
Жаңа технологияның шексіз мүмкіндігін әскери салаға дендеп енгізу мақсатында жақында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерилері арасында алғаш рет дрон операторларының сайысы ұйымдастырылды. Тараз қаласында өткен ерекше іс-шараға ұшқышсыз ұшатын авиациялық жүйелерді, оның ішінде FPV-дрондарын меңгерген сарбаздар қатысты. Жарыс алаңында дрондар биіктікте ұшып жүріп түрлі тапсырмаларды орындаса, оларды басқарып отырған операторлар шеберлігі ұйымдастырушыларды тәнті етті.
Сайыс барысында жарыс өткен орын нағыз «дрондар шайқасы» алаңына айналғандай әсер қалдырды. Қолбасшылық құрамындағы барлық бөлімдерден, атап айтқанда Түркістан, Қызылорда, Жетісу облыстарынан жиналған операторлар күрделі тапсырмаларды орындап, өзара бақ сынасты. Нақтылап өтсек, дронды үлкен жылдамдықпен жерге таяу қашықтықта ұшырып, оңға не солға күрт бұру, тар өткелден қателіксіз өткізу, сонымен қатар командалық пунктке анық бейнеқор жеткізу секілді міндеттердің барлығы кәсіби ептілікті талап етті.
Жарыстың ең тартымды кезеңдерінің бірі – дрон арқылы граната тастау болды. Операторлар дронды 10 метр биіктіктен дәл нысанаға бағыттап, ұсақ объектіні көздеуге тиіс еді. Нысана ретінде ашық тұрған әскери техниканың люгі алынды. Бұл сәтте қатысушылардан ұқыптылық, байсалдылық және жоғары пилоттық машық талап етілді. Дрондар гранатаны межелі нысанаға дәл тигізіп лақтырған сайын қазылар алқасы құрылғыны шебер басқарып отырған операторларға риза болып, жоғары бал қойып жатты.
Бір айта кетерлігі, осыдан бір жыл бұрын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында ұшқышсыз авиациялық жүйелер қызметін басқару және пайдалану бөлімі құрылған болатын. Аталған бөлімді заманауи барлау және соққы жасау жүйелерін қолдану саласының тәжірибелі маманы, подполковник Роман Қожахметов басқарады. Бүгінде аталған қызмет ұшқышсыз аппараттарды қолбасшылыққа қарасты бөлімдердің күнделікті жұмысына енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
– Дрондар қазір кез келген бөлімге қажет. Мотожауынгерлік, инженерлік-саперлік, байланыс және механикаландырылған құрамалардың қызметтеріне енгізуі керек. Ұшқышсыз жүйелерді пайдаланудың мүмкіндігі шексіз. Біз FPV-дрондардың дамуына ерекше көңіл бөлеміз. Бүгінгі сайыс – соның жарқын мысалы, – деді подполковник Р.Қожахметов.
Сайыс нәтижесі бойынша үздік операторлар қатарынан Сарыөзек гарнизонындағы 12740 әскери бөлімнің ефрейторы Ұлан Сүйдуов, Қызылорда гарнизонының 66567 бөлімінің ефрейторы Шыңғысхан Сейдахметов және Тараздағы 5-механикаландырылған бригаданың сержанты Мұхаметжан Қырғызәлі көрінді. Ал жалпыкомандалық бірінші орын мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының кубогын Жаркент гарнизонындағы 74261 әскери бөлім жеңіп алып, жүлде команданың капитаны, аға лейтенант Расул Муналбаевқа табысталды.
Қатысушылардың айтуынша, жарыс әр команданың әлеуетін көрсетіп, дрондардың тиімділігін дәлелдеуге және оларды қолдану жолын айқындауға мүмкіндік берген.
– Қазіргі заманғы армияның болашағы дрондармен тығыз байланысты. Өзім де алдағы қызметімді осы салаға арнаймын. Біз дрондарды өзіміз құрастырып, басқару бойынша да тәжірибемізді жетілдіріп жүрміз. Ұшқышсыз ұшу аппаратын әскери салаға енгізу бағытының болашағы зор, сондықтан көптеген әскери қызметшілердің қызығушылығы артып келеді, – дейді 03811 әскери бөлімінің сержанты, дрон операторы Ұлыбек Қожанкұл.
Расында да, әскери салада дрондардың қызметін жетілдіру – басты бағыттардың біріне айналғаны сөзсіз. Аталған жарыстан бөлек, жақында Тараз қаласында Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің ұшқышсыз ұшу аппараттарын даярлау және жауынгерлік қолдану оқу орталығы базасында FPV-дрондармен жұмыс істеуге арналған оқыту курсы өтті.
Бұл оқу курсының қарулы күштердің мүмкіндіктерін кеңейтудегі маңызы зор. Себебі жаңа буын ұшқышсыз аппараттар, FPV-дрондар операторға айналадағы жағдайды бірінші адамның көзімен көруге мүмкіндік беретін таптырмас құрылғы.
Заманауи ұшқышсыз аппараттармен жұмыс істеуге арналған ерекше оқу курсы бір кездері тікұшақ полкі болған әскери бөлімнің заманауи дрондық технологиялар орталығына айналу жолындағы маңызды кезең болды.
– Мұндағы әскери қызметшілердің дайындық деңгейі өте жоғары, сондықтан бізге оларды оқыту жеңіл болды. Берген біліміміз олардың ел қорғанысын нығайту ісінде пайдасын тигізеді деп сенеміз, – дейді сабақтарды жүргізген «Қазинжиниринг» акционерлік қоғамы «R and D» орталығының бас директоры Ғани Байсеитов.
Курс теория мен практиканы қамтыды. Өндірушілер дрондардың техникалық ерекшеліктерін түсіндіріп қана қоймай, оларды нақты жағдайларда қолданудың негізгі сценарийлерін пысықтады.
Офицерлер FPV-дрондардың жұмыс істеу принциптерін, олардың тактикалық мүмкіндіктерін меңгеріп, практикалық дағдыларға ие болды. Оқыту соңында әскери қызметшілерге олардың біліктілігін растайтын сертификаттар табыс етілді. Келешекте бұл мамандар өз кезегінде басқа әскери қызметшілерді үйрете алады.