Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Халық жазушысына құрмет

Халық жазушысына құрмет
Автор
28 қыркүйек Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туған күніне орай Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен «Шерағаның шекпенінен шыққандар» атты республикалық әдеби кеш қайраткердің туған ауылы Талаптыда ұйымдастырылды.

Шерағаның тәлімін алған, бүгінде қазақ әдебиеті мен журналистикасында тұлғалық жолдарын қалыптастырған зиялы қауым алдымен облыс орталығындағы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз универститетінің алдындағы жазушының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Бұдан соң әдеби кеш Шерхан Мұртазаның мемориалдық үйінде жалғасып, қалам ұстаған қайраткерлер жазушының мұралары мен тарихи суреттерімен танысты.

Расында «Шерағаның шекпенінен шыққан» қаламгерлер шоғыры – ұлт руханиятының үлкен тірегіне айналды. Бұл шоғыр қазақ сөзінің абыройын көтеріп, ақпарат пен әдебиеттің дамуына әлі де өз үлестерін қосып келеді. Сондықтан жиында Шераға мен ол кісінің шекпенінен шыққан әдебиет өкілдерінің рухани мұраларын дәріптеу, ұстаз бен шәкірт арасындағы тағылымды байланысты жаңа буынға үлгі ету сарыны менмұндалап тұрды.

Әдеби мазмұнда өрбіген жиынды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы жүргізіп отырды. Алдымен сөз алған облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын оқып берді.

«Киелі Әулиеата өңірінде, қасиетті Жуалы төрінде, қазақ руханиятының асыл айнасы – халық жазушысы, көрнекті журналист, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туған күніне орай ұйымдастырылып отырған «Шерағаның шекпенінен шыққандар» тақырыбындағы әдеби кеште бас қосып отырсыздар. Бұл әдеби кешті біз көптен бері жоспарлап, биылғы жылы Шерағаның туған күніне орай өткізуді жөн көрдік. Алдағы уақытта да бұл бастаманы дәстүрге айналдырып, ұлы жазушының туған күнінде, Мыңбұлақтың төрінде жыл сайын өткізуге ниеттіміз. Шерхан Мұртаза – қазақ журналистикасы мен әдебиетінің ғана емес, ұлт санасының жаңғыруына сүбелі үлес қосқан үлкен тұлға. Ол кісі шын мәнінде шындықтың шырақшысы болды. Халықтың жоғын жоқтап, ұлттың сөзін сөйлеп, ұрпаққа өнеге боларлық мұра қалдырды. Сондықтанда қарымды қаламгердің даңқын асырып, ұрпақтарға дәріптеп, рухани мұраларын насихаттау біздің басты парызымыз. Әдеби кешімізге арнайы шақыртуды қабыл алып, еліміздің әр аймағынан келген яғни, Шерағаның шекпенінен шыққан қаламгерлерге және қызы Алма Мұртазаға зор алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, биылғы жылғы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Шерағаның шекпенінен шыққан» қаламгерлердің Шерхан ағамыз туралы тағылымы мол естеліктерін жинақтап, қалың оқырманға арнап арнайы жеке кітап етіп шығардық. Бұл әдеби еңбек – Шерағаның тұлғасын тануға, ұрпақпен қауыштыруға арналған үлкен рухани қадам деп білеміз» делінген аймақ басшысының құттықтауында.

Ал, басқарма басшысы Ерлан Нұрманұлы облыс әкімінің атынан Шерағаның ізін жалғаған қаламгерлерге шекпен жауып, құрмет көрсетіп, «Шерағаның шекпенінен шыққандар» атты жаңа кітапты табыстады.

Кеш барысында Шерғаның өзі айтпақшы, жазушылық пен журналистиканы қос қанатындай серік еткен шәкірттері – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кәдірбек Сегізбайұлы, журналист, жазушы Жанат Елшібек, Қазақстан Жазушылар одағының лауреаты Әмірхан Меңдеке, жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мағира Қожахметова, ақын, жазушы. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, журналист, публицист. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, Ақпарат саласының үздігі, Журналистер және Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтардың иегері Гүлзейнеп Сәдірқызы, публицист-жазушы Талғат Айтбайұлы, жазушы, журналист, Қазақстан Журналистер одағының О.Бөкей атындағы сыйлықтың иегері Жұмагүл Солтиева, журналист, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы, журналист, «Жалын» журналының бас редакторы Құдияр Біләл, журналист, жазушы Нұрғали Ораз тағылымды естеліктерімен бөлісіп, өз шығармашылықтарынан жарық көрген кітаптарын ортатыққа сыйлады.

Айта кетерлігі, жоғарыдағы қаламгерлердің Шерхан Мұртаза жайындағы естеліктері «Шерағаның шекпенінен шыққандар» жинағына еніп отыр. Сондықтан, көзіқарақы оқырман жазушылар естелігін аталған кітаптан оқып, танысар деген ниеттеміз. Осы күні дастарқан жайылып, Шерхан Мұртазаның рухына бағышталып құран оқылды.

Ерман ӘБДИЕВ,

журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар