– Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды бастама. Елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан әрбір тұрғын бұл іске бейжай қарамай, белсенді қатысуы тиіс, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркін Алтишев баяндама жасап, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Еркін Оразұлының айтуынша, «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының өңірлік жоспары аясында 2030 жылға дейін 47 іс-шара жоспарланған. 2025 жылға арналған 36 іс-шараның 35-і толық орындалған.
– Жоспардың 6-тармағына сәйкес жасыл желектерді түгендеу және цифрландыру жұмыстары қарастырылған. Қазіргі таңда бұл жұмыстар Тараз қаласында жүргізіліп, арнайы taraz.botsad.kz платформасында дерекқор қалыптастырылды. Алайда Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларында бұл бағыттағы жұмыстар әлі басталған жоқ. Бүгінгі күнге дейін акцияға 15,6 мың адам және 840 кәсіпорын мен мекеме қатысты. Іс-шаралар аясында 29,6 мың жасыл желек отырғызылып, 1,1 мың шақырым көше жолдары, 318 шақырым арық жүйелері мен каналдар тазартылды. Сонымен қатар 68,8 мың шаршы метр саябақтар мен скверлер аумағы ретке келтіріліп, 1,3 мың тонна күл-қоқыс шығарылды. Жергілікті полиция қызметімен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505 және 434-баптарына сәйкес 38,7 мың құқықбұзушылық дерегі тіркеліп, жалпы 229,2 миллион теңге айыппұл салынды. «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі бойынша Telegram-бот арқылы жыл басынан бері 237 өтінім түсті. Оның 220-сы уақытында қаралып, 14 өтінім иелеріне кері қайтарылды, 3 өтінім қаралу үстінде. Өтінімдер бойынша шағымдар туындаған жағдайда олар автоматты түрде Экология және табиғи ресурстар министрлігінің платформасына жолданады.Халықты ақпараттандыру мақсатында арнайы бейнероликтер дайындалып, ресми сайттар мен әлеуметтік желілерде жарияланды. 2025 жылы көктемгі екі айлық аясында Тараз қаласы мен аудандарда ауқымды сенбіліктер ұйымдастырылып, 10 экологиялық акция өткізу жоспарланып отыр. Жалпы 50 мыңға жуық ағаш отырғызу көзделген. Осы уақытқа дейін «Тазарту күні» және «Мөлдір бұлақ» акциялары өткізілді. Сондай-ақ 28 наурыз күні «Жер сағаты» халықаралық акциясы ұйымдастырылды. Ал 25 сәуірде «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» шеңберінде 10 мыңнан аса көшет отырғызылады. Жүргізілген зерделеу жұмыстары барысында бірқатар кемшілік байқалды. Елді мекендер аумақтарында, жол бойларында, кәсіпкерлік нысандар мен тұрғын үйлер маңында кездейсоқ қоқыс орындары анықталды. Сонымен қатар арық жүйелерінің тазаланбағаны, жол бойындағы инфрақұрылымның ретке келтірілмегені белгілі болды. Атап айтқанда, Тараз қаласының бірқатар көшесінде, Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарының ауылдарында осындай жағдайлар тіркелді. Қазіргі таңда оларды жою жұмыстары жүргізілуде, нәтижесі бойынша қайта зерделеу жүргізіледі. Сонымен қатар 2026 жылдың соңына дейін өткізілетін ірі экологиялық іс-шаралар жоспарын әзірлеу бойынша тапсырма келіп түсті. Осыған байланысты тиісті басқармалардан ұсыныстар жинақтау қажет. «Таза Қазақстан» акциясының сапалы өтуі және өңірдің санитарлық жағдайын жақсарту жұмыстары тұрақты бақылауда болады, – деді Еркін Алтишев.
Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Момынқұлұлына нақты сауал жолдады.
– Қазіргі таңда Тараз қаласының Жібек жолы ауданында 2 экобокс, Әулиеата ауданында тағы 2 экобокс қойылған. Ал қалған аудандарда бұл жұмыстар әлі жүргізілмеген. Сонымен қатар былтыр орнатылуы тиіс екі пантомат та дайын емес. Қандай кедергілер бар? – деп сұрады облыс әкімі.
Бауыржан Момынқұлұлы өз жауабында қаржы тапшылығын негізгі себеп ретінде атады.
Бұл сауалды Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков те тыңдап, жағдайды толық түсіндірді.
– Қаладағы базарлар мен сауда аймақтарына 9 экобокс орнатылды. Бұл жұмыстар бюджет қаражатына емес, кәсіпкерлердің қаражатына жүзеге асырылды. Алдағы уақытта тиісті жұмыстар жалғасуда. Пантоматтарға келетін болсақ, «Мart» сауда орталығының басшыларымен келісім жасалды, құрылғылар жақын арада орнатылады, – деді қала әкімі.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев акцияның сапалы өтуі мен абаттандыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау маңызды екенін атап өтті.
– Барлық іс-шараларды сапалы және уақытылы жүргізу – біздің басты міндетіміз. Жасыл желектерді отырғызу, экобокстар мен пантоматтарды дер кезінде орналастыру, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету әрқайсысымыздың жауапкершілігімізде. Алдағы акцияларға еріктілерді, белсенді тұрғындарды және кәсіпкерлерді тарту арқылы жасыл желектердің санын арттыру жоспарланып отыр. Бұл тек қоршаған ортаны қорғау емес, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да үлес қосады, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар өңір басшысы барлық жауапты тұлғаларға ақпараттық сервистер арқылы түскен өтінімдерді мұқият қарауды, деректерді сапалы енгізуді және жоспарланған іс-шаралардың орындалуын бақылауды тапсырды.
– Әрбір шағын қадам үлкен нәтижеге жетелейді. Сондықтан әр ауданда, әр мекемеде және әр көшеде тазалық пен тәртіпті сақтауға бар күшімізді салайық, – деп сөзін түйіндеді Ербол Шырақпайұлы.
Айжан ӨЗБЕКОВА



