Жамбылда 78 мың гектар егістік уақтылы сумен қамтамасыз етілді
- author AR-AY
- Бүгін, 16:44
- 3

«Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы өңір диқандарына 1,024 млрд текше метр су жеткізіп, жалпы саны 3 903 келісімшарт жасалды. Нәтижесінде 78,3 мың гектар егіс алқабы суарылды.
Келісімшарт аясында облыста негізінен көпжылдық шөптер, көкөністер мен жүгері өсірілуде.
Шаруалар өнімнің сапасына риза екенін айтып, уақытылы су жеткізген Су ресурстары және ирригация министрлігіне алғыстарын білдіруде.
– 15 жылдан бері картоп өсіріп келеміз. Бұрын 5 гектар егіп жүрсек, биыл 7 гектарға дейін ұлғайттық. Өнім гектарына 250-300 центнерден шығып жатыр. Құрғақшылыққа қарамастан мол өнім алдық. Бұл ең алдымен дер кезінде су жеткізген «Қазсушар» ұжымының еңбегі, – деді «Көктөбе» шаруа қожалығының басшысы Алтынбек Саяхов.
Ал қожалықтың жетекшісі Бақытгүл Қадирова да биылғы нәтиженің былтырғыдан әлдеқайда жақсы екенін айтты:
– Былтыр 5 гектар жерге картоп отырғызсақ, биыл 7-8 гектарға ұлғайттық. Өнім көлемі екі есеге артты. Ақсай өндірістік бөлімшесі мен министрліктің қолдауына ризашылығымыз шексіз. Су уақытылы жеткізіліп отырды, – деді ол.
Соның нәтижесінде Жамбыл облысы диқандары құрғақшылық жылында да мол өнім жинап отыр.