Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Темекіні тастағаның, жаңа өмір бастағаның

Темекіні тастағаның, жаңа өмір бастағаның
Автор
Темекінің адам денсаулығына тигізетін зияны жайлы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Соған қарамастан темекі тарту көпшілік арасында тиылмай тұр.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, шылым шегуден әлемде жылына 8 миллион адам қайтыс болады. Әр тал шылым адам өмірін 12-18 минутқа қысқартады. Сондай-ақ темекі шегетіндердің 80 пайызы өкпе ауруымен ауырады. Шылым шеккенде адам ауамен бірге темекінің түтінін де жұтады. Бұл түтіннің ішінде улы газ, шаң, күйе болады.

Жалпы темекі – заңды түрде қолдануға болатын есірткі түрі. Темекі жапырағында танин, желім, шайыр, крахмал және алколоидер бар өсімдік. Ал темекі түтінінде 30-дан аса улы зат бар: никотин, көмір қышқыл газы, көміртек тотығы, көгеретін қышқыл, аммиак, шайырлы заттар, органикалық қышқылдар және басқалар. Сондай-ақ темекіден ауаға жылына 720 мың тонна күкірт қышқылы, 384 мың тонна аммиак, 180 мың тонна никотин, 660 мың тонна темекі майы, 550 мың тоннадай иісті газ шығады екен.

Бүгінде жер шарында 1,2 миллиард адам темекі шегетін көрінеді. Қазақстанда 5 миллионға жуық адам темекі шексе, басым бөлігі орта жастағы адамдар. Басылымдардағы соңғы мәліметтерге сенсек, темекі шегетіндер саны елімізде бірте-бірте азайып келеді. 2010 жылдан бастап Латын Америка елдерінде темекі шегу 35 пайызға азайыпты. Ал қазақтандықтар арасында 9 пайызға кеміген. Бірақ әйелдер арасында 4,5 пайыздан 6,4 пайызға өскені белгілі болды.

Дейтұрғанмен соңғы жылдары жастар арасында электронды темекі шегетіндер, яғни вейптерді қолданатындар едәуір өскен. 2022 жылы жастардың (11-12 жас аралығындағылар) арасында вейпті қолданатындар 9,8 пайызға жетіпті. Олардың арасында тек ер балалар ғана емес, қыздардың бары көпшілікті алаңдатады. Дүниежүзілік денсаулық ұйымының мәліметінше, 2030 жылы жастар арасында электронды темекі пайдаланатындар саны 23 пайызға жетуі мүмкін.

Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында бүгінгі күннің ең бір өзекті мәселесіне айрықша тоқталды.

«Ұлт денсаулығына қауіп төндіретін тағы бір кесел – бұл вейптер мен электронды темекінің алуан түрлері. Өкінішке қарай, оларды қолдану жасөспірімдер арасында сәнге айналды. Бұған олардың қолжетімділігі мен заңсыз жарнама ықпал етеді. Шын мәнінде, жастар өзіне қауіп-қатер төндіріп отыр. Себебі вейптердің өзі зиянды, есірткіге бір қадам жақын. Осы қауіпті құбылыспен күресу үшін жүйелі әрі шұғыл шаралар қабылдау керек, тек тыйым салумен мәселе шешілмейді» деп, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Тиісінше өткен жылы Мәжіліс депутаттары денсаулық сақтау мәселелері туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жіберді. Құжатқа сәйкес елімізде вейп өнімдер сатуға тыйым салынды. Айта кетерлігі, денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулер тұжырымдамасынан тыс темекі өнімдерін тұтынуды шектеу нормалары бар.

Вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салудан бөлек, заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мәселен, электронды шылым сатқаны үшін 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделеді. Оны әкеліп, таратқандар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал қылмыстық топтың не аса iрi мөлшерде, бiрнеше рет жасалған әрекет үшiн 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Бұл – жалпы алғанда өте құптарлық іс. Өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сонау 2018 жылы Қазақстанда жүргізген зерттеуінде 15 жастағы ұлдардың 14 пайызы, қыздардың 6 пайызы вейпті бір рет қолданып көргенін, 11-15 жастағы ұлдардың 8,5 пайызы, қыздардың 3,8 пайызы үнемі тұтынатынын анықтаған болатын. Ал 2022 жылғы сауалнама вейпқор балалардың саны артқанын, соның ішінде әрдайым тұтынатындар 3,6 пайызға өскенін көрсетіп отыр.

Айта кеткен жөн, электронды темекі мен вейп мәселесі Қазақстанды ғана емес, әлемді де алаңдатып отыр. Электронды темекі нарыққа алғаш рет шыққанда адамға зиянсыз екені алға тартылатын. Сондай-ақ кәдімгі темекіден бас тартуға көмектесетін өнім ретінде жарнамаланды. Кейінгі бірнеше жылда шартараптың түкпір-түкпірінде оған тыйым салуға белсенді кірісті.

Мәселен, таяуда ғана Ұлыбритания үкіметі аталған зиянды өнімді шектеу жөнінде заң жобасын Парламент қарауына ұсынды. Тұманды Альбионның премьер-министрі Риши Сунак жастардың темекі шегуін тоқтату мақсатында Ұлыбританияда бір рет қолданылатын вейптерге тыйым салынатынын мәлімдеді.

Германия мемлекеті де электронды темекіге қарсы шара қолдануды көздеп отыр. Кейбір экологтер оған бүкіл Еуропалық одақта тыйым салуды көздейді. Тіпті қарт құрлықтағы нағыз шылымқор ел саналатын Франция да вейптерге қарсылық білдіруде.

Байқап отырғандарыңыздай, электронды темекі адам денсаулығына көп зиян келтіреді. Оны темекіден бірте-бірте құтылу үшін пайдалануға болады дегеннің жансақ пікір екені дәлелденіп отыр. Сондықтан темекі шегуден бас тартқаныңыз жөн.

Тағы бір айналып өтпейтін мәселе – наркомания. Есірткінің басты қауіптілігі – тәуелділікті тудырады. Есірткіге тәуелділік физикалық деңгейде де көрінеді. Есірткі болмаған кезде нашақордың жағдайы күрт нашарлайды, құсу, жүрек айну, ішкі ағзалардың бұзылуы пайда болады. Бұл жағдай «сынғыш» («ломка») деп аталады.

Бірте-бірте есірткі адамның жүйке жүйесін улайды. Бұл нашақордың мінез-құлқына әсер етіп, қоғамдық және кәсіби өмірден алшақтайды. Бұл есірткі қабылдайтын адамның деградациясына, оның жақын адамдарына, жұмысына немесе оқуына немқұрайды қарауына, өмірге деген қызығушылықтың жоғалуына алып келеді.

Есірткіге тәуелді болған адам өзі ақша таба алмайтындықтан және есірткнің бағасы арзан емес болғандықтан, олар ақшаны кез келген жолмен, тіпті заңсыз жолмен алуға мәжбүр болады. Содан кейін үйден ақша, заттар мен құндылықтар жоғала бастайды. Сонымен қатар, дозаны уақытында қабылдамаған нашақор агрессивті болып, айналасындағыларға қауіп төндіреді. Көбінесе нашақорлар ұрлық, тонау, есірткі сату және сақтау, жезөкшелік, кісі өлтіру сияқты қылмыстарға қатысады.

Есірткі дененің жүйке және иммундық жүйелеріне, жүрекке, бауырға, өкпеге әсер етеді. Бұл әсер соншалықты күшті, нашақордың өмір сүру ұзақтығын айтарлықтай қысқартады. Егер есірткі ретінде бензин немесе желім қолданылса, онда адамдар үш-төрт айдың ішінде ақыл-есі кем болып, деграцияға ұшырайды. Қарасораға әуестенгендер үш-төрт жыл ішінде адам танымастай күйге түседі. Нашақорлардың 60 пайыздан астамы есірткіні қолданудың алғашқы екі жылында өз-өзіне қол жұмсауға тырысатыны белгілі. Көбінесе нашақорлар артық дозаланудан, пневмониядан, созылмалы бауыр жеткіліксіздігінен қайтыс болады. Ондай тағдыр сізге керек пе?! Ойланыңыз.

Таяуда өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Наркотизм – заманның дерті, қоғам үшін аса қауіпті. Ол жастардың болашағына балта шабады. Ұлт саулығына қатер төндіреді. Нашақорлық пен есірткі бизнесіндегі әлемдік үрдіс алаңдатарлық сипатқа ие болды. Көптеген елдің үкіметтері аталған проблеманы физикалық және психикалық тәуелділік қана емес, ауқымды қоғамдық, экономикалық және құқықтық құбылыс ретінде қарастыра бастады. Наркотизм термині мұндай тәсілдің мән-мағынасын ашады, – деп, бұл әлеуметтік кеселдің белең алуына қатысты ахуал елімізде де, халықаралық ауқымда да алаңдатарлық жағдайға жеткенін мәлімдеді.

Расында да көпшілік болып қолға алмасақ, наркомания қоғамға көп залалын келтіріп, жастардың өмірін пайдасыз, мәнсіз, тым бұлынғыр етіп жіберуі әбден мүмкін. Әрине, олардың денсаулығы да зиян шегіп, азапты өмірге апаратынын мына сайқымазақ дүниеден көріп жүрміз. Сондықтан денсаулыққа елеулі зиян келтіретін темекі мен есірткілерден бойымызды аулақ ұстаған өте дұрыс. Дені сау адам ғана алдына, болашаққа қойған мақсатына қол жеткізе алады.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп атам қазақ бекер айтпаған. Денсаулығыңыз өз қолыңызда екенін естен шығармаңыз!

Толқын АЙМАХАНОВА,

«Тараз-Болашақ» жоғары медициналық

колледжінің оқытушысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар