
Жаңа талаптардың енгізулі бекер емес. Биыл бір ғана шілде айының өзінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі өзге уәкілетті органдармен бірлесіп мемлекеттік шекарада 4 725 заңбұзушылықты анықтаған. Шекарадан заңсыз өтуге қатысты 1 462 әрекеттің жолы кесілген. Жаңа талаптар әсіресе облысымыз сияқты шекаралық өңір тұрғындары үшін айрықша маңызды. Себебі мұнда көршілес елдермен шектесетін аумақтар арқылы заңсыз әрекеттер жиі тіркеліп жатады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің облыс бойынша департаменті мамандарының айтуынша, түзетулер Қылмыстық кодекстің 392 және 394-баптарына енгізілді. Енді бұл баптар бойынша айыппұл көлемі едәуір ұлғайып, бас бостандығынан айыру мерзімдері бұрынғыдан ұзартылған. Атап айтқанда, 392-бап – «Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту» бойынша жаза бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімді құрап отыр, ал айыппұл көлемі 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді. Бұдан бөлек, жаңа 1-1-бөлік енгізіліп, шекараны адамдар тобы болып, алдын ала сөз байласып немесе әдейі тыйым салынған аумақтар арқылы кесіп өткендерге қатысты жаза күшейтілген. Мұндай жағдайда айыппұл 3000 АЕК-ке дейін барады немесе 4 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы белгіленеді. Сонымен қатар міндетті түрде елден шығару шарасы қолданылады. Ал баптың 2-бөлігі бойынша бұрын ең жоғарысы 5 жыл болса, енді 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру» бойынша да жаза біршама қатаңдатылыпты. Енді бұл әрекет үшін ең төменгі жаза 2 жылдан емес, 3 жылдан басталады. Айыппұл көлемі де бұрынғыдан өсіп, 2000-нан 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін жетті. Ал баптың 2-бөлігінде 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 7000 АЕК-ке дейінгі айыппұл қарастырылған. Егер жағдай аса ауыр деп танылса, сот шешімі бойынша бас бостандығынан айыру мерзімі 10 жылға дейін созылуы мүмкін.
Мамандардың түсіндіруінше, бұл түзетулердің қабылдануы құқықбұзушылықтардың санаттарын да өзгерткен. Бұрын мұндай әрекеттер шағын ауырлық санатына жатқызылса, енді олар орташа ауырлық санатына ауыстырылды. Бұл қылмыстық жауапкершілік тек нақты жасалған әрекет үшін ғана емес, сонымен қатар қылмысқа дайындалғаны немесе оқталғаны үшін де қолданылатынын білдіреді.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің облыс бойынша департаментінің өкілдері тергеу барысында әсіресе топ болып жасалған әрекеттерге, алдын ала келісімге келу жағдайларына және қайталанған құқықбұзушылықтарға баса назар аударылатынын атап өтті.