
Сапар барысында басқарма басшысы амбулаторияның қызмет көрсету жағдайымен, материалдық-техникалық базасымен және халыққа көрсетіліп жатқан медициналық көмектің сапасымен танысты. Сонымен қатар, Құмшағал алқабы тұрғындарының жаңа емхана соғу жөніндегі шақыруымен арнайы барып, көпшіліктің талап-тілегін тыңдады.
Қазіргі таңда Құмшағал дәрігерлік амбулаториясы №8 қалалық емхананың құрылымдық бөлімшесі ретінде қызмет атқарады. Амбулаторияға тіркелген халық саны – 9 985 адам. Қызмет көрсету аумағына Құмшағал, Көлтоған, Қызыл-Абад, Шаңырақ елді мекендері және 28 саяжай кіреді.
Аталған аумақта 3 дәрігерлік амбулатория (екеуі Құмшағалда, біреуі Қызыл-Абадта) және 1 фельдшерлік пункт (Көлтоғанда) халыққа қызмет көрсетуде. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес, тіркелген халық саны 1 500-ден 10 000 адамға дейін болған жағдайда дәрігерлік амбулаторияның жұмыс істеуі жеткілікті деп танылады. Осы талаптарға сай «Құмшағалда» емхана салу әзірге жоспарда жоқ.
Алайда, Сержан Назарбек Құмшағал алқабы тұрғындарының жаңа емхана салу туралы талаптарын ескеріп, медициналық көмек көрсету қолжетімділігін одан әрі арттыру мақсатында бұл ұсынысты қарастыруды тапсырды.
Сапар барысында басқарма басшысы медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту, жүкті әйелдерге жасалатын жағдайды жақсарту, скринингтік тексерулерден өткізу, тұрғындармен кері байланысты нығайту және алғашқы медициналық санитариялық көмектің тиімділігін арттыру бағытында нақты ұсыныстарын айтты.
Осыған орай, Құмшағал дәрігерлік амбулаториясы учаскесінің бас дәрігері Гузаль Рахметбаеваға амбулатория қызметінің тиімділігін арттыру бойынша бірқатар тапсырма жүктелді. Атап айтқанда, халыққа медициналық көмекті қолжетімді әрі сапалы жеткізу, кадрлық әлеуетті нығайту, медициналық ақпараттық жүйелерді тиімді пайдалану, сондай-ақ қызмет көрсету аймағындағы елді мекен тұрғындарының қажеттіліктерін ескере отырып жоспарлы жұмыстар жүргізу тапсырылды.
Әсіресе, ана мен бала денсаулығын арттыру мен сақтау күн тәртібіндегі басты мәселе екендігін жеткізген ол амбулатория ғимаратының материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен жаңарту, жалпы инфрақұрылымды жаңғырту бойынша нақты мәселелерді де талдады.
Сержан Назарбек берілген тапсырмалардың орындалуын жеке бақылауына алатынын жеткізді.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз қызметі