
Соңғы кезде тропикалық елдерде жиі кездесетін, бұрын көпшілік аса мән бермеген чикунгунья вирусының таралуы халықаралық ұйымдарды да, қарапайым халықты да алаңдатып отыр. Бұл вирус биылғы жазда Қытайдың оңтүстігіндегі бірнеше аймақта қайтадан тіркеліп, әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар мен қауесеттердің тарауына себеп болды.
Чикунгунья дерті алғаш рет 1952 жылы Танзанияда тіркеліп, сол кезде ауру тудыратын вирус та анықталған болатын. Вирус атауы маконде тілінен шыққан «қисаю» немесе «иілу» деген мағынадағы сөзден алынған. Бұл атаудың берілу себебі – ауру кезінде буын ауруларының аса ауыр өтуі, науқастың қозғалысын шектеуі және тәннің бүгіліп қалуымен байланысты.
Аталған вирус «Aedes aegypti» және «Aedes albopictus» тұқымдасына жататын аналық масалар арқылы таралады. Сондықтан болар, кейде «Маса вирусы» деп те атап жатамыз. Бұл масалар көбіне күндіз шағады және көбінесе тропикалық әрі субтропикалық аймақтарда мекендейді екен. Масалар вирусты жұқтырған адамды шаққан соң, оны дені сау адамға жұқтыруы мүмкін. Вирус адамнан адамға тікелей таралмайды, тек кейбір сирек жағдайларда жұқтырған адамның қанымен байланыста болғанда берілуі ықтимал. Сондай-ақ, босану кезінде вирус жұқтырған аналардан жаңа туған нәрестеге берілу деректері тіркелген. Бұл жағдайда инфекция өте ауыр өтуі мүмкін.
Бұрын чикунгунья Африка мен Оңтүстік Азия елдерінде кездесетін болса, қазір вирус Еуропа, Америка және Азияның басқа да аймақтарына тарала бастады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, вирус әлемнің 119 елінде тіркелген. 2025 жылдың жазында Қытайдың Гуандун провинциясындағы Фошан қаласында 4 800-ден астам жағдай анықталған. Жергілікті билік аурудың тек жеңіл түрі байқалғанын хабарлағанымен, кейбір тұрғындар ауруханадан тек вирусқа теріс тест тапсырған соң немесе бір апталық емнен кейін ғана шығарылып жатыр. Вирустың таралуына байланысты Қытайда түрлі шектеу шаралары қабылданды. Атап айтқанда, тұрғындарға үй маңындағы тоқырау суды жою міндеттелді, бұл талап орындалмаған жағдайда 10 000 юаньға дейін айыппұл қарастырылған.
Чикунгунья вирусының инкубациялық кезеңі – 2-12 күн. Көбіне 4-8 күн арасында алғашқы белгілер білінеді. Аурудың негізгі белгілері – дене қызуының кенеттен көтерілуі, буындардың қатты ауыруы, бұлшықет ауырсынуы, бас ауруы, жүрек айну, тәбеттің жоғалуы мен бөртпе пайда болуы. Науқастардың көпшілігі аурудан толық айығады. Алайда кейбір адамдарда (әсіресе егде жастағы, иммунитеті әлсіз немесе созылмалы ауруы бар кісілерде) ауру белгілері бірнеше апта, тіпті айлар бойы сақталуы мүмкін. Кейде офтальмологиялық, жүрек-қан тамыр жүйесі мен жүйке жүйесіне байланысты асқынулар кездеседі.
Қазіргі таңда чикунгуньяға қарсы нақты вирусқа қарсы дәрі немесе толық қолданылатын вакцина жоқ. Ем негізінен симптомдарды жеңілдетуге бағытталған. Дәрігерлер науқастарға дене қызуын түсіретін дәрілерді, мысалы парацетамолды қабылдауға, көп сұйықтық ішуге және тынығуға кеңес береді. Аспирин мен басқа да қабынуға қарсы кейбір дәрілерден аулақ болу ұсынылады, себебі олар ішкі қан кету қаупін арттыруы мүмкін. Дәл диагноз қою үшін қан талдауы арқылы IgM және IgG антиденелерін анықтау қажет.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазіргі таңда чикунгунья вирусына қарсы екі вакцина тіркелгенін хабарлайды. Олар – вирус тәрізді бөлшектерге негізделген VIMKUNYA вакцинасы және әлсіреген тірі вирус негізінде жасалған IXCHIQ вакцинасы. Бұл вакциналар АҚШ-та қолжетімді. Алайда әлем бойынша кең тарала қойған жоқ. Вакцинация негізінен ауруға шалдыққан аймақтарға жол жүретін адамдарға ұсынылады.
MDPI деректер базасына сүйенсек, чикунгунья вирусын тарататын Aedes aegypti мен Aedes albopictus масалары Қазақстанда тіркелмеген. Осы себепті елімізде аурудың табиғи жолмен таралу қаупі өте төмен. Алайда шетелге, әсіресе тропикалық аймақтарға жол жүретін қазақстандықтар үшін сақтық шараларын ұстану маңызды.
Чикунгунья – алдын алуға болатын инфекция. Масалардан қорғанудың қарапайым, бірақ тиімді жолдары ретінде ұзын жеңді киім кию, репелленттер (масадан қорғайтын кремдер) қолдану, терезе мен есікке тор орнату, түнгі уақытта москит торларын пайдалану секілді шаралар ұсынылады. Сонымен қатар вирус жұқтырған науқасты масадан қорғау, яғни оны оқшаулап, маса шақпайтындай ортада ұстау өте маңызды. Бұл вирустың ары қарай таралуына жол бермейді.
Чикунгунья – қауіптілігі төмен, алайда салдары ауыр болуы мүмкін вирус. Ол адамнан адамға таралмайтындықтан, жеке қорғану шаралары мен санитарлық тазалық – инфекциядан қорғанудың басты жолы. Әлем бойынша 5,6 миллиард адам осы вирус таралған аймақтарда тұратыны ескерілсе, оны елемей қоюға болмайды. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін үлкен қауіп төндірмесе де, жаһандану дәуірінде инфекциялардың шекара талғамайтынын естен шығармаған жөн.
Айжан ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ