
Шақырылушыларды іріктеу кезең-кезеңімен жүргізіледі. Қыркүйек айы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметіне жасақтар құруға арналған. Келесі кезеңде яғни, кейінгі айларда ҚР Қарулы күштеріне іріктеу басталады. Ал дәстүр бойынша күзгі науқан Ұлттық ұланға шақырылушыларды жасақтаумен түйінделеді.
Жалпы ел қауіпсіздігінде енжарлық танытып, әскерден қашып, шақыру қағазын елемей жүретін азаматтар көп. Дейтұрғанмен шақыруды күтпей, әскери комиссариатқа өз еркімен баратын жастар да аз емес. Мұндай қадамға көп жағдайда үлкендердің қолдауы итермелейді.
«Әскерге бару – әрбір ер-азаматтың парызы!» – деген берік ұстаным Қуаныш Болатұлының отбасындағы барлық ер-азаматтарға ортақ. Сондықтан да әулеттің ақсақалы, Қуаныштың атасы Гаухарбек Алтаев немересімен бірге әскери комиссариатқа еріп келіп, демеу болған екен.
– Немеремнің жанынан табылып, жігер бергім келді. Негізінде Қуаныш әскерге баруға сақадай сай десем де болады. Бірақ осындай жауапты сәтте атасы қасында болғаны дұрыс деп санаймын. Қазір оның болашағына жол ашылып жатыр. Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келсе, алдынан барлық есік айқара ашылады, үлкен өмірге қадам басады. Ал ол қадамды Отан алдындағы қызметтен бастаған – ең дұрыс жол! – дейді Г.Алтаев.
Гаухарбек ақсақалдың өзі де кезінде Ресейдегі «Забайкалье» әскери округінің зымыран және артиллерия бөлімінде байланысшы болып борышын өтеген. Сондықтан әскер өмірін жақсы біледі.
Үлкендердің осындай қолдауы жастарға зор жігер сыйлайды. Жас жігіт отбасының қолдауын сезінгенде, әскерге көтеріңкі көңіл күймен аттанары анық.
– Әскерге шақырылушы жігіттердің артында отбасының қолдауы тұрғаны біз үшін өте маңызды. Себебі жас сарбазға ең әуелі туыстарының сенімі мен батасы жігер береді. Мұндай қолдауды сезінген шақырылушы әскери қызметке үлкен жауапкершілікпен қарайды, ал бұл оның болашағына да оң әсерін тигізеді. Сондықтан біз әскер қатарына алынатындардың отбасынан мұндай қолдау тапқанын әрқашан құптаймыз. Өйткені саналы көзқарас танытқан ата-ана мен туған-туыстың ықыласы – шақырылушыға да, бізге де зор көмек, – деп атап өтті облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Нұрбол Зейнелов.
Көп жағдайда жастардың әскерге деген көзқарасы ата-анасының пікіріне қарай қалыптасады. Егер отбасы мүшелері әскерге алаңдаушылықпен қараса, жас жігіттің де көкейінде күдік пайда болады. Ал отбасынан сенім мен қолдау көрсе, оның өзіне деген сенімділігі арта түседі.