
Салтанатты жиынға облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков, «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамының вице-президенті Әлібек Ахметов, Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT университетінің құрылтайшысы әрі директорлар кеңесінің төрағасы Арслан Серіктегі және «KNAUF Гипс Капчагай» компаниясының аймақтық менеджері Алмас Бекназаров қатысты.
– Бүгін біз маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Кнауф халықаралық компаниясының құзыреттілік орталығы мен Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT университетінің көлік саласы кафедрасының филиалы ашылуда. Бұл жобалар сырт көзге қарапайым болып көрінгенімен, артында орасан зор еңбектің тұрғаны анық. Игілікті іске қолдау көрсеткен «KNAUF Гипс Капчагай» компаниясына, Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT университетінің ұжымына және барша серіктестерімізге шынайы алғысымды білдіремін, – деді жиында құттықтау сөз сөйлеген Нұрбек Оршыбеков.
Мұнан соң «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамының вице-президенті Әлібек Ахметов сөз алып, орталық жұмысына сәттілік тіледі.
– Жұмысшы мамандар – ел экономикасының тірегі, өндірістің тұрақты дамуының кепілі. Осыған орай 2025-2027 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау жөніндегі Жол картасы бекітілді. Бүгінде жол картасы аясында колледждерде білім мен өндірісті ұштастыру, құзыреттілік орталықтарын ашу, заманауи жабдықтармен қамту, дуальды оқыту жүйесін дамыту және халықаралық стандарттарға сәйкес кадрлар даярлау бағытында жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде ашылған халықаралық талаптарға сай шеберлік орталығы жол картасының нақты іске асуының айқын дәлелі. Мұнда студенттер өндірістік жағдайға жақын ортада білім алып, кәсіби біліктілігін шыңдайды. Сондай-ақ Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT университетінің филиалы да ашылып, ғылым мен тәжірибені ұштастыра отырып, көлік саласына қажетті мамандар даярлауға жол ашты. Біз білім мен өндірісті ұштастыра отырып, еңбек нарығына сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаймыз деп сенемін, – деді Әлібек Қалыбекұлы.
Салтанатты жиында сонымен қатар Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT университетінің құрылтайшысы әрі директорлар кеңесінің төрағасы Арслан Серіктегі және «KNAUF Гипс Капчагай» компаниясының аймақтық менеджері Алмас Бекназаров та колледж ұжымына тілектерін арнап, өзара жемісті әріптестік қарым-қатынас орнайтынына сенім білдірді.
Жаңа орталық студенттерге заманауи құрылыс технологияларын меңгеріп, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге және еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасуға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бастама «WorldSkills International» сияқты халықаралық қозғалыстармен ықпалдасып, кәсіби білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Колледждің материалдық-техникалық базасын күшейту мақсатында «ALT University»-і тарапынан жаңа оқу кабинеттері ашылып, арнайы BYD электромобилі сыйға тартылды.
Мұнан соң Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қолға алынған бастаманың жалғасы ретінде «Талбесік» этно ауылы аймағында «Mamandyq Fest» халықаралық байқауы өтті. «Еңбек адамы: құрметке лайық стиль» тақырыбында өткен байқауға елімізден және шетелден келген жас дизайнерлер қатысып, шағын топтамаларын ұсынды.
Еңбек адамының абыройын көтеріп, кәсіби білімнің қадірін арттыруды мақсат еткен байқау жас сәнгерлерге өз қиялын паш етіп, арманын шынайы туындыға айналдыруға зор мүмкіндік сыйлады.
Жеңімпаздарды марапаттау сәті ерекше сән-салтанатпен өтті. Сахна төрінде Орталық Азия дизайнерлер ассоциациясының президенті Камала Гулямова мен «Divercity Fashion Week» президенті ханым Сенсимилия Самтер сөз сөйлеп, үздіктерге жүлделерін табыстады.
Нәтижесінде бірінші орынды Қырғыз Республикасынан келген Нұрайым Байтикова мен Нұрайым Сейткулова тең бөлісті. Екінші орын облысымыздың атынан қатысқан Арайлым Құрманәліге бұйырса, үшінші орынды Өзбекстаннан келген Хадича Омарова иемденді. Сондай-ақ бірқатар қатысушы арнайы номинациялармен марапатталды.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ
Шу өңіріндегі шаттық
Ұқсас жаңалықтар
Жамбылда 78 мың гектар егістік уақтылы сумен қамтамасыз етілді
- авторAR-AY
- 30 қыркүйек, 2025