Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Погон таққан дәрігер

Погон таққан дәрігер
Автор
Ел тыныштығын күзету мен қорғау сарбаздардың ғана міндеті емес. Қауіпсіздігімізді сақтап, қорғаныс әлеуетімізді қамтамасыз етуде әскери дәрігерлердің де үлесі зор.

Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Тәуелсіз Қазақстан әскери медицинасының тарихы 1992 жылы Қарулы Күштер Бас штабының Әскери-медициналық басқармасы құрылған кезден басталады. Бүгінгі таңда бұл басқарма 8 госпитальдан, 4 лазареттен және медициналық пункттерден тұратын кең жүйеге айналған. Өткен жылдың өзінде емдеу мекемелерінің стационарларында 10 мыңнан аса пациент көмек алыпты.

Погон таққан ақ халаттылар еңбек ететін емдеу мекемелерінің бірі – Гвардейск гарнизонының әскери госпиталі. Аталған медициналық бөлімше гарнизонның негізгі тірегі десек қателеспейміз. Ондағы әскери ақ халаттылар осы стратегиялық аймақта қызмет ететін бірнеше мың әскери қызметшінің денсаулығына жауапты және қажет болған жағдайда жергілікті тұрғындарға  да медициналық көмек көрсетеді.

Кейіпкеріміз, Гвардейск гарнизоны әскери госпиталінің хирургия бөлімінің меңгерушісі, медицина қызметінің капитаны Азамат Әлиакбар бізді аурухана дәлізінде қарсы алды. Онда жоспарлы тексерулер, операцияларға дайындық, кеңес беру секілді күнделікті жұмыс қызу жүріп жатыр.

– Мен дүниеге келгенде анам өмір мен өлімнің арасында болды. Бәрін бір сәт, бір дұрыс әрекет шешті. Одан кейін акушер оған «Сіздің ұлыңыз дәрігер болады-ау осы» депті. Ал таңдау уақыты келгенде мен саналы түрде осы жолға аяқ бастым. Кезінде анамды аман алып қалған дәрігерлер тәрізді адамдарға көмектескім келді, – дейді әскери дәрігер.

Азамат әскери медицинаны да кездейсоқ таңдаған жоқ.

– Әскери медицина білімді ғана емес, мінезді де қажет етеді. Әскери дәрігер кез келген жағдайда, атап айтқанда, майдан шебінде, дала госпитальдарында, жаралыларды эвакуациялау кезінде жұмыс істеуге дайын болуы тиіс. Емдеп қана қоймай, сын сәттерде көбінесе жалғыз дұрыс шешім қабылдай білу қажет, – дейді кейіпкеріміз.

Кейіпкеріміз аты аңызға айналған әскери дәрігерлер ұстаханасы – Санкт-Петербургтегі Киров атындағы әскери-медициналық академияда 6 жыл білім алған. Адемияны бітірген соң Талдықорған қаласындағы десанттық-шабуылдаушы әскерлер құрамындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының медициналық взводының командирі болып тағайындалыпты.

Азамат кейін де өзінің кәсіби біліктілігін арттыруды жалғастырып, Әскери-медициналық академияның аспирантурасына оқуға түседі. Бұл кезең оның хирургиялық білімін дамытуға, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік берді. Аспирантураны тәмамдағаннан кейін Гвардейск гарнизонындағы госпитальдің хирургиялық бөлімін басқару міндеті жүктелген.

– Операция бөлмесінде сіз жалғызсыз, кеңес сұрауға мүмкіндік жоқ. Ал әр пациент біреудің баласы, ағасы, күйеуі. Әрбір әрекетіңе сенімді болуың керек, – дейді Азамат.

Бүгінгі таңда қазақстандық әскери дәрігерлер армияның ажырамас бөлігіне айналды. Олар Ирак пен Ливандағы бітімгершілік миссия аясында адамдардың өмірін сақтап қалды. Су тасқыны мен жер сілкінісі ошақтарына бірінші болып жетті, жылжымалы ауруханаларды орналастырып, психологиялық көмек көрсетті. COVID – 19 пандемиясы кезінде олар айлар бойы «қызыл аймақтарда» жұмыс істеп, ең шалғайдағы гарнизондарда жаппай егу жұмыстарын жүргізді. Олардың жұмысы, білімі мен міндетіне адалдығы сенімді қалқан болып қала береді, онсыз Қарулы Күштеріміздің әлеуетін елестету мүмкін емес.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар