
Бүгінде облысымызда Қызыл кітапқа енген, жоғалып кету қаупі төніп тұрған жануарларды қорғау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биылғы жылдың сәуір айында Шу-Іле және Қырғыз Алатауының шатқалдары мен таулы аймақтарында тау арқарына «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі және Зоология институтының ғылыми қызметкерлерімен санақ жұмыстары жүргізіліпті. Қазіргі таңда институт қызметкерлері камералдық экстрополяция жұмыстарын атқаруда.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Нұрғали Ниязқұловтың айтуынша, браконьерлерге қолданылатын жаза қылмыстық және әкімшілік болып екіге бөлінеді.
– Егер браконьер қасақана қарақұйрыққа, тау арқарына немесе басқа да сирек кездесетін жануарларға оқ атса, онда Қылмыстық кодекстің 337-339-баптарына сәйкес іс қозғалады. Мұндай жағдайда қаскөйдің мүлкі тәркіленіп, табиғатқа келтірілген залал толық өтеледі. Ал әкімшілік жазаға көбінесе аңшы куәлігі, қарудың құжаты болмай заңсыз аңға шыққандар ілігеді. Табиғат қаскөйлеріне Әкімшілік кодекстің 382-бабы бойынша айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылады. Өңірімізде «Жамбыл» тірек пунктінде 8 инспектор қызмет атқарады. Қызмет барысында инспекторлар 15 күндік вахталық әдіспен облыс аумағын күзетіп, жануарларды қорғау жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе қыс мезгілінде Сарысу мен Мойынқұм аудандарына қыстауға келетін ақбөкендер инспекторлардың назарында болады,– дейді Нұрғали Ниязқұлов.
Сонымен қатар «Сапсан» мамандандырылған тобы да бекітілген аумақтарды күзетіп, әр ауданда жергілікті полиция қызметкерлерімен, табиғатты қорғау органдарының инспекторларымен бірлесе отырып браконьерлерді іздестіру мақсатында рейдтерге шығады. Ал орман шаруашылығы мекемелері өздеріне бекітілген жерлерде заңсыз балық аулау мен ағаш кесілмеуін қадағалайды. Маманның айтуынша, жүргізілген санақ бойынша жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарлардың саны облысымызда жыл санап өсіп еледі. Мәселен өңіріміздегі қарақұйрықтың саны 2023 жылы 970 болса, 2024 жылы 980-ге жетіпті. Ал арқар саны 2023 жылы 684 болса, 2024 жылы 704-ке артқан.
Орман инспекторлары браконьерліктің алдын алу барысында бірінші кезекте жергілікті тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға мән беруде. Тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыруда. Осы орайда инспекцияның жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бекжан Жұмағұловпен аз-кем тілдестік.
– Біздің жұмысымыз Қазақстан Республикасының Орман кодексі мен «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңға сүйене отырып жүргізіледі. Әрбір әрекетіміз заңға негізделген. Қорықшылар, орманшылар, аңшылық шаруашылықтарының қызметкерлері және облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін рейдтік шаралар жүргізіп қана қоймай, газет, телеарна мен әлеуметтік желілерге сұхбат беріп, халыққа жануарлар дүниесін, сирек кездесетін өсімдіктерді қорғаудың маңызын түсіндіреміз. Браконьерлер көбінесе түнде әрекет етеді. Олар жарық шамдарды пайдаланып, түнде жайылып жүрген жануарларды заңсыз атып алады. Біз мұндай жағдайдың алдын алу үшін түнгі рейдтерге шығамыз, арнайы құрылғылармен жарықсыз бақылау жүргіземіз. Кейде браконьерлер қашып құтылуға тырысады, сол себепті біз екі-үш көлікпен шығып, алдын кесіп, қуып жетіп, тоқтатамыз. Машиналарды тексереміз, заңсыз қару-жарақ, аулау құралдары немесе олжаланған жануарлар болса, дереу хаттама толтырып, іс қозғаймыз. Жыл басынан бері бірнеше рейд жүргіздік, жиырмадан астам хаттама толтырылып, айыппұлдар өндірілді. Арнайы планшеттер арқылы еуропалық жүйеге сәйкес хаттамалар толтырылып, заң бұзушыларға айыппұл салынады. Егер олар жеті күн ішінде төлеуге келіссе, заң бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Ал егер әрекеттері қылмыстық сипат алса, яғни Қызыл кітапқа енген жануарларды заңсыз олжалаған болса немесе келтірілген залал 100 АЕК-тен асса, онда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес қылмыстық іс қозғалады. Мұндай жағдайда кінәлілерге айыппұл ғана емес, тіпті бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Аймақта ерекше қорғауға алынған Қызыл кітапқа енген жануарлар бар. Мәселен, тұяқты жануарлардың ішінде қарақұйрық пен арқар мекендейді. Ақсу-Жабағылы қорығында Тянь-Шань қоңыр аюы бар. Құстардан бүркіт, дала қыраны, ителгі, қаршыға, дуадақ секілді сирек түрлер кездеседі. Сирек кездесетін жануарлар мекендейтін аумақтарды қатаң бақылауда болады. Миграциялық жолдарда да бақылау орнатып, браконьерлердің жолын кесеміз, – дейді Бекжан Сәрсенбекұлы.
Адамзат тарихына көз жүгіртсек, табиғат әрдайым тіршіліктің қайнар көзі болып келген. Жануарлар дүниесі – соның ажырамас бөлігі. Бірақ адам баласының тойымсыздығы кейде сол табиғаттың байлығын қырып-жоюға әкелді.
Сымбат ҚУАНЫШ