
Өкініштісі, Әулиеата өңірінде осындай талапты ұл-қыздарға кәсіби бағыт-бағдар беретін ұстаздар жоқтың қасы. Анығын айтқанда, облыс көлемінде әуе кемелерін модельдеу бойынша шәкірт тәрбиелеп жүрген бар-жоғы 2 маман бар екен. Соның бірі – Жамбыл ауданының тумасы Қайрат Отарбаев.
Қайрат Дәулетқұлұлы 40 жылға жуық уақытын білім саласына арнаған жан. Ұзақ уақыт Аса ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияда еңбек пәнінен сабақ берген. Бүгінде Жамбыл аудандық техникалық-шығармашылық орталықта әуе үлгілеу үйірмесіне жетекшілік етіп жүр.
– Орталық ашылғанда ұсыныс түсті. Өйткені жаңа орталыққа әуе үлгілеу маманы ауадай қажет болды. Техникалық-шығармашылық орталықтың оқыту бағыттарының бірі – әуе үлгілеу, кеме жасау, авто-ракета, суда жүзетін құрылғыларды құрастыруға баулу еді. Сол саланы үйрететін маман ретінде шақырылдым. Осы уақытқа дейін оқушыларым көптеген аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысты. Жетістігіміз де аз болған жоқ. Мәселен «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты инновациялық байқауға жыл сайын қатысамыз. Талдықорған, Қарағанды, Қызылорда қалаларында өткен республикалық бәсекелерде шәкірттерім жүлделі орындарға ие болды. Экология саласын дамытуға да үлес қостық. Бір жолы Ақтау қаласында өткен экологиялық форумда оқушым бірінші орынды иеленді. Әрине, жасаған жобаларымыз көп жағдайда сол жоба күйінде қалады. Бірақ ол еңбектің әрқайсысы балалардың ой-өрісін кеңейтіп, қиялдарына қанат бітіреді, – дейді Қ.Отарбаев.
Қайрат Дәулетқұлұлы тоқсаныншы жылдардың басында балалар мен жасөспірімдер орталығында қызмет істеген екен. Зымыран мен түрлі ұшақтарды үлгілеуді сол кезде меңгерген. Кейін Кеңес үкіметі ыдыраған соң орталық жабылып, бұл сала ұзақ уақыт тұралап қалған көрінеді. Тек 30 жыл өткен соң Жамбыл ауданында техникалық-шығармашылық орталық қайта ашылып, әуе кемелерін үлгілеу бағытын жандандырудың сәті түседі.
Орталық басшылары «тәжірибесі бар шебер» деп аттай қалап шақырып тұрған соң Қайратқа өткен күндердегі білімін қайта еске түсіруге тура келеді. Оқушыларға үйретпес бұрын өз біліктілігін жетілдіріп алуды жөн көрген ұстаз осы саладан хабары бар маманды таба алмай дал болады. Ақырында Тараз қаласындағы облыстық техникалық-шығармашылық орталықта әуе үлгілеу үйірмесіне жетекшілік етіп жүрген Александр Лысенко есімді шебердің бар екенін естиді. Сөйтіп Александрға барып, әуе көлігін, зымыран үлгілерін құрастыру бағыты бойынша толыққанды мәліметке қанығып алады. Сол кезден бері қос әріптес бірлесіп жұмыс істеп келеді.
– Жақында ғана шәкірттеріммен бірге республикалық жарысқа облыстың құрамасы атынан қатысып қайттық. Есберген Бекболат атты талантты оқушым квадрокоптер ұшыру бойынша республика чемпионы атанды. Командалық есепте облысымыз бірінші орынды жеңіп алды. Соңғы жеті жыл бойы өңіріміз техникалық жарыстарда бірінші орыннан түспей келе жатыр. Балалардың әуе кемелерін үлгілеуге қызығушылығы жоғары. Біздің шеберханада олар өз қолымен ұшақтарын жасап, ұшыруды үйренеді, жарыстарға қатысады. Бірақ әуе үлгілеу үйірмесін жүргізу оңай емес. Себебі оған қажетті қозғалтқыштар, электронды бөлшектерді, тағы да басқа саймандарды шет елдерден, Қытайдан, Ресейден, Украинадан алдырамыз. Соларды құрастырып, жарыстарға шығамыз, – деген шебер әуе кемелерін үлгілеу саласы бүгінде аса маңызды екенін жеткізді.
Себебі ол балаларды ғылымға жетелейді, ойлау қабілетін шыңдайды, техникалық білімін арттырады.
– Негізі авиамодельдеу ісі XX ғасырдың басында авиацияның дамуына байланысты пайда болған. Ал әуе кемелері үлгілері арасындағы алғашқы жарыстар 1905 жылы Францияда өткен. Модельдер авиацияның дамуына үлкен ықпал етіп, жаңа идеяларды сынақтан өткізуге, ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар 2000 жылдардан бері мектеп оқушыларына техникалық білім беруге көңіл бөлініп қана қоймай, авиамодельдік үйірмелер қайта жанданды. Қазіргі заманғы әуе кемелерін үлгілеу – ұшақ жасаудағы ең маңызды көмекші құрал. Жаңа ұшақты салмас бұрын аэродинамикалық және басқа да сынақтар дәл осы кішірейтілген үлгілерде тексеріледі. Халықаралық деңгейде бұл спорт түрін Әуе спортының халықаралық федерациясы (FAI) басқарады. Сондықтан еліміз де көштен қалып қалмаса екен деп тілеймін. Облысымызда ұшақ, зымыран үлгілерін жасайтын шеберлердің жоқтығы жаныма батады. Одан бөлек білгір мамандардың өзімізде тұрақтамай, дамыған елдерге кетіп қалатыны да көңіл бөлетін өзекті мәселе деп ойлаймын, – деген Қайрат Дәулетқұлұлы жас жеткіншектермен бірге ұшақ пен зымыран модельдерін ғана емес, шығармашылық, ғылыми жобалар да жиі жасайтынын жеткізді.
Сондай маңызды жобаның бірі – күн сәулесін тиімді пайдаланып, жердің қараңғы аумақтарын жарықтандыру жобасы. Аталған жобаны 11-сынып оқушысы Жарқынбек Дәулетхан атты талантты шәкірті құрастырған. Үйірме жетекшісі қажет кезде көмектесіп, ой қосып отырған.
Жалпы бұл жоба адамзаттың ежелден келе жатқан арманымен үндесіп жатыр. Көпшілігіміз білетіндей, жердің бір бетінде күн шықса, екінші бетінде қара түнек орнайды. Ал солтүстік пен оңтүстік полюстерде бұл құбылыс тіпті шегіне жетіп, 6 ай бойы күн нұры шашылып тұрса, келесі 6 айда қараңғылық басады. Осындай ұзақ уақыт бойы жарықсыз қалатын аумақтарда адамдардың тіршілігі мен шаруашылық жұмыстары едәуір қиындыққа тап болатыны белгілі. Сондықтан қараңғылықты сейілтудің, күн сәулесін жасанды жолмен жеткізудің ғылыми жолын іздеу – бүкіл адамзат алдында тұрған маңызды міндет.
Осы мәселені шешу үшін Жарқынбек ғарышқа ұшыратын жасанды күн серігін ойлап тапқан. Құрылғысына «Қазсат-4» деген атау беріп, оған көлемді айналар орнатыпты.
– Жер серігі күн сәулесін жинап алып, қараңғылық басқан өңірлерге бағыттап тұрады. Сөйтіп жердің қараңғы аумақтарына жарық түсіріп қана қоймай, сонымен қатар жоғары сапалы байланыс орнатып, халықаралық деңгейде коммерциялық қызмет көрсетуге жол ашады. Яғни бұл жоба болашақта тек әлеуметтік тұрғыда ғана емес, экономикалық тұрғыдан да мол мүмкіндік береді. Осы тұста жобама жетекшілік жасаған Қайрат ағайдың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Ол жылдар бойы жинаған тәжірибесін шәкірттерінің бойына сіңіріп, әрқайсысымыздың мүмкіндігімізді ашуға жағдай жасап келеді. Біздің жеткен жетістіктеріміздің бәрінде ұстазымыздың еңбегі мен қолдауы бар. Сондықтан бұл жобаны мен тек жеке табыс емес, ұстаз еңбегінің нәтижесі деп бағалаймын, – дейді жоба авторы.
Әрине, мұндай бастама алғаш естігенде қиял-ғажайып ертегі сияқты көрінуі мүмкін. Дегенмен ғылым тарихына көз жүгіртсек, ең үлкен жаңалықтар дәл осындай қиялдан туғанын көреміз. Кезінде адамдардың Айға қонуы, ғарышқа жасанды серік ұшыруы да мүмкін емес арман болып көрінген. Бүгінде ол – шындық. Демек, күн сәулесін Жердің қараңғы бетіне бағыттау идеясы да ертеңгі күні нақты жүзеге асуы ғажап емес.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ