
Енді «ақылды қабырғаның» арқасында ондағы өрендер үшін биология сабағы бұрынғыдан да қолжетімді бола түсіп, қызығы мол ғылымға айналды.
Негізі игі бастаманы жүзеге асыру идеясы ұстаздың ойында көптен бері жүрген екен. Осы мақсатта Инна Аксёнова «SMART WALL» атты авторлық әзірлемесін дайындапты. Осы жобасымен 2024 жылы Финляндияда өткен «Science on Stage Europe» халықаралық фестивалінде Қазақстанның атынан өнер көрсетіпті.
Педагогтың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – арнайы қабырға панельдеріне киізден жасалған көрнекі әрі қолмен ұстап сезуге болатын үлгілерді орналастыру. Бұл тәсіл балаларға, соның ішінде көру қабілеті шектеулі оқушыларға оқу материалын қолымен сезу арқылы жақсырақ меңгеруге мүмкіндік береді.
Жобаның жетістігі Иннаның оқушыларын да «Biotact» атты волонтерлік клуб құруға шабыттандырған. Осылайша жаңа ашылған клуб мүшелері «Болашақ» мектеп-интернатымен ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойып, тәрбиеленушілердің ата-аналары мен педагогтарымен тығыз байланысты жұмыс жүргізе бастайды.
– Бір жыл бойы балалар мектеп бағдарламасына сәйкес тақырыптар бойынша киізден жасалған үлгілерді ойластырып, өз қолдарымен жасады. Іске кіріспес бұрын біз интернаттың биология пәні мұғалімімен кеңесіп, бұл оқу құралдарының балаларға шынымен пайдалы болатынына көз жеткіздік, – дейді И. Аксёнова.
Жоба бәрінің ойынан шығыпты. Интернаттың биология кабинеті «ақылды қабырғамен» толығып, оқушылар 20-дан астам ерекше оқу модельдеріне қол жеткізді.
Айта кетсек, «Biotact» волонтерлік клубының жұмысы осы жобамен аяқталмайды, керісінше жаңа бағыттарға жол ашып жатыр. Қазірдің өзінде оқушылар жаңа идеяларды жүзеге асыруға дайындалып жүр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ