
Бұл жолы әңгіме парламенттік реформа жайлы болды. Мемлекет басшысы оны бұған дейінгі барлық өзгерістердің заңды жалғасы деп атап өтті.
Президент Қазақстан халқына арнаған биылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында еліміздің саяси жүйесінде орын алған елеулі өзгерістер мен алдағы реформалардың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Әсіресе, Жолдаудағы елді елең еткізген тағы бір жаңалық, Мемлекет басшысының алдағы уақытта елде бір палаталы Парламент құруды ұсынуы болды.
Парламенттік реформа жайы Қазақстанда бұған дейін де аз айтылған жоқ. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып, мәселенің осы кезеңге дейін ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес.
Жоғары өкілді билік тармағына қатысты реформаны бұған дейінгі барлық өзгерістің, соның ішінде Президент билігіне қатысты өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Расында да, соңғы жылдары елімізде жүргізілген саяси жаңғырулар билік пен халық арасындағы ашық диалогқа жол ашты.
Еліміз Әділетті Қазақстанды құруға кірісіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырып келеді.
2022 жылы маусым айында елімізде жалпыұлттық референдум өтіп, ел азаматтарының басым көпшілігі «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде мемлекетті жан-жақты жаңғырту стратегиясына қолдау білдірді. Елімізді одан әрі демократияландыру мақсатында Ата Заңға бірқатар өзгерістер енгізілді.
Ал енді Парламенттің рөлін күшейту - сол өзгерістердің жалғасы әрі демократиялық мәдениеттің өркендеуінің айқын белгісі еді.
Мемлекет басшысы айтқандай, реформа - ұдайы жүретін үдеріс, қоғамда нақты сұраныс болса, жаңа реформалар әзірленеді.
Сондықтан мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, Президент парламенттік реформа жасау мәселесін халықтың талқысына салудың маңызды екенін айтты.
Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда: «Баршаңызға мәлім, мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Бірден айтайын, бұл - өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін, яғни, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз. Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын. Бұл - әлемде кеңінен тараған парламенттік рәсім. Осылайша, Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсімдер аяқталғанша өз ісімен айналыса береді. Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді. Ал саяси партиялардың бәсекелі тартысқа дайындалуына уақыты болады. Депутаттарымыз нағыз мемлекетшіл азамат ретінде бұл мәселеге зор жауапкершілікпен әрі түсіністікпен қарайды деп ойлаймын», - деп атап көрсетті.
Деректерге сүйенсек, қазір әлемдегі жалпы саны 190 ұлттық парламенттің 78-і қос палаталы жүйемен жұмыс істейді екен. Бір палаталысы - 111.
Ал, біздің ел Парламенті 1995 жылы жалпыхалықтық референдуммен қабылданған Конституция бойынша қос палаталы жүйе негізінде қызмет етеді. Жоғарғы палата - Сенат, Төменгі палата - Мәжіліс.
Өткенге көз жүгіртсек, Сенат 1995 жылы елімізде күрделі әрі тұрақсыз саяси жағдай болып тұрған сәтте Парламенттің жоғары палатасы ретінде құрылды. Ол кезде мемлекеттігіміздің негізі енді ғана қалыптаса бастаған еді.
Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік құрылымның демократиялық моделіне негізделген мемлекеттік басқару жүйесін құрудың белсенді кезеңі басталды.
1995 жылғы Конституция шеңберінде елдің саяси жүйесі билік тармақтарының атқарушы, заң шығарушы және сот биілігіне бөлінуі негізінде қалыптасты. Билікті бөлу принципі биліктің шоғырлануын болдырмауға мүмкіндік берді, сонымен бірге әрбір тармақ өз құзыреті шегінде жұмыс істейтін біртұтас мемлекеттік механизм құрды.
Заң шығару функциясы Қазақстан Республикасының Парламентіне жүктелді, ол өз кезегінде сол кездегі өкілетті биліктің бір палаталы органы - Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесін алмастырды. Яғни, тоқсаныншы жылдар заң шығарушы органды қайта құрудың негізі болды.
Алғашқы 1990 жылғы Жоғарғы Кеңес сайлауына екі мыңнан астам кандидат қатысқан, олардың 90-ы республикалық қоғамдық ұйымдардан сайланған. Ал, 1994 жылғы сайлауда 135 бір мандатты округке 692 кандидат тіркелген. Осы сайлаулардың нәтижесінде Жоғарғы Кеңесте 4 партиялық фракция мен 14 депутаттық топ құрылды, осылайша Парламенттің көппартиялық жүйесінің негізін қалады және саяси партияларға шешім қабылдауға әсер етудің нақты мүмкіндігін берді.
Бүгінде Парламент екі палаталы бола отырып, Сенат пен Мәжілістен тұрады, осылайша республикалық қана емес, сонымен қатар аймақтық мүдделердің ұсынылуына кепілдік береді. Заң шығарушы органды екі бөлек палатаға бөлу - жалпыға ортақ халықаралық тәжірибе.
Қос палаталы Парламент егемен еліміздің қоғамдық-саяси дамуының барлық кезеңдерінде өзінің бірізділігі мен тиімділігін көрсетті.
Парламент Сенатына әр облыстан, республикалық маңызға ие қалалардан және Астанадан екі депутаттан 6 жыл мерзімге сайланған.
Сенатқа қай кезеңде болса да, өмір көрген, тағдырдың қаншама сындарынан өткен, ел басқарған, жергілікті халықтың арасынан шыққан, өңір азаматтарының тұрмыс-тіршілігін, менталитетін, психологиясын жақсы білетін, абыройлы азаматтар сайланатын.
Сенаттың қазіргі құрамы да солай. Аудан, қала әкімдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық мәслихат төрағалары болып қызмет еткен, белгілі саясаткерлер мен кәсіпкерлер, түрлі ұлттардың алдыңғы қатарлы өкілдері Президент тапсырмаларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуде қалтқысыз қызмет жасап келеді.
Сенатқа мемлекет құру ісіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету тарихи міндеті жүктелді. Өткен 30 жылда Сенат өзінің осы аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен атқарып, заң шығару үдерісінің, басқа да негізгі реформалардың айрықша маңызды тетігі әрі кепілі болды.
Осы уақытқа дейін Мәжіліс пен Сенат бірін-бірі толықтыра отырып жұмыс істеді. Парламент тарихында Мәжіліс тарап, бірнеше рет кезектен тыс сайлау өткізілген уақыттарда Сенат екі-үш айлап Парламенттің толық міндетін атқарып, мемлекеттік заң шығарушылық үдерістің тоқтамауына септігін тигізді.
Сенат депутаттары негізгі міндеті ретінде біріншіден, Мәжіліс қабылдаған заңдарды қарайды, мақұлдайды немесе кері қайтарады. Екіншіден, Президенттің ұсынуымен Жоғарғы соттың судьяларын сайлайды немесе қызметтен босатады, Бас прокурорды, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын, сондай-ақ, Президент ұсынған басқа да жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауға келісім береді. Үшіншіден, сыртқы саясат және қауіпсіздік саласында Халықаралық шарттарды ратификациялайды немесе күшін жояды, елдің қорғаныс қабілетіне қатысты заңдарды бекітеді. Республикалық бюджетті қабылдау мен оның орындалуын бақылайды. Сондай-ақ, Үкімет жұмысының есебін тыңдау секілді міндеттерге де Жоғарғы палата - Сенат араласады.
Жалпы, Сенат заң қабылдау үдерісінде тұрақтандырушы рөл атқарады. Мәжіліс қабылдаған заңдарға толықтыру мен түзетулер енгізу арқылы, Сенат депутаттары қоғамның әртүрлі мүдделерін, саяси басымдықтарын белгілеп, жергілікті тұрғындардың өмірінің жақсаруына, өңірлердің көркеюіне, дамуына тікелей әсер ететін заңдар қабылдауға негіз болды.
Сондықтан Сенаттың ел өңірлерінің мүдделерін күшейтуге, олардың саяси рөлін арттыруға, соның есебінен тұрғындардың мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысуына үлкен ықпал етіп жатқаны даусыз.
Әрине, Парламенттік реформаға қатысты Жолдауда айтылған шешім қоғамда, сараптамалық ортада және Парламентте әлі талқылануы тиіс. Өйткені бұл - мемлекеттік құрылымның негіздерін қозғайтын күрделі реформа.
Президенттің өзі атап көрсеткендей, Парламенттік реформа - асығыс шешім қабылдауды әсте көтермейтін, мемлекетіміз үшін жеті өлшеп, бір кесетін аса маңызды мәселе. Жаңа бастаманың оң-солын, артық-кемін, тұтас қоғамдық дамуға тигізер тиімділігін жан-жақты сараптап, әбден екшеп, сонан соң ғана барынша тиянақталған әрі түпкілікті ортақ түйін шығарудың ел үшін мәні зор.
Ең бастысы, мемлекеттің тағдыры айқындалатын мұндай аса маңызды мәселе халықтың келісімімен ғана жүзеге асуы тиіс. Мұндайда дана халқымыз «Келісіп пішкен тон келте болмас» деп тектен тек айтқан жоқ. Парламенттік реформаға қатысты да көпшіліктің пікіріне құлақ асу өте маңызды. Осы орайда кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде жарияланып жүрген қоғам өкілдерінің пікірі көбіне көп бір палаталы Парламент болғаны дұрыс дегенге саяды.
Қоғам өкілдерінің тарапынан, «Төменгі Палата - Мәжіліс те заң жобаларын қарап, қабылдайды. Мәжіліспен қабылданған заң жобалары кейін Сенаттың қарауына, мақұлдауына немесе кері қайтаруына тағы жіберіледі. Осы аралықта қаншама уақыт өтеді. Сенат депутаттары тікелей өзі сайланған өңірлердің мүддесін қорғайды дегенмен, Мәжілістің мандатын иеленгендер де заң шығару жұмысында Сенаттағылардан кем түсе қоймайды», - деген пікірлер айтылады.
Сонымен қатар, бір палаталы Парламентті жақтаушылардың көбісі «қос палатаның жұмысында бірін-бірі қайталаушылық жиі ұшырасады, оның үстіне екі палатаның аппаратын ұстау үшін де қыруар шығын жұмсалады, мәселелерді шешуде, тиісті заң жобаларын қабылдауда бір палата атқара алатын шаруаны екіншісіне қайталатып не қажеті бар?» деген мазмұнда пікірлер айтып жүр.
Дейтұрғанмен, әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдерінде қолданылып келе жатқан қос палаталы Парламент моделінің өзіндік артықшылықтары бар. Негізінен, қос палаталы модель - тежеу мен тепе-теңдік жүйесінің кепілі ретінде танылады.
Мәселен, біздің Мәжіліс қабылдаған заңды кейін Сенат қайта қарап, сапасын арттыруға ықпал етеді. Мұның өзі асығыс қабылданған, ішкі мазмұндық сипаты шикі заңдардың күшіне енуіне тосқауыл болады.
Сондай-ақ, қос палаталы жүйе елдегі саяси тұрақтылықтың факторы деп те айтылады. Қала берді, Парламент ішіндегі пікірталастар өркениетті деңгейде жүріп, шешімдер жан-жақты сарапталады деген ұстанымға да иек артушылар көп.
Екінші жағынан қос палаталы Парламент жұмысындағы негізгі кем тұс ретінде заң шығару процесінің баяулауы көп айтылады.
«Шынымен де, бір заң екі рет қаралады. Жоғарыда айтып өткендей, заң жобаларының қайта-қайта қаралуы уақытты әжептәуір ұзартады. Оның үстіне қос палаталы жүйе мемлекеттік шығынның көлемін де арттырады. Ең негізгісі сол – Мәжіліс пен Сенаттағы талқылаулар бір-біріне қатты ұқсап, бірін-бірі қайталап жатады. Әлемдік өркениеттің даму қарқыны күн санап өзгеріп жатқан тұста, өз алдымызға жаңа технологиялар арқылы жедел әрі тұрақты даму үдерісін мақсат етіп қойып отырған кезде біздің ел үшін жеделділік пен үнемділік алдыңғы кезекке шығуы керек. Ал мұндай маңызды мақсатты, тағдырлы міндетті бір палаталы Парламенттің өзі-ақ қамтамасыз ете алады. Сондықтан да Мемлекет басшысы өз Жолдауында бастама етіп көтерген Парламенттік реформа жеделдік пен үнемділікті негізге алып отыр. Біз қарқынды әрі тұрақты дамуды, жайлы тұрмыс пен лайықты өмірді қалаймыз. Ал біздің бұл қалауымызға шын мәнінде аз уақытта қол жеткізу үшін заңдардың жылдам қабылданғаны, қаржының үнемделіп, тек нақты дамуға жұмсалғаны аса маңызды. Бір палаталы жүйеде шешім қабылдаудың механизмі де халық үшін қарапайым әрі түсінікті болары даусыз. Дәл қазіргі уақытта бір палаталы Парламенттік модельге көшу мәселесінің қозғалуы мемлекеттегі саяси жүйенің жетілгенін, демократиялық құндылықтар мен қоғамдық мәдениеттің нығая түскенін айғақтайды», –дейді кейбір сарапшылар.
Парламенттік реформа туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та өз ойымен бөлісті.
– Биылғы Жолдаудың негізгі ерекшеліктерінің бірі - Мемлекет басшысының парламенттік реформа жүргізу туралы ұсынысы екені белгілі. Бұл бастама болашақта бір палаталы Парламентке көшуді көздейді. Парламенттік реформа - Президенттің Әділетті әрі Күшті Қазақстанды құру жолындағы сарабдал саясатының заңды жалғасы екені сөзсіз. Бұл мақсатқа жету үшін демократиялық институттар мен тетіктерді нығайту қажет. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мұндай маңызды өзгерістер тек ашық әрі жан-жақты қоғамдық талқылау негізінде жүзеге асатынын айтты. Ал, қорытынды шешім халықтың пікірін ескере отырып, жалпыұлттық референдум арқылы қабылданбақ. Жалпы, Президентіміздің биылғы Жолдауын біз Қазақстанды жаңа дәуірде жаңғыртудың кешенді жол картасы ретінде қабылдаймыз. Басты мақсатымыз - тәуелсіз мемлекетті одан әрі дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру. Сондықтан Президенттің еліміздің тұрақты дамуына бағытталған барлық бастамаларын жүзеге асыру үшін күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет. Бұл жолдағы бірлескен жұмысымыз табысты әрі нәтижелі болатынына сенімдімін, –деді Сенат төрағасы.
Ал, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президенттің жаңа саяси бастамалары туралы: «Ұсынылған парламенттік реформа президенттік саясаттың «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» басты формуласын дамытады. Референдум өткізу жөніндегі ұсыныс Президенттің ел болашағын айқындайтын түйінді мәселелерге қатысты тек қана келісе отырып шешім қабылдау қағидатының өзгермейтінін көрсетті. Президент осымен бірнеше рет алдағы саяси жоспарларын алдын ала әрі ашық жариялады. Осы тұста айрықша атап өтерлігі, әңгіме Конституцияға жедел түрде өзгерістер енгізу немесе Парламент сайлауын жариялау туралы болып отырған жоқ. Мақсат бұл емес. Басты әрі негізгі мақсат - саяси жүйенің институционалдық негіздерін одан әрі нығайту. Сондықтан Президент ойластырылған, бірізділікке негізделген дәйекті тәсілді құптайды. Ең алдымен сарапшылар мен көпшілік қауым арасында жан-жақты әрі терең талқылау жүргізу қажет» деген пікір білдірді.
Қазіргі таңда партиялар да парламенттік реформаны қызу талқылауда. Мысалы, Астанада өткен «Ауыл» партиясының актив отырысында қатысушылар Жолдауда айтылған негізгі бастамаларға тоқталды. Негізгі назар елімізде бір палаталы Парламент құру туралы ұсыныс пен оның саяси жүйеге әсеріне, ауыл шаруашылығын заманауи технологияларды енгізу арқылы жаңғыртуға және оның тиімділігін арттыруға, ауылдық өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға – жолдар, ауыз су, интернет және әлеуметтік нысандарға, сондай-ақ шалғай ауылдар мен шағын елді мекендер тұрғындарына әлеуметтік қолдауды күшейту шараларына аударылды.
Жиын барысында Мәжіліс депутаттары да өз пікірлерін ортаға салды. Олар Президент ұсынған реформалардың ауылдағы әлеуметтік және экономикалық жағдайды түбегейлі жақсартуға бағытталғанын атап өтті. Депутаттар еліміздің аграрлық секторын қолдау, ауыл кәсіпкерлерін несиелеу, жастарды ауылда қалдыруға арналған ынталандыру шаралары, білім мен медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ заңнамалық деңгейде қажет бастамаларды әзірлеу бойынша нақты ұсыныстарын айтты.
Жиынды қорытындылай келе, партия төрағасы Серік Егізбаев «Ауыл» партиясының Мемлекет басшысы ұсынған реформалар мен бастамаларды жүзеге асырудағы басты күштердің бірі болуға дайын екенін атап өтті.
– Біздің міндетіміз – қоғамның күш-жігерін біріктіріп, барлық ресурстарды жұмылдыру арқылы Жолдаудағы әрбір тапсырманың нақты орындалуын қамтамасыз ету. Біз Президент бастамаларын қолдап қана қоймай, өзіміздің де жобаларымыз бен ұсыныстарымызды енгізіп, азаматтарымыздың өмірін жақсартуға үлес қосамыз, – деді партия төрағасы.
Ол сондай-ақ жұмыстың барлық бағыттарда Парламенттегі заңнамалық бастамалардан бастап өңірлердегі нақты жобаларға дейін белсенді түрде жүргізілетінін айтты. Осылайша «Ауыл» партиясы еліміздің дамуына берік ұстанымын білдіріп, Қазақстанның өркендеуі мен халқының әл-ауқатын арттыру ісіне үлес қосуды көздеген барлық тараптармен ашық диалог пен ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді.
Саяси реформа дегеніміз - тек билік құрылымындағы өзгеріс емес. Бұл - қоғам мәдениетінің, халықтың азаматтық жауапкершілігінің айнасы.
Бүгінде елдің саяси мәдениеті өсіп, азаматтардың белсенділігі артқан тұста бүгіннен басталған парламенттік реформада Сенаттың міндеті де жаңа мазмұнға ие болары сөзсіз. Бұл тұрғыда кейбір саясаттанушылар: «Бір палаталы Парламент құруға қатысты конституциялық реформаны талқылау барысында, оның депутат саны қанша, өкілеттіктері қандай, оған өту межесі қалай белгіленбек, демографияға қатысты және өзге салаларға қатысты квоталар қажет пе деген сияқты көптеген сұрақтар кеңінен талқыланып, бір палаталы парламенттің өкілеттігі ауқымды болуы мүмкін. Бұл реформа елде парламентаризмді күшейтіп, Мәжіліс пен Сенат қызметтерін біріктіреді. Егер біріктірілсе, тағдыршешті мәселелерді бір ғана палата шешетін болады. Парламенттегі партиялық көпшілікке түпкілікті шешім қабылдау құқығы беріліп, саяси партиялардың ықпалы өседі. Сонымен бірге депутаттардың саяси өмірдегі рөлін арттырады», - дейді.
Олай болса, Парламенттің күшеюі - халықтың дауысын естіртіп, пікірін ашық айтуына жол ашатын жаңа дәуірдің басталуы. Бүгін басталған бұл өзгеріс ертеңгі ұрпақтың тағдырына ықпал етеді.
Демек, парламенттік реформа - Қазақстанды әділетті, демократиялық, мәдениеті биік мемлекетке айналдырудағы маңызды қадам.
Қазір біз тағы бір жаңа дәуірдің табалдырығында тұрмыз. Бұл дәуірдің басты ерекшелігі - халықтың сөзі, халықтың еркі, халықтың таңдауы.
Сондықтан әрқайсымыз ел болашағына бейжай қарамай, саяси мәдениетімізді арттырып, азаматтық жауапкершілігімізді нығайтуымыз қажет. Әділетті Қазақстан құру - тек Президенттің немесе Парламенттің ғана емес, бүкіл халықтың ортақ ісі.
Ендігі таңдау - халықта. Ал халықтың көкейіне парламенттік жүйенің қайсысы тиімді екенін, қайтсек ұтарымыз көп болатынын, дұрыс-бұрысы мен артық-кемін жеткізу - сарапшылардың міндеті.
Парламенттік реформа мемлекеттік билік жүйесін жаңғыртудың заңды жалғасы екенін жоғарыда айттық. Бұл - ел ішіндегі саяси мәдениеттің, азаматтық белсенділіктің, ашық диалог пен сенімге негізделген жаңа басқару моделінің қалыптасып келе жатқанын көрсетсе, ал бүгінгі саяси, әлеуметтік ахуал мен халықтың сұранысы бұл парламенттік реформаны енді нақты іске асырудың қажеттігін алға тартып отыр.
Президенттің «Реформа - ұдайы жүретін үдеріс» деген пікірі де осы.
Асан ТІЛЕМІСОВ