Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаладағы қос аудан қатар дамуда

Қаладағы қос аудан қатар дамуда
Автор
Тараз қаласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында былтыр көне шаһардың Бас жоспары қайта қаралып, оған тиісті толықтырулар енгізіліп, жыл соңында ҚР Үкіметі бекіткен болатын. Соның нәтижесінде қаланың аумағы 13 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 31,8 мың гектарды құрады. Халық саны да 437 мыңнан 482 мыңға жетті. Осыған сәйкес қалада жаңа Әулиеата және Жібек жолы аудандары құрылды.

Әулиеата әлеуеті зор

Қала аумағының кеңеюі ауылшаруашылық саласының дамуына да оң ықпал етуде. Шаһар маңындағы елді мекендердің қосылуы есебінен егістік алқаптарының көлемі артып, егін, мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтардың да саны көбейді. Жаңа аудандарда жылыжай кешендері мен сүт фермалары ырғақты жұмыс істеп, егіншілік пен бау-бақша шаруашылығына ерекше мән берілуде. Сонымен бірге қайта өңдеу кәсіпорындарының қатары артып, ауылшаруашылық өнімдерін нарыққа тікелей жеткізу мүмкіндігі кеңейді.

Жалпы шаһар аумағы кеңейгеннен кейін ауылшаруашылық құрылымдары бойынша барлығы 750 шаруа қожалығы тіркелген екен. Атап айтқанда, жаңа құрылған Әулиеата ауданында – 256 шаруа қожалығы бар болса, оның барлығы да егіншаруашылығымен айналысады. Осы шаруашылықтардың ішінде 42 қожалық қосымша малшаруашылығын дамытып отыр. Ал Жібек жолы ауданында – 494 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұрса, олардың да арасында малшаруашылығы бағытын ұстанатындар бар. Әулиеата ауданы әкімі аппараты кәсіпкерлік және ауылшаруашылығын дамыту бөлімшесінің бас маманы Аида Әбдікерімованың айтуынша, аталған аудан бойынша ауылшаруашылық саласындағы агроөнеркәсіп кешені ішінде 6 мал бордақылау алаңы, 3 тауарлы сүт фермасы, 1 тауарлы ет фермасы, 1 қайта өңдеу цехы, 6 көкөніс сақтау қоймасы, 4 жылыжай жұмыс істеп тұр.

– «Бектөбе» алабында орналасқан «Алель Агро» құс фермасы, жылына 10 000 тонна шикізат алады. Осы елді мекендегі жылыжай туралы атап айтсақ, «Джолдасбаева» шаруа қожалығының жер көлемі 1 гектарды құрайды. Өнім түрі – қияр, бір маусымда 30 тонна өнім жиналады. «Рамазан» шаруа қожалығы 0,03 гектарға қызанақ және қияр егіп, 15 тонна өнім алып отыр. «Қызылжұлдыз» алабы бойынша «Құсбеков Р» шаруа қожалығы 0,04 гектарға қияр мен қызанақ егіп, әр маусымда 20 тонна өнім өндіруде. «Шайқорық» алабында орналасқан жеке кәсіпкер Равшан Мамедовтың маусымдық жұмыс бойынша жеке цехы бар. Күндігіне 2-3 тоннаға дейін қызанақ, қияр және алма шырынын шыны ыдысқа жауып, саудалауда. Аудан бойынша «Шайқорық» алабында «Кәусәр» шаруа қожалығының иесі Саид Бегманов сыйымдылығы 1000 тонна көкөніс сақтау қоймасын салып, әжетке жаратуда. Сол секілді мұнда «Қожагельдиев» шаруа қожалығына тиесілі  500 тонналық көкөніс сақтау қоймасы бар. «Қызылжұлдыз» алабында «Нурбаев Ж» жеке кәсіпкерлігінің 300 тонна, Мәмбет батыр көшесіндегі «Сейтбеков» жеке кәсіпкерлігінің 3000 тонна, «Медетбекова» жеке кәсіпкерлігінің 250 тонна, «Байлық» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі 1000 тонна болатын екі қойма жұмыс істеуде. Осы жылдың 1 шілдесіндегі мәліметке сүйенсек, Тараз қаласында мал саны 24 мыңнан асады. Оның ішінде мүйізді ірі қара 3 077-ге жетсе, ұсақ мал 7 543, жылқы 1 379, құс 12 192-ні құрап отыр. Осы уақыт аралығында алынған төлдің де саны  айтарлықтай ұлғайды. Қазір шаруашылықтарда 670 бұзау, 2 198 қозы мен лақ, 235 құлын бар. Әулиеата ауданының ауылшаруашылық бағытын ұстанатын бірқатар қожалықтар мен фермалар табысты еңбек етіп отыр. Оның ішінде «Даниял» шаруашылығында 140 сиыр сауылса, олардан күніне 1,1 тоннаға жуық сүт алынады. «Жолсейіт» қожалығында 86 сиыр бар, олардың тәуліктік сүт өнімділігі шамамен 1,5 тоннаға жетеді. Ал «Мұрат» қожалығы 60 сиыр бағып, күн сайын 700 литр сүт өндіруде. Құсшаруашылығы да жақсы дамып келеді. «Алель Агро» құс фермасы жылына 10 мың тоннаға дейін өнім өндіреді, – дейді Аида Әлікенқызы.

Аталған ауданда егін шаруашылығы бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мұнда жалпы жер көлемі 14 598 гектарды құраса, оның ішінде 4016 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге тиесілі. Елді мекен жерлері 1129 гектарды құрайды екен. Егістік көлемі 3237 гектар болса, оның ішінде суармалысы – 3007, тәлімі жер – 230 гектар. Соныме қатар 34 гектар көпжылдық екпелер бар болса, оның ішінде 8 гектары бау-бақша, 2 гектары жүзімдік көрінеді. Жайылымдық жер 515 гектар шамасында.

– Көктемгі дала жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Биыл 1964 гектар алқапқа егін егілді. Бұл жерлерге түрлі дақылдар орналастырылған. Соның қатарында күздік бидай, арпа, майлы дақылдар, көкөніс пен бақша өнімдері және мал азығы бар. Тарқата айтсақ, осы жылы арпаның көлемі 236 гектарға себіліп, одан 307 тонна өнім жиналды. Күздік бидай 27 гектарға орналастырылып, жалпы түсім 32,4 тонна болды. Көкөніс дақылдарынан қызанақ 22,3 гектарға егілді, нәтижесінде 91 тонна өнім алынса, қияр 32,5 гектарға себіліп, 48,7 тонна өнім жиналды. Бақша дақылдарына келсек, биыл қауын 8,1 гектарға, қарбыз 19,7 гектарға егілді. Екеуінен жиынтығы 45 тонна болатын өнім алынды. Сонымен қатар 267,3 тонна шөп дайындалды. Жиналған өнімнің бір бөлігі қала тұрғындарына қолжетімді бағада сату үшін жыл басынан бері ауылшаруашылық тауарларына қатысты ұйымдастырылған бірнеше жәрмеңкеде ұсынылды. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 4 миллиард 450 миллион теңгені құрайды. Бұл қаржы аясында 153 адамды жұмыспен қамтитын үш инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Соның бірі – ағымдағы жылдың мамыр айында Әулиеата ауданына қарасты Шайқорық стансасы аумағында жеке кәсіпкер «Кәусәр» жеке кәсіпкерлігі көкөніс сақтау қоймасын ашуды жоспарлаған болатын. Жобаның құны 350 миллион теңгеге бағаланып, оның ішінде 200 миллион теңге кәсіпкердің өз қаражаты, ал 150 миллион теңгесі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінен алынатын несие ретінде көрсетілген. Алайда іс жүзінде 2025 жылдың шілде айында Шайқорық стансасында «Кәусәр» жеке кәсіпкерлігі 312 миллион теңгеге көтерме салқындатқыш қоймасын іске қосты. Нысанның негізгі мақсаты – көкөніс пен басқа да өнімдерді сақтауға қолайлы жағдай жасау. Қойманың жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайды. Қаржыландырудың да бастапқы нұсқасына өзгеріс енгізілді. Нақты атқанда, 212 миллион теңге кәсіпкердің өз қаржысы есебінен, ал 100 миллион теңгесі «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қамтамасыз етілді. Көкөніс сақтау қоймасының ашылуы жергілікті шаруалардың өнімін ысырапсыз сақтап, тиімді бағада нарыққа ұсынуына мүмкіндік береді. Келесі ірі жоба Қоңыртөбе аумағында жүзеге асырылмақ. Шілде айына жоспарланған бұл жобаны «TRZ Aqro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алуда. Компанияның құрылтайшысы, «Нұр Инвест» холдингінің иесі Дина Қаипова құны 1 миллиард 600 миллион теңгеге бағаланатын көкөніс сақтау қоймасын ашуды межелеп отыр. Қазіргі таңда жобаның қаржылық қоры дайындалуда. Оның ішінде 995 миллион теңгені ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінен несиеге рәсімдеуі көзделген, ал қалған сомасын компания өз қаражаты есебінен жаппақ. Бұл қойма да іске қосылғанда өңірдегі кез келген ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің өнімін сақтауға мол мүмкіндік беретін заманауи кешен болмақ. Аталған инвестициялық жобалардың бірі «Бектөбе» алабында қолға алынбақ. Мұнда «Алель Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құс етін өңдейтін зауыт ашуды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны 2 миллиард 500 миллион теңгеге бағаланған. Қараша айында ашылуы жоспарланған зауытты компания өз қаражаты есебінен іске қосқалы отыр. Жаңа өндіріс орны толық қуатында жұмыс істеген кезде құс етін өңдеумен қатар, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, жергілікті тұрғындарға қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. «Бектөбе» алабында су үнемдеу технологиясын енгізу мәселесі де қаралды. Жергілікті шаруа қожалықтарының бірі бұл жобаға қызығушылық танытқан еді. Алайда ұсынылған шарттар шаруашылыққа тиімді болмағандықтан, аталған технологияны орнатудан бас тартуға мәжбүр болды, – дейді А.Әбдікерімова.

Ауданға қарасты «Бектөбе» алабында Мақсұт Ахметовтің «Даниял» шаруа қожалығы ырғақты жұмыс істеп тұр. Иесі бұл қожалықты 2014 жылы еш жерден несие алмай-ақ өз қаражатына ашыпты. Содан бері еңбектеніп, мал басын көбейтіп, кәсібін дөңгелетіп отырған жайы бар. Қожалықта күнделікті күйбең тіршілік қыз-қыз қайнаған. Малдан алынған өнімді өткізетін де өзіндік жүйе қалыптасқан. Мәселен, сауылған сүтті арнайы сүт таситын «Газель» көлігімен, сондай-ақ «Пикап» автокөлігімен тасымалдайды. Күніне орта есеппен 75 сиыр сауылып, 1,1 тоннаға жуық сүт алынады. Алынған өнімнің негізгі бөлігі «Галеника» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Иваненко» секілді жеке кәсіпкерлерге өткізіледі екен. Мал шаруашылығымен қатар, Мақсұт Абдуллаұлы егін егуге де көңіл бөлген. Жыл сайын егіс алқабына жүгері, жоңышқа сияқты мал азығы дақылдарын егеді. Аталған шаруа қожалық қарасты екі үлкен фазенда бар. Қазіргі мал басына тоқталсақ, жайылымда жалпы 146 ірі қара жүр. Оның ішінде 75-і сауынды сиыр болса, 35-і бұзау бар. Мал басын көбейтуде 2 бұқа ұстайды. Бұған қоса, бағымындағы уақ мал саны 960-ты құрайды. Қожалық асыл тұқымды ірі қара малын сатып алып, өсіріп жатқан көрінеді.

– Шаруашылығым «Бектөбе» алабында орналасқан. Осы «Жолсейіт» шаруа қожалығын 2015 жылы құрған болатынмын. Барлық істі өз қаражатыммен бастап, жобаға сол кезде 5 миллион теңге салған едім. Қазір қожалықта 70-80 бас сауынды сиыр бар. Күн сайын шамамен 1 тоннадай сүт сауылады. Малдың қыстық азығы да біраз күш пен шығынды талап етеді. Жыл сайын 1100-1200 тоннадай жем-шөп дайындаймыз. Шаруашылықта 6 жұмысшы бар. Әрқайсысы өз ісін жауапкершілікпен атқарып жүр, айлық табыстары 150 мыңнан 300 мың теңгеге дейін жетеді. Малмен қатар егін де егіп отырамыз. Қожалықтың 72 гектар егіс алқабы бар. Сол алқапқа жылда жоңышқа егіп, орып аламыз. Малдың негізгі азығы да осы жерден дайындалады, – дейді қожалық иесі Марат Махашов.

 

Жібек жолында жұмыс жүйелі

Жаңадан құрылған Жібек жолы ауданында да ауылшаруашылық саласында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Мұнда да мал және егін шаруашылығы қатар дамып келеді.

Тараз қаласы Жібек жолы  ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Олжабаев: «Осы жылдың ақпан айында Тараз қаласының халқы саны 400 мың тұрғыннан асуына байланысты қала екі ауданға, яғни Әулиеата және Жібек жолы болып бөлінген болатын. Бұл ретте Жібек жолы ауданына Жалпақтөбе, Сұлутөр, Кемел, Түрксіб, Ақбұлым, Талас, Талас стансасы елді мекендерінен барлығы 29 615 тұрғын қосылды. Осылайша жаңадан құрылған ауданның халық саны 243 487 адамды құрады. Осы қосылған елді мекендерде аграрлық саладағы субъектілердің көп шоғырлануына байланысты Жібек жолы ауданының тұтастай алғандағы экономикасының басты қозғаушы күші ауылшаруашылығы болып отыр. Ауыл шаруашылық саласы бойынша 494 шаруа қожалығы, 52 көкөніс сақтау қоймасы, 4 жылыжай кешені, 3 сүт қабылдау және өңдеу цехы, 6 ет өңдеу (шұжық) цехтары өңірімізде экономикамыздың дамуына, оның ішінде ауылшаруашылық өнімдерімен халықты қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр», – дейді.

Осы аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және ауылшаруашылығын дамыту бөлімшесінің басшысы Айнұр Досманбетова салада егін шаруашылығы бойынша оң көрсеткіштер байқалғанын айтады. Атап айтқанда, осы жылы мұнда 494 шаруа қожалық тарапынан арпа 109,1 гектар жерге, күздік бидай 9 гектарға, майлы дақылдардан мақсары мен күнбағыс 20,6 гектарға, жоңышқа 1996,8 гектарға егіліпті. Оның ішінде шаруа қожалықтары егіс алқабын 1956,8 гектарға, жеке қосалқы шаруашылықтар 40 гектарға жеткізген.

– Жалпы алғанда біздің ауданда экономиканың дамуына серпін беру бағытында жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Қалалық әкімдік пен тиісті уәкілетті органдар тығыз байланыста жұмыс істеп, кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жобаларға қолдау көрсетуге күш салып отыр. Әсіресе мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша халыққа түсіндіру шаралары жиі өткізіліп, кәсіпкерлерге несие алу, субсидияға қол жеткізу жолдары түсіндірілуде. Мұның бәрі жоспарланған көрсеткіштерге жетуге, сонымен бірге жаңа инвестиция тартуға тікелей ықпал етіп отыр. Ауданның ауылшаруашылығы саласына кеңірек тоқталсақ, мұнда бүгінгі күні 13 агроөнеркәсіп кешені ырғақты жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде «Достар» кәсіпорнын айрықша атап өтуге болады. «Жалпақтөбе» алабында орналасқан бұл өндіріс орны ай сайын 35-40 тоннаға дейін шұжық шығарып, оның бір бөлігін Ресейге экспорттап үлгеруде. Бұл дегеніміз өнімнің сапасы мен сұранысы жоғары деген сөз. Кәсіпорынның табысы жергілікті халыққа да игілігін тигізіп отыр. Қазірдің өзінде 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, өз елді мекенінде еңбектеніп, нәпақа тауып жүр. Жалпы аудан шаруаларының басым бөлігі шағын және орта қожалықтардан тұрады. Олардың ішінде 494 қожалық егіншілікпен айналысып отырса, 13 қожалық мал шаруашылығын қолға алған. Әзірге құс өсіру немесе тұқым шаруашылығы сияқты бағыттар ашылмағанымен, жеке қосалқы шаруашылықтарда тіркелген құстың да, малдың да саны аз емес. Бүгінгі таңда аудан бойынша 4343 ірі қара, 15680 қой мен ешкі, 1575 жылқы және 12500 құс бар. Бұл қалалық жер үшін айтарлықтай көрсеткіш болып есептеледі. Аудан шаруалары егіншілік кәсіпке де жаңа әдістерді енгізіп отыр. Мәселен, «Нұротан» және «Талас» шаруа қожалықтары 46 гектар алқапқа тамшылатып суару жүйесін орнатқан. Бұл әдіс жерді тиімді пайдалануға әрі суды үнемдеуге жол ашты. Ал «Әлинұр» қожалығы ұңғыма қазып, тәулігіне 40 текше метр су беретін жүйе орнатып, өнімділікті арттыруға үлес қосуда. Осындай жаңашыл қадамдар ауылшаруашылығының дамуына соны серпін беріп, жергілікті өнімнің көлемін де, сапасын да көтеріп келеді, – дейді Айнұр Жамбылқызы.

Осы аудандағы іргелі агроқұрылымдардың  бірі – «Ернар» шаруа қожалығы. Шаруашылық иесі Ержан Калметовтің айтуынша, бүгінде оның қожалығында 88 жылқы, 104 сиыр, 940 қой бар. 2023 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы жаңа техникалар сатып алып, шаруашылығын кеңейтуге мүмкіндік алған екен. Асыл тұқымды мал санын да көбейткен.

– Шаруа қожалығым «Ақбұлым» алабында ресми тіркелген. Негізгі ұстанатын бағытымыз – мал шаруашылығы. Малдың бір бөлігі Байзақ ауданының таулы аймақтарында, енді бір бөлігі осы ауданның құмды өңірлеріндегі жайылымда бағылады. Әсіресе жылқыға ерекше көңіл бөлінген. Екі үйір жылқымды сол Байзақтағы Көкөзек ауылының 25 жастағы еңбекқор жігіті бағып жүр. Жас болса да мал бағуға әбден бейімделген. Астына мінген екі дөңгелекті мотоциклі бар, осы техникамен жайылымды аралап, малды түгендеп, қайырмалап отырады. Ол кәдімгі жылқы малының қыр-сырын жетік меңгерген, өз ісіне жауапты малсақ жігіт. Ол жылқышы ретінде ай сайын 200 мың теңге еңбекақы алып отыр. Жылқыдан бөлек сиыр мен қойға да жеке-жеке малшы жалданған. Әрқайсысы өзіне тиесілі түліктің жағдайына қарайды. Бұл түліктер де сенімді шопан мен бақташыға тапсырылған. Қожалықтың иелігінде төрт қора-жай бар. Қазіргі таңда соның біреуі бос тұр. Бірақ күзге қарай ол жаққа тиісті малды айдап апарамыз. Бұл да шаруаның бір тәртібі. Жайылым мәселесіне келсек, құмды аймақта 1800 гектардай жерім бар, ал таудағы жайылым көлемі шамамен 500 гектарды құрайды. Осы екі аймақтың табиғаты екі түрлі болғанымен, екеуі де малға қолайлы. Қыста құмда мал қыстатсаң, шөбі жұғымды, осы секілді айырмашылықтар бар. Бұдан бөлек, қожалықтың құрамында 50 басқа арналған мал бордақылау алаңы бар. Қазір оның ішінде оншақты жылқы байлауда тұр. Әдетте, бордақылауды жылына бір мәрте соғым сою маусымына қарай қолға аламын. Сол кезде арнайы семірткен малды етке өткізу тиімді болады. Ал қалған уақытта көбіне кәрі-құртаң немесе жаман-жәутік малды ғана бордақылап, сатамын, – дейді Ержан Алдабергенұлы.

Айтуынша, шаруа қожалықтың ауыр жүк көлігі, трактор секілді бірнеше техникасы бар. Шаруашылықтың жоңышқасы мен шабындықтың шөбін осы техникалардың күшімен орып, дайындап, мал ауылдарға тасиды екен.

– Шабындықтан орылған шөптен таудағы қора-жайға жылда 6-7 мың түк мал азығын жинаймын. Одан артылғанын сатып, соның ақшасына құм жақтан 2-3 мың түк сатып алып түсіремін. Әйтпесе, бұл жақтан шөп тасу тиімсіз, жолдың шығыны мен машақатынан көпке түсіп қаласың. Жалпы біз 6 ағайынды едік, қазір бесеуміз. Шаруа қожалықты 1990 жылдары әкем Алдаберген құрған. Мен үйдің кенжесімін, үйдің үлкендері оқу оқып, қазір түрлі салада үлкен қызметте жүр. Жас кезімде мал соңында жүріп, бейнетке мен бататынмын. Бір күні әке-шешеме «Мені малға салып қойдыңыздар, қалғандары жанға жайлы өмір сүріп жатыр» дегенімде өмірлік сабақ боларлық ата-аналық ақылын айтқан еді. Қазір өзімде Құдайдың берген төрт баласы бар, үлкен қызым студент, одан кейінгі ұлым 15 жаста, қалған ұлдарым 5-6 жаста. Үлкен ұлым жыл мезгіліндегі демалыстарда, әсіресе жаз айында шаруашылық жұмысына көмектесіп тұрады. Осы малдың әкемнен қалғанын, менің жасым келгенде біреуі соған ие болып, қалғаны қолдау білдіруі қажеттігін үнемі айтып отырамын. Мәселен, иелігімдегі малды мен еш жаққа арқалап әкетпеймін. Ағайынды алтаумыздың әулетімізде қандай той-томалақ, басқа да қажеттіліктер болсын, осы мал шығынды жабады. Қыстық соғымымыз да ортақ. Осыны көріп өскен балаларым, ертең ортақ қазына ретінде пайдалануға, бірі шаруашылық ісін дөңгелеткенімен, қалғаны қолы қалт еткенде жәрдемдесуге бейім болып өседі. Жалпы қазір мемлекет шаруашылықтарға көмектеспей жатқан жоқ. Мысалы, мен осыдан бес жыл бұрын мемлекеттен несие алдым, оның бес жылын өтедім, енді бес жылы бар. бірақ мемлекет оның пайызын субсидиялап берді. КСРО дәуірінде ортақ қазан болғандықтан, шопандар ұжымшар, кеңшардың малын бақты. Қазір әркім өз малын бағады. Кейбіреулер «Үкімет көмек бермейді» деп көз жасын көл қылып отырады. 1990 жылдары мүлде ештеңе берілмейтін, мемлекет ештеңе бермесе де шаруа адам міндетсінбей, өз шаруасын өзі дөңгелетуі керек, өйткені ол мемлекеттің емес, өз малын бағып отыр, менің түсінігім осы. Мал ауру-сырқауға ұрынбас үшін түрлі қауіпті кеселдердің алдын алу мақсатында мал дәрігерлері де мемлекет есебінен қан сынамасын алу, екпе салу жұмыстарын тегін атқарады. Адам тек еңбектене білуі керек, – дейді Ержан Калметов.

Біз сөз еткен қос ауданда да шаруа қожалықтар айтарлықтай әлеуетке ие. Оны осы Тараз қаласының маңында егін салып отырған щаруашылықтардың тірлігінен, онда жұмыс істеп нәпақа тапқандар мен масақ теріп, қыстық көкөнісін жинап жүргендердің әрекетінен-ақ байқауға болады. «Елде болса, ерінге тиеді» деген осы.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар