
– «Алма фестивалі – бұл тек егін жинау мерекесі емес, сонымен қатар ауылшаруашылығының бай дәстүрлерін және азық-түлік қауіпсіздігінің маңыздылығын көрсетеді. Біз өскелең ұрпақтың ауылшаруашылығына, инновацияларға және халықаралық ынтымақтастыққа деген қызығушылығының артып келе жатқанын көріп жүрміз. Бұл – саланың жарқын болашағына деген сенімді күшейтеді» – деді фестивальдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ауылшаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.
ФАО-ның Қазақстандағы бағдарламалық үйлестірушісі Жаңыл Бозаева фестивальдің Қазақстанда өтуі ерекше символдық мәнге ие екенін атап өтті. Өйткені Іле Алатауы мен Тянь-Шаньның етектері алманың отаны саналады.
«Бұл аймақ табиғи және мәдени мұраның бірегей орталығы саналады. Сондықтан фестивальдің дәл осында өтуі ерекше мәнге ие. Мұндай іс-шаралар тұрақты дамуға бағытталған серіктестікті күшейтіп, жастарды жаңа идеяларға шабыттандырады, сондай-ақ, Қазақстанда және одан тыс жерлерде агроазық-түлік саласын нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін ашады», деді Ж.Бозаева.
Көкөніс және жеміс шаруашылығы институтының аты аңызға айналған қазақстандық «Апорт» сортына арналған «Апорт – әр алманың жүрегі» атты қызықты әрі мазмұнды таныстырылымы фестивальдің ерекше әсерлі сәтіне айналды.
Қонақтар айрықша алма сортының шығу тарихымен және мұрағаттық материалдарымен танысты.
Іс-шарада жастарға ерекше көңіл бөлінді. Жастарды ФАО қызметіне тарту мақсатында тағылымдамалар, еріктілерге арналған бағдарламалар, стипендиялар және мансаптық мүмкіндіктер туралы айтылды.
Фестиваль аясында «Апорт» жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының фермерлері ұсынған үздік алма сорттары мен өнімдері қойылды.
Мереке концерттік бағдарламалармен, би флешмобтарымен, фотозоналармен, шеберлік сабақтарымен, түрлі байқаулармен және баршаға арналған спорттық ойындармен жалғасты.
Жалпы Қазақстандағы алма бақтарының жалпы алаңы шамамен 29 мың гектарды құрайды. Негізінен Алматы, Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстарында орналасқан. Тек Алматы және Жетісу облыстарының өзінде алма бақтары 2,4 мың гектардан астам аумақты алып жатыр, мұнда 416 мыңнан артық алма ағашы өсірілуде.
«Бау-бақша шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды бағыттарының бірі. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 2014 жылдан бастап фермерлер бақ отырғызу мен интенсивті технологияларды енгізуге арналған инвестициялық субсидиялар алады. Соның нәтижесінде алма өндіру көлемі 43 пайызға, ал өнімділік 27 пайызға артты.
Алма фестивалі – тек өнім мерекесі ғана емес. Бұл – фермерлер еңбегіне деген құрметтің, өзара ынтымақтастықтың және ортақ жауапкершіліктің белгісі. Мемлекет, халықаралық ұйымдар, агробизнес және жастардың бірлескен күш-жігері арқылы біз бау-бақша шаруашылығын еліміздің дамуындағы басты салалардың біріне айналдырамыз деп сенемін», – деген Ербол Тасжүреков ФАО мен Қазақстан арасындағы серіктестік бағдарламасының маңыздылығын да ерекше атап өтті.
Аталған бағдарлама инновацияларды енгізуге, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және отандық агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Әсіресе, технологиялар мен білім трансферіне, соның ішінде цифрлық шешімдер мен агроинновацияларға айрықша көңіл бөлінуде.
Вице-министр қазақстандық бақтың символы саналатын апорт туралы айта келе, оның тек алма сорты емес, елдің мәдени мұрасының бір бөлігі екеніне де тоқталды.
– «Апортты ұлттық бренд ретінде қайта жаңғырту бағытында нақты шаралар қабылдануда. Аумағын кеңейту, агротехниканы жетілдіру және бұл сортты халықаралық деңгейде танымал ету жоспарланған. Қазір Сиверс алмасының көшеттерін өсіретін питомник құрылды, көшеттер дайындау мен жаңа бақтар отырғызу жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылға дейін 110 гектар апорт бағы отырғызылмақ. Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары селекциялық және агротехникалық бағдарламаларды белсенді дамытып келеді. 85 жылдық селекциялық жұмыс нәтижесінде Қазақстанда шамамен 400 сорт пен будандардан тұратын коллекция қалыптасқан, оның ішінде апорт негізінде шығарылған 29 жаңа сорт бар», – деп түйіндеді Ербол Тасжүреков.
Ауыл шаруашылығы
министрлігінің баспасөз қызметі