
Президент: «Жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзыретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс. Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет. Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады. Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет. Мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді.
Жасанды интеллект арқылы оқу бағдарламаларын жаңғырту, оқушылар мен студенттердің қабілетін ашу жолдарын жетілдіру – қазіргі заман талабына сай бастамалар. Жуырда Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев та бүгінде барлық салаға жасанды интеллект еніп жатқанын, қазірдің өзінде педагогтер оны оқу үдерісіне қолданып отырғанын жеткізді. «Мәселен, осы жылдың алғашқы алты айында 160 мың мұғалім арнайы дайындықтан өтті. Бүгінгі уақытта барлық мұғалімге арналған ақысыз онлайн курсты ұйымдастыра бастадық. Бірақ атап өтеріміз, жасанды интеллект ұстаз орнын баспайды. Ертеңгі күні балаларды сыныпқа кіргізіп, тек жасанды интеллект сабақ береді деген үрдіс болмайды. Ондай жайт мүлде қарастырылмаған. Жасанды интеллект тек мұғалімге көмекші құрал ретінде тиімді болады, ал негізгі білім беру барысының жауапкершілігі педагогтің өзінде қала береді» деді комитет төрағасы.
Иә, жасанды интеллект мұғалімнің орнын алмастыра алмайды. Бірақ мұғалімдерге де, оқушыларға да үлкен мүмкіндіктер сыйлайды деп ойлаймын. Мәселен әр оқушының деңгейі, қабілет-қарымы мен қызығушылығына қарай дербес тапсырмалар дайындауға ЖИ таптырмас құрал. Сонымен қатар ЖИ ұстаздардың уақытын үнемдейді. Жасанды зерде арқылы мұғалімнің күнделікті жұмысы едәуір жеңілдейді деп ойлаймын. Сабақ дайындау, кері байланыс тапсырмаларын тексеру, мәтін құрастыру, статистика шығару, оқушылардың үлгерімін талдау секілді күнделікті міндеттерін ЖИ көмегімен автоматты түрде орындай алады. Нәтижесінде, мұғалім оқушылармен шығармашылық жұмысқа көбірек уақыт бөледі.
Жасанды интеллектінің тағы бір артықшылығы – қашықтан білім алудағы тең мүмкіндік. Ауыл мектептеріндегі оқушылар да заманауи құралдарды пайдалана алады. Бұл – сапалы білімге қолжетімділікті арттыратын қадам.
Айман АБДРАСИЛОВА,
Нарғозы Данаев атындағы орта мектептің
математика мәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы