
Өткенге көз жүгіртер болсақ, кәсіподақтар Батыс Еуропа мен АҚШ-та өзара көмек қоғамдары ретінде ХVIII ғасырдың аяғында пайда болды. Францияда жұмысшы қоғамдары, АҚШ-та жұмысшы қауымдастықтары құрыла бастады. Германия мен Еуропаның басқа да елдерінде ХІХ ғасырдың 30-40 жылдары құрылған жұмысшы қауымдастықтары жұмыскерлердің мүдделерін қорғауды көздеді, олар нақты істерімен өздерінің дербес саяси күш екендігін көрсетті. Дамыған елдерде кәсіподақтар ХІХ ғасырда заңдастырылды. 1905 жылы кәсіподақтардың одақаралық органдары – Орталық бюролар құрылды. Қазақстанда да кәсіподақтар осы кезеңде құрыла бастады.
1905 жылдың желтоқсан айында қазіргі Қарағанды облысы орналасқан аумақта Өспен мыс кенішінің жұмыскерлері бірлесіп, ұйым құрады. Ол – Қазақстандағы ең алғашқы кәсіподақтық ұйым ретінде ресми тіркелген.
Қазан төңкерісінен кейін кәсіподақтардың рөлі түбегейлі өзгерді. Олар жартылай жария ұйымдардан жұмыскерлердің ірі бірлестіктеріне айналды. Кәсіподақтардың міндеттері мен қызметтеріне жаңа сапалық сипат берілді. Кәсіподақтар қозғалысы бұқаралық сипатқа ие болды. 1921 жылы 17-22 қазанда Орынборда Қазақстан кәсіподақтарының бірінші конференциясы өтті. Оның жұмысына 47 делегат қатысты. Кәсіподақтар кеңестік қоғам тарихындағы барлық кезеңдерде сан-салалы жұмыс жүргізіп, кеңестік жүйедегі алға қойылған нақты міндеттерді шешуге белсене атсалысты.
1948 жылы Бүкілодақтық Орталық Кәсіподақтар Кеңесінің (БОКК) XIX Пленумының қаулысын басшылыққа алып, соның негізінде біріңғай орталық орган ретінде ұйымдастырылды. Оны Қазақ кәсіподақтар кеңесі басқарды. Одан соң 1990 жылдың желтоқсан айында Қазақстан кәсіподақтарының кезекті съезі өтіп, онда ҚазКСР Кәсіподақтар федерациясын құру туралы декларация қабылданды.
Жоғарыда атап өткеніміздей биыл еліміздегі кәсіподақтар қозғалысының құрылғанына 120 жыл, ал Кәсіподақтар федерациясының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында еліміздің кәсіподақтары еңбекшілердің игілігі үшін белсенді жұмыс істеп, әлеуметтік және еңбек реформаларын іске асыруға үлес қосты және қосып келеді. Бүгінгі таңда кәсіптік одақтар түрлі салалардағы 2,5 миллионнан аса қызметкердің басын біріктіретін елдегі ең үлкен қоғамдық бірлестікке айналған.
Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясы еліміздегі еңбеккер қауымның құқығын қорғаушы бірден-бір ұйым екені анық. Өйткені, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдар алдында жұмыскерлердің құқықтарын қорғауды аталған ұйым өз жарғыларына енгізген. Кәсіподақтар федерациясы бүгінгі таңда еңбеккерлердің құқығын қорғау мен қамтамасыз етуге қатысты заңдық һәм нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру, сол арқылы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, осы бағыттағы ұлттық саясатты әрі қарай дамыту мен күшейту мақсатындағы қызметін жалғастыруда.
Кәсіподақтар өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасы және халықаралық актілер мен келісімдерде бекітілген өзге де заң нормалары шеңберінде, өздері қабылдаған жарғыларға сәйкес мемлекеттік органдар мен саяси, қоғамдық ұйымдардан тәуелсіз жағдайда жүзеге асырады. Олармен өзара қарым-қатынастарын әріптестік пен құрметтеушілік, сұхбаттастық пен ынтымақтастық негізінде құрады. Кәсіподақтардың құқықтарын шектейтін немесе олардың заңда көзделген құқықтарын жүзеге асыруына кедергі жасайтын қандай да болсын араласушылыққа тыйым салынады. Кәсіподақ өз мүшелерінің мемлекет және шаруашылық құрылымдармен, қоғамдық бірлестіктермен, кәсіпкерлермен қарым-қатынасындағы құқықтары мен мүдделерін білдіріп, қажет болған жағдайда бұларды қорғауға жәрдемдеседі. Ұжымдық шарттар мен тиісті деңгейдегі тарифтік келісімдер жасасады, олардың арасындағы жекелей және ұжымдық еңбек дауларын шешуге көмектеседі.
Осы жылдың 12 шілдесінде Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезі өтті. Бұл – елдегі кәсіподақ қозғалысының ең жоғары органы. Маңызды жиынға еліміздің барлық өңірінен жиналған делегаттар, салалық кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, әлеуметтік әріптестер, халықаралық сарапшылар мен әлемнің қырыққа жуық елінен келген ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары, барлығы 300-ден астам адам қатысты. Съездің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің соңғы бес жылдағы қызметінің есебі болды. Осы бес жылдың ішінде кәсіподақтар өзгеру мен жаңғыру жолынан өтіп, ел ішінде де, халықаралық аренада да беделін қайта қалпына келтіре алды. Кәсіподақтар Халық коалициясының құрамына еніп, Конституцияны жаңғырту ісіне өз үлесін қосты. 478 кәсіподақ мүшесін ұсынып, олардың 270-і халық сеніміне ие болып, әртүрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары болып сайланды. Бұл еңбеккерлер үнін билікке жеткізуге жол ашты.
Федерация мен әлеуметтік әріптестердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде Қазақстанда лайықты еңбекке қолдау көрсету жөніндегі ХЕҰ (Халықаралық еңбек ұйымы) Жол картасы қабылданды. Бұл – Қазақстанның еңбек саласындағы жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айғағы. Еліміздің тарихында алғаш рет ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбо Қазақстанға ресми сапармен келді. Оның ең алғашқы кездесуі Кәсіподақтар федерациясымен өтті. Бұған қоса, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына қайта мүше болып кірді. Федерация төрағасы ХКК Бас кеңесінің мүшесі және Бүкілеуропалық аймақтық кеңестің вице-президенті болып сайланды. Сонымен қатар, биыл Анкарада Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының I Конгресі басқарушы органдарды сайлады. Жоғарыда аталған ұйымның Бас хатшысы болып Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин сайланды. Бұл – әлемдегі миллиондаған еңбек адамына әсер ететін шешімдерге ықпал етудің нақты тетігі.
Есепті кезеңде республикалық үшжақты комиссияның 9 отырысы өтіп, онда жалақыны индексациялау, ең төменгі жалақы көлемі, әлеуметтік төлемдер, еңбек дауларының алдын алу секілді негізгі мәселелер талқыланды. Өңірлерде кәсіподақтар формалды келісімдерден нақты шешім қабылдауға ықпал ететін тетікке айналды – әкімдердің қатысуымен және бірлескен төрағалықпен 800-ден аса жиын өтті. 2024 жылы ұсынылған бастамалардың әр үшіншісі кәсіподақтардан шыққан – бұл күн тәртібін белсенді қалыптастырудың нақты көрінісі.
Ұжымдық шарттардың саны 40 пайызға артып, кәсіподақ ұйымдары бар мекемелердің 97 пайыздан астамын қамтыды. Оның ішінде шағын және орта бизнес нысандары да бар. Бұл – жұмыс берушілердің кәсіподақтарға деген сенімі арта түскенінің айғағы.
Жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту мен құқықтарын қорғау бағытында бірқатар оң нәтиже бар. Ең төменгі жалақы екі есе өсті, оны есептеудің әділ әрі жаңа тәсілі енгізілді. Еңбек даулары бойынша әділеттілікті қалпына келтіру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді – сотта 247 іс жұмысшылардың пайдасына шешіліп, 3,7 миллиард теңге көлеміндегі еңбекақы берешегі қайтарылды.
Кәсіподақ жұмысының басым бағыттарының бірі – еңбек дауларының алдын алу. Бұл саладағы жұмыс тәсілі түбегейлі өзгертіліп, реактивті әрекеттен – жүйелі алдын алуға көшірілді. Күн сайынғы ахуалды бақылау жүйесі енгізіліп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, еңбек сын тәуекелдері картасы әзірленді. 1600-ден астам еңбек консультациялары өткізілді, 40 мыңнан аса адам оқудан өтті. «30 Еңбек елшісі» жобасы – дәстүрлі тәсілдер нәтиже бермейтін жағдайларда ортақ шешім табуға көмектесіп жүр. Ең бастысы, кәсіподақтар қатысқан істердің 97 пайызында жұмысшылардың талаптары қабылданды.
Кәсіподақ бар кәсіпорындарда әлеуметтік әріптестіктің бірлескен күш-жігерінің арқасында өндірістегі жарақат алу деңгейі екі есеге төмендеді. Гендерлік саясат та қарқынды дамып келеді. Бүгінде федерация құрамындағы мүшелердің 55 пайызы әйелдер, ал бастауыш кәсіподақ ұйымдарының 60 пайыздан астамын әйелдер басқарады.
Федерацияның осы күнге дейінгі маңызды жетістіктерінің қатарында зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлерге арнайы төлемдердің енгізілуі, 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек пен Өнеркәсіптік қауіпсіздік тұжырымдамаларының қабылдануы, еңбек медицинасын дамыту және шахталардағы қауіпсіздікке қатысты Халықаралық еңбек ұйымының №176 Конвенциясын ратификациялау мәселесін ілгерілету бар.
Ал, Кәсіподақтар федерациясының өңіріміздегі құрылымына келетін болсақ, Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігі бүгінде облыс көлемінде экономиканың әр саласын қамтитын 15 салалық кәсіподақ ұйымының жұмысын біріктіріп, үйлестіріп отыр. Биыл Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесінің 4 отырысы өтті. Онда көптеген мәселе қаралып, өз шешімін тапты.
Сонымен қатар кәсіподақ ұйымдары жұмысының негізгі мақсаттарының бірі – кәсіподақ мүшелерінің санын арттыру, кәсіподақ қозғалысына жұмыскерлерді көптеп тарту. Жалпы, өңірлік үшжақты комиссия отырысында тараптардың келісімімен барлық меншік түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарда кәсіподақ қозғалысын жандандыру үшін және еңбек адамының мүддесін тиісті деңгейде қорғау үшін кәсіподақ ұйымдарын ашу туралы хаттамалық тапсырма берілгенін айта кету керек. Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Мәселен, егер облыстағы барлық кәсіподақ ұйымдарындағы кәсіподақ мүшелерінің саны 2021 жылы 121 мың адам болса, қазіргі таңда мүшелер саны 125 мың адамға жуықтады. Сол сияқты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны да 1 300-ден 1 420-ға артып, еңбеккерлердің кәсіподақ қозғалысына қызығушылықтарының артып отырғанын көрсетіп отыр. Жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдары білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, ауылшаруашылығы және тұрғын үй мен құрылыс кешені саласында көптеп ашылуда.
Кәсіподақ қозғалысының негізгі тірегі бастауыш кәсіподақ ұйымдары десек, сол ұйымдармен тығыз байланыс орнату, олардың мұң-мұқтажын білу біз үшін үлкен мәнге ие. Бұл бағытта Кәсіподақтар Федерациясы «Халың қалай, бастауыш ұйым?» акциясын бірнеше жыл бойы тұрақты ұйымдастырып келеді. Осыған орай, Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігі өкілдерінің қатысуымен өткен жылы бастауыш ұйымдармен 25 кездесу өткізілді. Осы кездесулерге 960 кәсіподақ мүшесі, 17 жұмыс беруші өкілдері қатысты. Осы аталған кездесулерде 17 мәселе көтеріліп, ол сауалдар Кәсіподақтар федерациясына жолданды. Биыл 27 бастауыш ұйымда кездесулер өткізіліп, қордаланған мәселелер сарапталып, жоғарғы органдарға шешімін табуға жіберіліп отыр.
Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігі еліміздің әлеуметтік әріптестік жүйесіндегі өңірдегі өкілінің бірі ретінде облыстық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның жұмыстарына тұрақты түрде қатысып отырады. Өңірлік үшжақты комиссияның өткен үш отырысында өңірдегі әлеуметтік еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелер қаралды. Соның ішінде өңірдегі жұмыскерлердің өмір сапасына тікелей әсер ететін өзекті мәселелер – жалақы қарыздарына жол бермеу, айлық жалақыны инфляция деңгейінен кем емес мөлшерде жыл сайын индексациялау, өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету, әлеуметтік-еңбек жанжалдары мен дауларына жол бермеу және алдын алу болды.
Кәсіподақ ұйымдары жұмысының тағы бір негізгі бағыты – еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау. Жалпы, кәсіподақ өкілдерінің ұстанымы – әрбір еңбеккер жұмыстан соң өз үйіне дін-аман оралуы тиіс. Осы орайда облысымыз бойынша жұмыс орнында өндірістік жарақат алу жағдайларына тоқталып өтсек. Өткен жылдың 6 айында өңірдегі барлық меншік түріндегі кәсіпорындарда 25 өндірістік жарақат алу жағдайы тіркеліп, 28 адам зардап шекті, 4 адам қайтыс болды. Ал, биылғы жарты жылдықта 21 оқиға орын алды, 25 адам зардап шекті, мұнда да 4 адам қайтыс болды.
2023 жылы 52 жазатайым оқиға орын алса, онда 66 адам зардап шегіп, 9 адам қайтыс болған, ауыр жарақат алғандар саны 32 адам болды. Осы жылдың өткен кезеңінде облыс кәсіпорындары мен мекемелерінде 45 жазатайым оқиға орын алып, онда 48 адам зардап шекті, соның жетеуі қайтыс болды, 22 адам ауыр түрдегі жарақаттар алды. Осы 45 жазатайым оқиғаның 13 жағдайы кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындар мен мекемелерде орын алды. Атап кететін жайт, биылғы орын алған 21 оқиғаның 17 жағдайында, яғни 81 пайызында жұмыс берушілердің кінәсі 50 пайызды құрады. Бұл – еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігі талаптарына айрықша назар аудару керектігін, сәйкесінше қауіпсіздік талаптарын сақтамай, өрескел заң бұзған жұмыс берушілерге әкімшілік, тіптен қылмыстық жауапкершілікті арттыру қажеттігін көрсетіп отыр. Дегенмен, кәсіподақ ұйымдары жазатайым оқиға орын алғанда, ұжымдық шарттарда қаралған көмектер арқылы және кәсіподақ қаражаттары арқылы зардап шеккен жұмыскерге мейлінше көмектесуге әзір. Тек өткен жылдың өзінде кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындар мен мекемелер тарапынан жазатайым оқиғалардан зардап шеккен 21 кәсіподақ мүшесіне көрсетілген материалдық көмек сомасы 51,4 миллион теңгені, кәсіподақ ұйымдары тарапынан көрсетілген көмек сомасы 2,3 миллион теңгені құрады.
Кәсіподақтардың дәнекерлігі мен медиациясы арқылы еңбеккерлер мен жұмыс берушілердің тең құқылы диалогының арқасында ғана еңбек қатынастарын тиімді реттеуге болады. Осындай ынтымағы жарасқан ортада еңбек этикасын кемеліне келтіріп, әлеуметтік жауапкершілікті өрістетуге жұмыстар жүргізілуде.
Кешегіміз бен бүгінімізді қалыптастырып, тоғыстырған – еңбек. Жұмысшы мамандықтарын дамыту және қолдау еліміздің тұрақты экономикалық өсуі мен инновациялық дамуын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Елдегі еңбеккер қауымның, еңбек адамының бүгінгі бет-бейнесін, оның тұрмыстық әлеуетін көтеру бойынша жұмыстарды әрі қарай да жалғастыру, кәсіподақтар тарихын жаңғырта отырып, еңбеккерлер қауымын ел ішінде кеңінен насихаттау бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.
Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ,
«Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы»
аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің
төрағасы