
Бозкілемге шыққан 90 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі балуандар өздерінің күшін, төзімділігі мен техникалық шеберлігін паш етті. Тартысты белдесулердің нәтижесінде Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубының балуаны, аға лейтенант Марат Байқамұров чемпион атанды. Оның әріптесі сержант Әділ Оразбаев екінші орынды иеленді. Ал жүлделі үшінші орынды Ұлттық ұланның қатардағы жауынгері Жандос Сейтенов жеңіп алды.
«Әскер барысы» турнирі күштік құрылымдар қатарындағы ең мықты балуандарды анықтап қана қоймай, әскери қызметшілер арасында ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағытталған маңызды кезеңге айналды.
– Әскери адамдар үшін күрес жай ғана спорт емес, бұл – мінез мектебі. Кілемге әр шыққанымыз – ерік-жігерді сынау. «Әскер барысы» турнирінде жеңіске жету – үлкен абырой. Мен «Қазақстан барысында» Қорғаныс министрлігінің намысын қорғауға тырысамын, – деді аға лейтенант Марат Байқамұров.
Турнир армия спортшыларына тән дене дайындығы мен спорттық рухтың жарқын көрінісі болды. Алтын, күміс медаль иеленген спортшылар «Қазақстан барысы» турнирінің финалдық кезеңінде Қорғаныс министрлігінің намысын қорғайтын болады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ