциямызға соқты. Бас редакторымыз Мұратбек Арыстанбековтың кабинетіне барсам, екі ағам әңгіме-дүкен құрып отыр екен. «Мұрат, мына баланы маған бер. Мұнда ұзақ жүруге болмайды»,-деді Болат аға...
«Ар-Ай»-дағы екі күнге созылған жұмыс күнім мәңгіге аяқталды деп жүргенмін. Сол аралықта газет бетінде ауылдасым Нұрболат Әлдибектің есім-сойы пайда болды. Мен де келдім. Қайыра келген күні бірден Ғани Сүгірәлиевке бардым. Танысқан соң «Өз орныңда отырмайсың ба? Хатшысың ғой» деймін... Сөйтсем, газет бетінде «хатшы-референт» деп жазылғанымен, ол дизайнер екен...
Айтып-айтпай не керек. Мені «Ар-Ай» жастар газетіне «динозавр» әкелген еді. Осында жүріп ой-өрісім кеңейді. Болат Бекжанов ағамның тәлімін алып, танымым толықты. Сайдың тасындай іріктелген жастармен тізе қосып жүріп, талай қызықты бастан өткердік. Дизайнерлер Ғани Сүгірәлиев, Маржан Өсерова, тілшілер Дәулет Төленді, Есет Досалы, Саятхан Сатылғанов, Жасұлан Сейілхан секілді мықты мамандар да «Ар-Ай»-дың мектебінен өтті.
Дәл осы басылымда жүріп, үлкендердің кісілігі мен кішіпейілділігін көрдік. Ағалардың аялы алақанының мейірім-шуағын сезіндік. Балалар әлемінің бағбаны болған Әлдихан Қалдыбаев көкемнің тереңнен толғайтын әңгімелерін құлаққа құйдық. Болат ағаның жастарға деген жанашырлығын сезіндік. Жаяу жүрісте Алтынбек Қартабайдың шаңына ілесе алмайтынымызға көз жетті. Қатты қалжыңға түсіп қалса, Талғат Нұрхановтың бетін өрт шалатынын көрдік. Бір сөзбен айтқанда өмір сабақтарына толы жаңа бір мектептің табалдырығынан сүрінбей өткен секілдіміз.
Расында қазір «Ар-Ай» жастар газеті туралы сөз қозғала қалса, мәңгілік мекеніне аттанған Болат ағамызды сағынамыз. Бөкеңнің: «Әй, сендер білесіңдер ме?» деп басталатын әңгімесі құлақта шыңылдап тұрады. Түске дейін талай әріптесіміз жұмыстан шығып, түс қайта жұмысқа қайтадан қабылданған кездерді қалай ғана ұмытарсың? Бір анығы, Бөкең балалығымыз бен шалалығымызға талай рет ренжісе де, ешкімге тәртіптік шара қолданған емес. Пейілдің кеңдігі деген осы емес пе?
Басылымды әр жылдары басқарған Оралхан Дәуіт, Гүлнұр Ембердиева, Масат Берік, Дәулет Төленді, қазіргі бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков те жастар газетін өрге сүйреуден жалыққан емес. Әрдайым «Ар-Ай»-дың жолы ашық болсын!
«Ар-Ай» қай кезде де десі басым, бәсі биік басылым болғанына ешкімнің таласы жоқ. Өзіне тән даңғыл жолынан ауытқымаған басылым әлі күнге дейін жастардың жанашыры екені даусыз. Жас журналистердің жылы ұясы, ыстық мекеніне айналған редакцияда бүгін де қаламының сертіне берік әріптестер шүмектеп тер төгіп жүр. Редакция есігін үмітпен аттап, үдеріске толы жылдарды бастан өткеретін кейінгі толқын тілшілердің еңсесі түспесін. Жастардың үніне айналған басылымның бағындырар биігі таусылмасын! 20 жылдығың құтты болсын, менің сүйікті «Ар-Ай»-ым!
Табиғат Абаилдаев,
республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің
Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі