Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Даму жолындағы нақты қадам

Даму жолындағы нақты қадам
Автор
Егемен еліміз тәуелсіздік жылдарында мемлекеттілікті нығайтып қана қоймай, дамудың даңғыл жолына түсті. Бағамдап қарасақ, барлық салада ілгерілеу бар. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені жаңа дәуірдің сын-қатерлері біздің алдымызға өз талабын қойып отыр. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында тығырықтан шығудың тура жолын нұсқап, таяу жылдарда атқарылуы тиіс міндеттерді айқындап берді.

Маңызды құжатта Президент: «Қазақстан – әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан.

Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық.

Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет.

Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек»,-деп атап көрсетті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында да елімізді елеулі өзгерістер күтіп тұрғанын, алда ауқымды реформалар жүзеге асатынын айтты. Бұл тұрғыда Үкіметке үлкен сенім артылып отырғаны белгілі.

 

НАҚТЫ СЕКТОРДЫ ҚОЛДАУҒА 8 ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ БАҒЫТТАЛАДЫ

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет те аянып жатқан жоқ. Бұл тұрғыда жаңа бағдарламалардың әзірленіп жатқаны қуантады. Осы орайда Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин негізгі басымдық – халықтың табысын арттыруға бағытталып отырғанын айтады.  

Азаматтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында экономиканың тұрақты және сапалы дамуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғасады. Үкімет Ұлттық Банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырады. Негізгі басымдық – халықтың табысын арттыру. Биыл халықтың нақты табысының өсуі 2-3 пайыздан жоғары болуы тиіс. Бұған экономиканың тұрақты, сапалы өсуін қамтамасыз ету және инфляцияны төмендету есебінен қол жеткізілетін болады. Экономиканың өсуі 5 пайыздан кем емес деңгейде қамтамасыз етіледі. Ол үшін негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі жалпы ішкі өнімге қатысты 18 пайызға дейін жеткізіледі, – дейді С.Жұманғарин.

Оның айтуынша, шикізатқа жатпайтын секторларды дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға, экономиканы технологиялық жаңартуға және цифрландыруға баса назар аударылмақ. Проактивті инвестициялық саясат жүргізіліп, кәсіпкерлікті қолдау шаралары кеңейтіледі. Экономикалық өсудің проактивті саясаты шеңберінде жалпы қосылған құнның, экспорттық түсімдердің және еңбек өнімділігінің өсуін қамтамасыз ететін жаңа өндірістік қуаттарды ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік механизм құрылады. Мемлекеттік органдар қуатты және табысты жобаларды ұйымдастыруда және құруда белсенді рөл атқаратын болады. Мәселен, экономикалық өсудің проактивті саясатын жүзеге асыру үшін «Бәйтерек» холдингінің рөлі күшейтілді. Биыл холдингті 1 триллион теңгеге дейін капиталдандыру көзделген. Қаржыландыруды ескере отырып экономиканың нақты секторы шамамен 8 триллион теңге көлемінде қолдау шараларымен қамтылады. Басты екпін экспортқа және импортты алмастыруға бағытталған терең өңдеу кластерлерін дамытуға жасалады.

Экономиканың тұрақты дамуының маңызды факторы – шағын және орта бизнес. Әкімшілік жүктемені азайтып және қолдау көрсете отырып, бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту бойынша жүйелі шаралар жалғасады. Басымдық берілетін салаларда кәсіпкерлік қызметті ынталандыру үшін «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды. Оған қоса өңірлік мамандандыру жобаларына бағдарланған «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы әзірленді. Бағдарламаны жүзеге асыру шамамен 23 мың жобаны қолдауға, 127 миллиард теңге бюджеттік қолдаумен, 1,2 триллион теңге сомасына несие беруді қамтамасыз етеді. Инфляцияны 9-11 пайызға, орташа 10 пайызға дейін төмендету үшін шаралар қабылданады. Азық-түлік тауарларының отандық өндірісін ұлғайтуға және ішкі нарықты молықтыруға, тауар нарықтарында теңгерімсіздіктерді болдырмауға, өнімді тиімді сақтау және тасымалдау бойынша инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылмақ. Бағаларды тұрақтандыру үшін осы жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 19-дан 31-ге дейін кеңейтілді. Сондай-ақ, табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтері өскен кездегі тигізетін ықпалы қатаң қадағаланбақ. Ол инфляцияның нысаналы параметрлеріне байланысты шектелетін болады, дейді Серік Жұманғарин.

Жаңа Салық кодексін енгізу бойынша да жұмыстар Үкіметтің тұрақты бақылауында. Кодекс қабылданған сәттен бастап жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Барлық 20 өңірде 130 мыңға жуық бизнес өкілдерінің қатысуымен семинарлар ұйымдастырылған. 1 500-ге жуық сұрақ келіп түскен, олар бойынша түсініктемелер берілді. 

Сондай-ақ тұрақты кері байланыс қамтамасыз етілуде. Кодекске қол қойылған сәттен бастап 1 400-ге жуық өтініш келіп түсті, оның ішінде осы жылдың басынан бастап 205 өтініш. Олардың көпшілігі қолданбалы сипатта болды және салық режимін таңдау, ұзақ мерзімді шарттарды орындау, сондай-ақ жаңа нормаларды іс жүзінде қолдану мәселелеріне арналды.

Жұмысты жеңілдету мақсатында Үкімет жанынан Салық кодексін енгізудің және реттеуші ортаны оңайлатуды қамтамасыз ететін Жобалық кеңсе құрылады. Жобалық кеңсе бизнестің өтініштері шоғырланатын, келісілген шешімдер қабылданатын және мемлекеттің біртұтас ұстанымы қалыптастырылатын бірыңғай үйлестіру нүктесіне айналады. Барлық сындарлы ұсыныстар мұқият қаралып, қорытындысы бойынша түзетулер енгізудің орындылығы мен қажеттілігі айқындалатын болады. Жобалық кеңсе Салық кодексінің жаңа нормаларына қақтығыссыз, заңбұзушылықтарсыз біркелкі, болжамды және келісілген түрде көшуді және реттеуші ортаны оңайлатуды қамтамасыз етеді. Жоспарланған шаралар халықтың әл-ауқатының артуымен қатар жүретін одан әрі орнықты және сапалы өсу үшін негіз жасайды, дейді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі.

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде осы және алдағы жылдарға арналған жұмыстың негізгі бағдарлары – Мемлекет басшысы қойған басымдықтар мен міндеттерді іс жүзінде жүзеге асыру, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың жалпы нарығында қазақстандық тауарларды ілгерілету жолындағы кедергілерді анықтау және жою. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары ұлттық деңгейде әрбір ел қолданатын мемлекеттік қолдау шараларының көлемі келісілген мәндерден аспауға тиіс екендігі туралы келісімге қол жеткізілді. Жалпы алғанда, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау және ілгерілету, сондай-ақ теңгерімді сауда саясатын жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар одан әрі жалғаспақ.

 

ЖАҢА ТЕМІРЖОЛ ЖЕЛІЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ОСЫ ЖЫЛЫ АЯҚТАЛАДЫ

Мемлекет басшысы көлік инфрақұрылымын дамытуға да баса назар аударып келеді. Биыл елімізде жаңа теміржол желілерінің құрылысы аяқталады. Ал Қызылорда – Жезқазған автожолындағы қозғалыс 2026 жылдың соңына дейін ашылады.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың сөзінше, теміржол инфрақұрылымы қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда Қызылжар – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол құрылысы жалғасуда. Алтынкөл – Жетіген, Жезқазған – Сексеуіл учаскелері жаңартылуда. Нсандардың құрылысы биыл бітеді.

Сонымен қатар вокзалдарды реконструкциялау жұмыстары жалғасатын болады. Автожолдар бойынша барлық ірі жобаларды қаржыландыру халықаралық қаржы ұйымдары арқылы жүзеге асырылады. 

Қызылорда – Жезқазған жобасы аясында қалған 208 шақырым учаскеде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Мұнда да құрылыс биыл  аяқталады.

Қызылорда – Ақтөбе бойынша биыл төрт жолақты автомобиль жолының құрылысын бастаймыз. Бейнеу – Сексеуіл жобасының дайындық жұмыстары басталды. Техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы бар. Қарағанды – Жезқазған және Сарыағашты айналып өту жолы бойынша да техникалық-экономикалық негіздеме дайын, биыл екінші жартыжылдықта құрылысқа кірісеміз. Аталған жобалар және халықаралық стандарттарға сәйкес автомобиль жолдарын жаңғырту мәселелері бойынша үш жылдық жоспарда бар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Авиация бойынша, 2025 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысы мақұлдаған үш жылдық жоспарға сәйкес жұмыстар басталды», деп атап өтті министр.

Ведомство басшысының айтуынша, биыл жаңа халықаралық авиамаршруттарды қайта бастау және ашу жоспарда бар. Сондай-ақ Вена, Рим, Шанхай және тағы басқа бағыттар бойынша рейстер ашылады.

Авиатранзитті ұлғайту үшін авиаотынның бағасын азайту шаралары жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз-Аэро» барлық әуежайларда қолжетімді.

Қазақстандық әуежайларға жүк авиатасымалдаушыларды тарту үшін ірі шетелдік авиакомпаниялармен жұмыс жүргізілуде. Олар, «FedEx» (АҚШ), «UPS» (АҚШ), «Cargolux» (Люксембург), «DHL» (Германия), «Lufthansa Cargo» (Германия). Жалпы бұл салада көрсеткіштер оң динамикасын көрсетіп отыр. Авиа жүк өндеуі өсіп жатыр. Өткен жылы жүк өндеуі 173 мың тоннаға жетті, бұл  аймақтағы ең үлкен көрсеткіш. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты күшейтеміз, деді атап өтті министр.

 

КӨМІР ГЕНЕРАЦИЯСЫН ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ЖОБА ӘЗІРЛЕНУДЕ

Жуырда ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мемлекет басшысының көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу және бекіту қажеттігі туралы айтқан тапсырмасын ведомство орындауға кіріскенін хабарлады.

Министрдің сөзінше бұл жоспарға шамамен 7,6 ГВт көмір генерациялау жобалары енгізілетін болады. Экологиялық заңнама талаптарын сақтай отырып, «таза көмір» технологиясы негізіндегі жаңа көмір генерациясының жобаларына ерекше назар аударылады. 

Жалпы қуаты 960 МВт болатын Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы 3 жылу электр орталықтары жобаларының аяқталу мерзімдері өзгермейді және олардың жүзеге асырылуы министрліктің толық бақылауында. Әрбір жоба көмір және газ генерациясын дамыту жөніндегі әзірленіп жатқан ұлттық жобада егжей-тегжейлі сипатталатын және тіркелетін болады. Бұдан бөлек, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында да  осы салада бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру күтілуде.

Біз деректерді өңдеу орталықтарының жоғары энергия сыйымдылығын ескере отырып, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп тұрақты және сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында, оның ішінде қажет болған жағдайда жаңа қуаттарды енгізу жөніндегі жоспарларды қайта қарайтын боламыз. Президент жаңа кен орындарын іздеу есебінен табиғи газдың әлеуетін күшейтуді тапсырған болатын. Газ саласының ұзақмерзімді ресурстық базасын нығайту және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «QazaqGaz» ұлттық компаниясымен геологиялық барлау жұмыстарының кешенді бағдарламасын жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта шамамен 515 миллиард  текше метр газды алдын ала ресурстық бағалаумен жер қойнауының 14 учаскесінде жұмыстар жүргізілуде,  деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.

Орта мерзімді перспективада геологиялық барлау портфелін газдың жиынтық ресурстық бағасы шамамен 1,7 триллион текше метр болатын 30 учаскеге дейін кеңейту көзделеді. Бұл өндірісті ұлғайту және болжамды ішкі сұранысты жабу үшін тұрақты негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге инвестициялық қызметті жандандыру және геологиялық тәуекелдерді бөлу мақсатында жер қойнауының 50-ге жуық учаскесін электрондық аукциондарға шығару жоспарлануда. Осы учаскелерде геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыру «QazaqGaz», «Самұрық-Қазына» және инвесторлардың қаражаты есебінен қамтамасыз етілетін болады. Еліміздің су-энергетикалық ресурстары картасын әзірлеу мәселесі бойынша жұмыстар Қауіпсіздік кеңесінің қорытындысы бойынша берілген хаттамалық тапсырмаларды орындау аясында басталды. Министрлік елдің гидроэнергетикалық әлеуетінің бірыңғай цифрлық картасын қалыптастыру жөніндегі жұмысты ұлттық деңгейдегі цифрлық платформаға интеграциялау арқылы бастады.

Платформа гидрологиялық, жер бедері, инфрақұрылымдық және құқықтық деректерді біріктіріп, оңтайлы жобалық шешімдерді қалыптастыруға, болашақ стансалардың параметрлерін есептеуге және жобалауға дейінгі дайындық мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді.

Ұлттық құрылтайда авиаотын бағасы көрші елдердегі әуежайлармен салыстырғанда тым қымбат әрі бәсекеге қабілетсіз екені айтылғаны белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша авиахабтарды дамыту контексінде «әр ұшаққа» авиаотын тоннасының құны 1200-ден 940 АҚШ долларына  дейін төмендетілді, одан әрі нысаналы төмендеуі тоннасына – 890 АҚШ доллары. Бұл отандық әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін жақсартуға және «Air Atlanta», «Hungary Airlines», «One Air» сияқты халықаралық авиакомпаниялардың рейстер санын арттыруға мүмкіндік берді.

 

СУ РЕСУРСТАРЫ – МАҢЫЗДЫ РЕЗЕРВ

Солтүстік Арал теңізінің ауданын 34 текше километрге дейін, ал оның аумағын 4-5 жыл ішінде 3 913 шаршы шақырымға дейін жеткізу жоспарлануда. Президенттің Ұлттық құрылтайда айтылған тапсырмаларын орындау шеңберінде теңізді сақтау жөніндегі шаралар туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтып берді.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда Солтүстік Арал теңізін сақтау және гидроэнергетика әлеуетін пайдалану мәселесін көтеріп, су ресурстары – энергетикалық жүйенің сенімділігін қамтамасыз етудің маңызды резерві екенін атап өтті. Министрдің сөзінше Арал теңізін сақтау мәселесі мемлекеттік су саясатының басым міндеттерінің бірі болып қала береді. Өткен жылы Өзбекстан Республикасымен трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім он жылдық келіссөздердің нәтижесі. Осылайша, Қазақстан көршілес мемлекеттердің барлығымен трансшекаралық сулар мәселесі бойынша құқықтық базаны қалыптастыруды аяқтады. Осы құқықтық негізде екіжақты комиссиялар құрылып, тұрақты өзара іс-қимыл мен үйлестіруді қамтамасыз етуде. Дәл осы су дипломатиясы мен Сырдария өзеніндегі су қоймаларының келісілген жұмыс режимдерінің нәтижесінде соңғы су аз жылдарында да Солтүстік Арал теңізіне тұрақты су түсуі қамтамасыз етілді.

– Нәтижесінде Солтүстік Аралдың көлемі 2023 жылдың басындағы 18,4 миллиард  текше метрден қазіргі уақытта 23 миллиард  текше метрге дейін ұлғайды. Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін әзірлеу аяқталуға жақын. Бұл Көкарал бөгетін қайта құруды және теңіз деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеруді көздейді. Солтүстік Аралдың ауданы 3 913 шаршы шақырымға, ал көлемі 34 текше километрге дейін артады. Теңізді осы белгілерге дейін толтыру мерзімі 4-5 жылды құрайды,  деп атап өтті министр.

Бұдан бөлек, министрлік Арал – Сырдария бассейнінде Түркістан және Қызылорда облыстарындағы суару жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру бойынша 167 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде. Сонымен қатар өңірде су үнемдеу технологиялары белсенді енгізілуде. Соңғы жылдардың қорытындысы бойынша Түркістан және Қызылорда облыстарында 143,1 мың гектар жерге енгізілді, бұл шамамен 500 миллион  текше метр су үнемдеуге мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта Көкарал бөгетінің, сондай-ақ Арал бассейнінің бүкіл су шаруашылығы секторының жобаларын жүзеге асыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарымен келіссөздер жүргізілуде. Биылғы жылдың соңына дейін іс-шараларды жүзеге асыруға қаржыландыруды тарту жоспарланған.

– Су ресурстарының энергетикалық әлеуетіне келсек, министрлік барлық экономика салалары, соның ішінде гидроэнергетика үшін мемлекеттік су шаруашылығы саясатының ұзақмерзімді жоспарлау құжаттарын әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл құжаттарда су балансы жаңартылып, елдің гидроәлеуетіне баға беріледі. Бірінші кезеңде су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі бассейндік жоспарлар әзірленеді, оларды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Екінші кезеңде, бассейндік жоспарлар әзірленгеннен кейін, су ресурстарын интеграцияланған басқарудың Бас жоспарын әзірлеу басталады, оны 2027 жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр, деп атап өтті министр.

Сонымен қатар министрлік Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарындағы Кіші Оба, Қалжыр, Көксу, Тентек, Лепсі өзендеріндегі жалпы қуаты 1000 МВт-тан асатын 5 ГЭС-ті стратегиялық су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстар тізіміне енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Бұдан бөлек, «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнымен республикалық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарда шағын ГЭС санын арттыру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі уақытта шағын гидроэнергетика орналастыру әлеуеті 20 МВт болатын 29 гидротехникалық құрылыс  іріктелді. Қазір Қарағанды облысындағы Самарқанд, Ақтөбе облысындағы Қарғалы және Шығыс Қазақстан облысындағы Қаракөл су қоймаларында жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Президент белгілеген стратегиялық міндеттер еліміздің тұрақты дамуына бағытталған маңызды бағдар болып табылады. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда Үкімет тарапынан нақты қадамдар жасалып, түрлі салада жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атқарылған істердің нәтижесі елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалынан көрініс табуда. Алдағы кезеңде қойылған мақсаттарды толық әрі сапалы орындау үшін мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы мен жауапкершілігі айрықша мәнге ие. Осы арқылы Қазақстанның орнықты дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға берік негіз қаланады.

Асан ТІЛЕМІСОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар