
Форумда әлемдік IT сарапшылар, технологиялық алып компаниялардың өкілдері, табысты өнімдер мен стартаптардың негізін қалаушылар, жаһандық инвесторлар мен жоғары технология саласының көшбасшылары бас қосты. Биылғы іс-шараға 30-дан астам елден 30 000-нан аса қатысушы, 100-ден астам инвестор мен бизнес-періште және 400-ден аса спикер жиналды. Форум дәстүрлі түрде Астанадағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында өтті. Айта кету керек, биыл алғаш рет форумға қатысуға ниеттілер үшін билет сату жүйесі іске қосылды.
Digital Bridge 2025 форумының пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, форумға қатысушы барша меймандарға алғысын білдірді. Сонымен қатар форумға Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок пен high-tech индустриясының танымал өкілдері де арнайы қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде Мажарстан Президентінің форум жұмысына қатысуы цифрлық технологиялар саласындағы халықаралық әріптестікті нығайта түсетініне сенім білдірді.
– Бүгінде «Digital Bridge» өте маңызды пікір алмасу алаңына айналды, бұл жерде жаһандық өзгерістер мен цифрлық экономиканың болашағы туралы өзекті ойлар айтылып, маңызды бастамалар көтеріледі. Осы уақыт ішінде форум жұмысына 67 мыңнан аса адам, 500-ден аса ІТ-компания және 100 елдің өкілі қатысты. Қазақстан Еуразиядағы негізгі цифрлық хаб ретінде алдағы уақытта да осы маңызды жұмысты жалғастыра береді. Қазір жаһан жұртшылығы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Озық технологияның жоғары қарқынмен дамуы саясатқа, экономикаға және миллиардтаған адамның өміріне тікелей әсер етіп жатыр. Бұған бәріміз куә болып отырмыз. Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің дамуына кейінгі жылдары дүние жүзі бойынша 1 триллион доллардан артық инвестиция салынған (Gartner). Ал аталған саланың әлемдік экономикаға қосатын үлесі таяу онжылдықта 7 триллион долларға дейін жетуі мүмкін (Goldman Sachs). Әйтсе де мұндай оң нәтижеге аталған технологияны жауапкершілікпен пайдаланған кезде қол жеткізуге болады. Қазіргі таңда жасанды интеллект саласындағы жауапкершілік туралы қызу пікірталас жүріп жатыр. Әсіресе ортақ реттеу ережелерін түзу және барлық елдің озық технология мен ресурстарға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударылып отыр. Біздің міндетіміз – жаңа технологияны адамзат игілігіне пайдалану, оны прогресс пен ынтымақтастықтың қозғаушы күшіне айналдыру, – деді Президент.
Мемлекет басшысы отыз жылдан аса уақыт бұрын Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздік жолын таңдап, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқанын айта келе, бүгінде еліміз жасанды интеллект бейбіт мақсатта ғана қолданылуға тиіс деп батыл түрде мәлімдейтінін, оның әскери салада, кибершабуылдарға және халықаралық тұрақтылыққа қатер төндіретін жобаларда пайдаланылуына жол беруге болмайтынына тоқталды.
– БҰҰ Бас Ассамблеясының таяуда өткен сессиясында мен Қазақстанның Ұйым аясында Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық диалог жұмысына атсалысуға дайын екенін растадым. Біз серіктестеріміздің бастамаларын, соның ішінде Қытайдың ЖИ саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйымын құру туралы ұсынысын қолдаймыз. Мен биыл халыққа Жолдауымды цифрландыру және жасанды интеллект мәселесіне арнадым. Біз алдымызға нақты мақсат қойдық: Қазақстан үш жыл ішінде нағыз цифрлық ел болуы керек. Бұл – өте ауқымды міндет. Сондықтан біз қазір еліміздің біртұтас цифрлық экожүйесін құру ісімен белсенді түрде айналысып жатырмыз. Кеше Астанада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті. Жиында білім беру мәселелері қаралды. Әлемге танымал сарапшылармен бірге адам капиталын дамыту мәселесі талқыланды, нақты міндеттер айқындалды. Ең бастысы, жасанды интеллект саласындағы тұңғыш зерттеу университетін құру туралы өте маңызды шешім қабылданды. Сондай-ақ бүгін «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы өз жұмысын бастайды. Бұл орталықты инновациялар мен тың идеялардың мекені деуге болады. Жалпы, Қазақстан осы саладағы кез келген ынтымақтастыққа ашық. Сондай-ақ біз елімізде екінші суперкомпьютер кластерін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жасанды интеллект тек игі мақсатқа қызмет етуі керек. Адам игілігі басты орында тұрады. «Alem.ai» жасанды интеллектіні барынша тиімді әрі этикалық нормаларға сай қолданатын жаһандық орталық болуға тиіс. Жасанды интеллект технологиясын жауапкершілікпен қолдану өте маңызды. Сондықтан жаңа университет және «Alem.ai» орталығы біртұтас экожүйенің негізгі өзегі ретінде қызмет етуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміздің цифрлық трансформацияны жүзеге асыруда нақты мақсаттар қойып отырғанын жеткізді. Жасанды интеллектті бейбіт мақсатта ғана қолдануға шақырған Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және цифрлық қауіпсіздік қағидаларын орнықтыруға бейілді екенін көрсетті. Digital Bridge форумы осы орайда Қазақстанның жаһандық цифрлық болашақтағы рөлін нақтылай түсіп, елімізді Еуразия кеңістігіндегі негізгі цифрлық хаб ретінде айқындайды.
«Digital Bridge 2025» форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландырудың ел дамуы үшін шешуші фактор екенін мәлімдеп, Қазақстанды үш жыл ішінде толық цифрлық басқару форматына көшіру міндетін қойды. Оның айтуынша, бұл – Қазақстанның келешегін айқындайтын стратегиялық таңдау. Президент осы мақсатта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылғанын айтты. Жаңа ведомство цифрландырудың және тұрмыстың барлық саласына жасанды интеллектіні енгізудің басты локомотиві болмақ.
– Басқаша айтқанда, еліміздегі қоғамдық өмір мүлдем өзге сипат алады. Технологиялық тұрғыдан анағұрлым заманауи болады, яғни ұлтымыздың менталитетіне оң әсерін тигізеді. Осылайша, біз өркениетке батыл қадам жасаймыз. Мен халқымыздың кейінге қайырылып, өткенмен өмір сүрмей, келешекке сеніммен көз тігуге тиіс екенін бұған дейін бірнеше рет айтқан едім. Бүгін маған «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің ЖИ технологиясымен жұмыс істейтін виртуалды мүшесінің қызметін көрсетті. Бұл – ұлттық суперкомпьютер мен Қазақстандағы Alem LLM үлкен тілдік модель базасында іске асырылған Орталық Азиядағы алғашқы жоба. Ішкі үдерістердің бәрін оңтайландыруға септігін тигізетін мұндай шешімнің маңызы зор. Еліміздегі ұлттық компаниялар, отандық кәсіпорындар осындай инновациялық жобаларды белсенді түрде қолдануы керек, өйткені озық технология дәуірінде түбегейлі өзгеріске дайын болу өте маңызды. Онсыз даму болмайтыны анық, – деді Мемлекет басшысы.
Президент атап өткендей, жасанды интеллект сынды қуатты құралды пайдалану тек пайда мен тиімділік әкеліп қана қоймай, белгілі бір сын-қатерлермен де қатар жүреді. Сондықтан бұл саланы дамытумен қатар, тиісті құқықтық база мен этикалық шектеулерді қалыптастыру да – аса өзекті міндет. Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, олардың жалғаса беретінін тілге тиек етті. Әсіресе, цифрландыру саласын кешенді түрде реттейтін маңызды құжат – Цифрлық кодексті жедел әрі сапалы әзірлеу қажеттігіне назар аударды.
– Жалпы, Цифрлық кодексті асығыс қабылдай салуға болмайды, бұл – шын мәнінде жауапты, күрделі жұмыс. Сол себепті Парламентте сарапшылардың, құзырлы мекеме өкілдерінің қатысуымен жасанды интеллектіні дамыту мәселесі бойынша арнайы тыңдаулар өткізілді. Бір апта бұрын Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады. Расында, бұл уақтылы қабылданған Заң болды. Шетел мамандары да мұны еліміздің тұрақты цифрлық экожүйесін құру жолындағы маңызды қадам деп бағалап, жақсы пікір айтуда. Бірақ жайбарақат отыруға болмайды, алдымызда ауқымды жұмыс бар. Жасанды интеллектінің орасан зор әлеуетін Әділетті, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанды құру үшін қолдануға болады. Алайда біз шындыққа тура қарауымыз керек: Жасанды интеллект және цифрландыру мәселенің бәрін бір сәтте шешіп тастамайды. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үшін өте маңызды үш міндетті қатар орындау керек. Атап айтқанда, осы салаға ресурс тарту, жаңа білімді меңгеру және әдеп (этика) нормаларын сақтау. Бір сөзбен, әділ әрі тиімді шешім қабылдай отырып, жылдам және ашық әрекет ету керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта ұсынудың маңыздылығына да ерекше тоқталды. Ендігі жерде әрбір жаңа мемлекеттік қызмет ең алдымен цифрлық нұсқада жасақталуы тиіс. Бұрын ұсынылған мәліметтерді қайта сұрату тәжірибесі жойылуы қажет. Сонымен бірге азаматтар мен мемлекет арасындағы барлық өзара әрекетке қатысты нормативтік актілер қабылданбас бұрын цифрлық сараптамадан өтуі тиіс. Бұл азаматтар мен кәсіпкерлерді артық бюрократиядан арылтып, мемлекеттік құрылымдарға деген сенімді күшейтеді.
Президенттің айтуынша, бұл бастамалардың барлығы Қазақстанның цифрлық саясатының ұзақмерзімді әрі жүйелі бағытын көрсетеді. Ақылды технологиялар үлкен деректерді талдау арқылы әлеуметтік сала мен экономиканың негізгі көрсеткіштеріне терең әсер ете алады. Мұндай мүмкіндіктер стратегиялық жоспарлау сапасын арттырып, азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға, жалпы экономикалық өсімді жеделдетуге жол ашады. Алайда бұл процестердің тиімділігі қоғамның қатысуы мен түсінігін қажет етеді. Президент халықтың несие беру алгоритмдерінен бастап, мемлекеттік қызмет көрсету тетіктеріне дейінгі жүйелердің қалай жұмыс істейтінін білуі және түсінуі тиіс екеніне тоқталды.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына кеңінен енгізу үшін заңнаманы соған сай бейімдеудің қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев форумның атауы мен бағытына қатысты маңызды ұсыныс айтты. Президенттің пікірінше, адамзат келешегінің жасанды интеллектпен тікелей байланысты болуына орай, форум атауы да заман талабына сай жаңартылуы тиіс.
– Қазір әлем жұртшылығының алдында жасанды интеллектінің болашағына қатысты түрлі таңдау тұр. Оның кейбірі шексіз мүмкіндіктерге жол ашады. Ал енді бірі үлкен сын-қатерлерге душар етуі мүмкін. Дегенмен бір нәрсе анық – келешегіміздің қандай болары біздің бірлесіп әрекет ете білуімізге байланысты. Жасанды интеллект – қазіргі заманның ақиқаты. Алдағы жылдары да адамзат дамуының негізгі бағдары жасанды интеллектіге тікелей байланысты болатыны анық. Сондықтан келесі жылдан бастап форумды «AI Bridge» деп атаған жөн деп санаймын. Бірақ форумның мақсат-міндеті өзгермейді. Осы бірегей алаң технология саласындағы алпауыттар мен түрлі стартаптар, бизнес пен ғылым, мемлекет пен азаматтар арасындағы дәнекер болып қала береді. Форумның жаңа бағдары халықаралық ынтымақтастыққа тың серпін беріп, жасанды интеллектіні халқымыздың игілігі жолында тиімді пайдалануға септігін тигізеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде жасанды интеллект адамзат өркениетінің негіздерін қайта қарауға мәжбүрлеп отырғанын атап өтті. Сондықтан жаңа дәуірге бейімделу үшін тек инженерлік-техникалық кадрлар ғана емес, сонымен қатар технологияның мәнін терең ұғына алатын гуманитарлық сала өкілдері де қажет екенін баса айтты.
– Жасанды интеллектіде түрлі қоғамның болмыс-бітімі, дәстүрі, құқықтық нормалары мен адамгершілік қағидалары көрініс табуға тиіс. Сондықтан оны дамытуға философтар, әлеуметтанушылар және заңгерлердің атсалысатынына сенімдімін. Технология әлеуметтік теңсіздікті ушықтырмауы, азаматтардың мінез-құлқы мен таңдауына манипуляция жасамауы керек. Ол үшін тиімді шаралар қабылдауымыз қажет. Артықшылыққа ие топтар алгоритмдерді пайдаланып, әлдебір құндылықтар мен ойлау моделін қоғамға таңуы ықтимал. Оған жол беруге болмайды. Бұл әлемнің мәдени әралуандығына қиянат жасау болып саналады. Технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс. Әділ шешімі – осы. Біз мына маңызды мәселені де назарда ұстауымыз керек: жасанды интеллектінің бойында сана бар, бірақ сезім жоқ. Жасанды интеллект талдау және болжам жасауға қабілетті болғанымен, адам сияқты армандап, қиялдай алмайды. Кім біледі, бәлкім, он-жиырма жылдан кейін мұндай ахуалдың өзі түбегейлі өзгеруі мүмкін, бірақ қазіргі таңда Жасанды интеллектінің «жаны» (эмпатия) әзірше жоқ. Адамзат жасанды интеллектінің игілігін көруі керек. Заманауи технологиялар қаншалықты озық болса да, адамның ой-санасы одан да жүйрік болуы қажет, яғни адам бұл тұрғыдан машинаның артында қалмауы керек. Осы мәселе бойынша көптеген тұжырым пайда болуда, тіпті, қызу пікірталастар жүріп жатыр. Бұл істе философия, мәдениет және білім айрықша рөл атқарады. Басқа сөзбен айтқанда, адамның шексіз әлеуеті және озық технологиялардың бірегей мүмкіндігі ұштасқанда ғана жарқын болашаққа даңғыл жол ашылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент форум жұмысының маңыздылығына тоқтала отырып, жиын барысында көптеген тың ойлар мен нақты ұсыныстар айтылатынына сенім білдірді. Оның айтуынша, бұл форум тек кәсіби диалогтың алаңы ғана емес, сондай-ақ жаңа идеялар мен ынтымақтастық үшін тиімді бастама болмақ.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Digital Bridge 2025» халықаралық форумы аясында өткен «AI SANA» Generative Nation байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Жүлдегерлер мектеп оқушыларының жобалары, студент бастамалары, стартаптар мен ғылыми әзірлемелер сынды төрт аталым бойынша анықталды. Бұл байқау – Қазақстанда жасанды интеллектке негізделген ойлаудың жаңа дәуірін бастауға бағытталған қадамдардың бірі.
Пленарлық отырыста Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок Қазақстанның Орталық Азиядағы инновациялық хабқа айналып келе жатқанын айтты.
– Қазақстан технология мен инновацияға арналған ірі орталық қалыптастырып отыр. Жасанды интеллект адам өмірін жақсартуға, ынтымақтастықты нығайтуға және этикалық нормаларды сақтауға бағытталуы керек. Технология адамды алмастырмауы тиіс – ол қоғамға қызмет етуі қажет, – деді ол.
Ал Telegram басшысы Павел Дуров форумда Қазақстанда жасанды интеллект зертханасын іске қосқанын мәлімдеді.
– «Alem.ai» ғимаратында Telegram мен Қазақстанның Жасанды интеллект министрлігі бірлесіп суперкомпьютер кластеріне негізделген зертхана ашып отыр. Бұл жоба миллиардтаған адамға ЖИ мүмкіндіктерін қауіпсіз әрі тиімді пайдалануға жол ашады, – деді Дуров.
Sinovation Ventures басшысы, 45 жылдан астам тәжірибесі бар сарапшы Ли Кай Фу жасанды интеллектінің ел дамуына әсері туралы айтты.
– Жасанды интеллект – тек құрал емес, ол бүкіл ұйымдардың құрылымын, елдердің даму бағытын өзгертеді. Ол өнімділікті арттырып, жаңа идеялар ұсынады. Қазақстан дұрыс бағытта келе жатыр. «Digital Bridge» – экономикалық орта мен академиялық қауымдастықты біріктіретін маңызды платформа, – деді ол.
Google сарапшысы, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері Питер Норвиг ЖИ-дің білім саласындағы әлеуетіне тоқталды.
– ЖИ студенттердің қабілетіне қарай жеке оқу бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік береді. Ол адамды алмастырмайды, керісінше оның жұмысын жеңілдетіп, тиімділігін арттырады. Бұл – жауапкершілікті қажет ететін сала, – деді ол.
G42 International басшысы Мансур Әл Мансури жасанды интеллектінің стратегиялық маңызын атап өтті.
– БАӘ-де ЖИ – индустрия ғана емес, білім мен ғылымның негізі. Қазақстанда да суперкомпьютер жобасы, ақылды қалалар бастамасы жүзеге асып жатыр. Бұл – өңірдегі технологиялық серпілістің бастауы. Қазақстан Еуразия кеңістігінде технологиялық көпірге айнала алады, – деді ол.
Стэнфорд профессоры Илья Стребулаев венчурлік капиталдың рөліне тоқталды.
– Технологиялық даму енді ғасыр емес, жеті жылда бір кезеңмен алмасады. Венчурлік капитал – осы өзгерістердің қозғаушы күші. Қазақстанда осы бағытта алғашқы қадамдар жасалып жатыр. «Digital Bridge» – жаңа идеялар мен инвестицияларды тартуға арналған таптырмас алаң, – деді ол.
«Digital Bridge» форумы тек технологияны таныстырумен шектелмей, елдер арасындағы стратегиялық серіктестікке жол ашып, Қазақстанның әлемдік технологиялық картаның маңызды нүктесіне айналып келе жатқанын көрсетті.
Айжан ӨЗБЕКОВА