Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Азық-түлік арзанға сатылды

Азық-түлік арзанға сатылды
Автор
Облыс орталығында ауылшаруашылық тауарлары жәрмеңкесін өткізудегі басты мақсат – тараздық тұрғындарды табиғи өніммен арзандатылған бағада қамтамасыз ету. Мұндай игі іс сауда саласындағы баға тұрақтылығын сақтап, шаруа мен тұтынушы арасында ауадан ақша жасап жүрген алыпсатарлардың жолын бөгейді әрі халық тауарды өндірушіден тікелей сатып алғандықтан баға төмен болады. Өткен сенбіде Тараз қаласындағы «Әлеуметтік базар» алаңында ұйымдастырылған жәрмеңкеде шаһардың шаруалары мен мен кәсіпкерлері өндірген және тұрақтандыру қорының өнімдері сатылымға шығарылды.

– Ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесін қала тұрғындары асыға күтетіні анық. Өйткені мұнда өнім бағасы базардағыдай аспандап тұрмайды, шаруашылық не кәсіпкердің өндіріс орнынан тікелей жеткізілген табиғи өнімі халыққа қолжетімді бағамен ұсынылады. Сауда сөрелеріне жалпы құны 10 300 000 теңгеден асатын 16 тоннадан астам ауылшаруашылық тауары қойылды. Әрқайсысы күнделікті дастарқанға қажет өнімдер. Мысалы, жұртшылыққа 500 келі тауық еті, 1 тонна шұжық, 2 тонна сүт өнімдері, 1 000 дана жұмыртқа, 500 келі кондитерлік өнім мен осыншама келі макарон өнімі, 50 келі тұз, 100 келі балық, 3 тонна ұн, 500 келі бал, 8 тонна жеміс-жидек пен көкөніс әкеліп отырмыз, – дейді Тараз қаласы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Таңатаров.

Жәрмеңкенің ең басты ерекшелігі баға айырмашылығында екені белгілі. Қала базарларындағы бағамен салыстырғанда мұндағы өнімдер әлдеқайда арзан. Мәселен, фабрикалық тауық етінің бір келісі базарда 1 300 теңгеден сатылатын болса, жәрмеңкеде 1 100 теңгеден саудаланды. Келісі базарда 2500 теңгелік үйдің тауық етінен де тұтынушылар шамамен әр келіден 300 теңге үнемдеді. Жұмыртқаның бір данасы 50 теңгеден сатылып, айырма базар бағасынан 14 пайызға төмен болды. Ысталған шұжық пен бұқтырылған шұжықтың әр келісіне 200 теңгеге дейін жеңілдік жасалды. Тұқы балығы да біршама арзанға сатылды. Орташа салмақтағысының бір келісі 1 000 теңге, ірісінің бір келісі 1 500 теңге болды. Пастерленген 510 теңгелік 1 литр сүт 450 теңгеден ұсынылса, айранның литрі 60 теңгеге арзан сатылды. Үй сүтінің бір литрі 280 теңге, үй қаймағының келісі 2 200 теңге, ірімшік пен сүзбе де 15 пайызға дейін төмен бағада саудаланды. Қымыз бен шұбаттың литрі 1 000 теңгеден сатылып, базардағы бағадан шамамен 17 пайыз арзанға түсті.

Бакалея өнімдерінің бағасында да айқын айырмашылық байқалды. Нарықтағы литрі 800 теңгелік өсімдік майының 1 литрі 610 теңгеден ұсынылды. Ұнның келісі 150 теңге болса, қарақұмық жармасы 200 теңгеге дейін арзандады. Бұл базардағы бағадан 30 пайызға төмен. Жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерінде де халықтың қалтасын қақпайтындай баға қойылды. Алманың келісі 250 теңге, картоп – 120-150 теңге аралығында, сәбіз – 150-200 теңге, пияздың келісі 100 теңгеден сатылды. Асқабақтың бағасы базарда 200 теңге тұрса, жәрмеңкеде 150 теңгеден сатылды.

Біз саудагерлермен тілдесу барысында «Сарыбас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сатушысы Фатима Абдрахманова жәрмеңкеге қандай тауар түрін әкелгенін, оны қанша теңгеден саудалағанын айтып берді.

– Біз осы жәрмеңкеге 300 келі шұжық өнімін алып келдік. Бағасы да халыққа қолайлы. Ысталған шұжықтың келісін 2 200 теңгеден, ал бұқтырылғанын 2 000 теңгеден саттық. Тауарымыз базар нарығынан кемінде 200-300 теңге арзан болған соң, жұрт та қызығушылық танытып жатыр. Сапасына күмән жоқ, өзіміздің өнім. Жәрмеңкеге келген жұрт та риза, біз де тегін сауда орнында тауарымызды тұтынушыға тікелей ұсынып отырғанымызға көңіліміз тоқ, – деді ол.

Негізінде нарықтағы бағадан жәрмеңкедегі тауар бағасының 15-20 пайызға дейін арзан болуы қарапайым тұтынушы үшін үлкен көмек екені рас. Алайда қала тұрғыны Шынар Қарсақова жәрмеңкеден мал етін таппағанын айтады.

– Өткен сенбідегі ауылшаруашылық жәрмеңкесіне мен де барып, мал етін таппадым. Амал жоқ келісі 2 200 теңге тұратын тауық етін сатып алдым. Ал базарда мал етінің бағасы ұшып тұр. Мені ойландыратынын бір сұрақ бар. «Тараз қаласында екі аудан құрылды, оның құрамына Жамбыл ауданындағы Шайқорық, Жалпақтөбе секілді және Байзақ ауданынан да бірнеше елді мекен енді деп естіп едік. Сонда жаңадан құрылған «Әулиеата» және «Жібек жолы» аудандарында жылқы, сиыр, ең болмаса қой ұстап, оны бордақылаумен айналысатын бір шаруашылық болмағаны ма? Әшейінде «Төрт түлік ұстау қазақтың атакәсібі» деп мақтанамыз. Ең болмаса осындай жәрмеңкеде қызылсырап жүрген қала қазақтарына арзандатылған бағада ет ұсынылуы керек деп ойлаймын. Негізінде мал бордақылау, оны сату ісімен айналысатындардың дені осы Тараз қаласының маңайында орналасқан. Олардың өндірген еті, жалпы облыс шаруалары өндірген мал еті қайда кетіп жатыр? Неге олардың мал еті жәрмеңкеге әкелінбейді, – деді ол.

Бұдан кейін біз Жанболат Таңатаровқа қайтадан жолықтық. Оның айтуынша, қалаға қарасты мал бордақылаумен айналысатын шаруалар байланған малды сойып сатпайтын көрінеді. Дегенмен алдағы апталарда өтетін жәрмеңкелерге облыс аудандарындағы мал ұстап отырған шаруашылықтардың еті әкелінеді екен.

Н.БОЛАТҰЛЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар