Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тілге құрмет төлқұжаттан басталмақ

Тілге құрмет төлқұжаттан басталмақ
Автор
Соңғы кездері әлеуметтік желіде кеңестік заманның құлдырап жатқан тұсында немесе соған дейін туған қазақ азаматтарының жеке куәлікте тегін қазақшалап, ұлттық дәстүрлер бойынша дұрыстатып жатқанын жиі көзіміз шалып жатыр. Бұл - құптарлық іс. Өйткені өз ұлтыңды, тіліңді, тіпті өзіңді құрметтеу өз атыңның, тегіңнің дұрыс жазылуынан басталады.

Тәуелсіздік жылдарында туғандардың біразының туу туралы құжаттары қазақ тілінде, тілдік нормаға сәйкес толтырылып бастады. Ал оған дейін туған ата-апаларымыз бен аға-әпкелеріміздің, өзіміздің де есімдеріміз біразға күлкі мен келемежге айналып, тіпті соны дұрыс санайтын жағдайға дейін жеттік.

Атасының аты Ізбасар болса, соны Избасар деп дұрысын бұрыстайтындар да бар. Ондай мысалды бүгінде ең көп естіп жүрген Турсен Алагузовтан да білеміз. Ең сорақысы - оны солай дұрыс деп елді сендіруінде. Бірақ қазақта ондай сөз жоқ қой. Тұрсын деген бар, Алакөз деген бар және олар жәй аттар емес, қазақтың ырымдап қойған есімдер екенін де ескерген жөн.

Баршаға белгілі, тағдырдың тезімен бір әулеттің жүгін арқалайтын кей азаматтар туғанда халқымыз болып жатқан түрлі қиындықтардан аман қалсын деген ниетпен нәрестеге сондай аттарды қойған. Ондай есімдер  өзіне үлкен қуатты жиып, оны арқалап жүрген азаматқа соған лайық бағытты беріп тұрғандай дерсіз. Кейде ондай аттарды көтере алмайтын да адамдар болып, омақасынан түсіп жатады. Ал кейбірі керісінше перзенттік парызын ақтап, атына заты сай үлкен азамат та болады.  Ең бастысы - сол әулеттің үміт етіп қойған есімін бұрмаламай, өз мағынасында сақтау.

Кісі есіміне қарап бұрындары тіпті оның шыққан тегін, туған жерін аңғаруға болатын. Ал қазір ол үрдіс өзгерді. Ара-тұра ғұрыпты сақтап, өз тегін танытатын есімдер қойылып жатады.

Өкінішке қарай, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін қазақ есімдерінің бұрмалануы қалыпты жағдайға айналған. Оны әсіресе жамбылдық майдангерлердің тізімін жасақтағанда көп байқадым. Бір майдангердің есімі құжатында Игорь болып жазылған. Бірақ қызы келіп, оның азан шақырып қойған есімі Бегер екенін айтты. Құжат толтырушының қазақшаға сауаты кем болып, өз ыңғайына қарай жазып жіберген дейді. Енді бір мықты ағамызды білемін. Есімі - Барыс. Алайда құжатта әлі де Борис. Осындай жәйттарды ескере келе 1996 жылдың 2 ақпанында Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Ұлты қазақ азаматтардың тегi мен әкесiнiң атын жазуға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi туралы» Жарлығы жарияланды. Бұл құжат жоғарыда айтылған олқылықтарды дұрыстауға мүмкіндік берді. Кез-келген атын, тегін дұрыстаймын деген азамат негізін көрсете отырып, қалаған тегінің, әкесінің атының мемлекеттік тілде жазылуына арыз беруге құқылы. Бұл ретте,  тегі мен әкесінің атының түбірін сақтай отырып, қазақ тіліне тән емес «-ова, -ова», «-ев, ева», «-ин, -ина» аффикстерін алып тастап, оның орнына әкесінің аты және оған жынысына қарай  «ұлы» немесе «қызы» деген сөздер қосылып жазылатын болды. Бастапқыда  бұл заңнаманы жүзеге асыруда біраз қиындықтар болған. Мысалы, мен алғаш куәлік алатын 2007 жылы құжат беру бөлімінде заңды құқымнан айырылдым. Ондағы қызметкер маған тегімді қазақшалауға рұқсат жоқ деп, куәлікке туу туралы куәліктегі жазу ғана жазылады деп, рәсімдеді де жіберді. Заң тұрғысында туу туралы куәлікті ауыстыруға болатынын, ол үшін арыз жазатынымды ол кезде түсіндірмеді де. Шамасы маған жолыққан маман сол тұста заңнан бейхабар болса керек.

Ал мемлекеттік архивте еңбек еткен кезімде бір әріптің өзгешелігі зейнетке шығып жатқандарды әбігерге салғанын көріп, құжаттағы жазбаны түзеуге деген үрейімді үдетіп те жіберді. Санамда құжатты ауыстыруға болмайды деген қағида пайда болды. Бекер-ақ екен. Кейде ғаламдық өзгерістер үшін де өз ішіңде революция жасаудың маңызы барын кейін ұқтым.

1996 жылғы Жарлық өз күшіне енгеннен кейін алғашқылардың бірі болып тегін қазақшалаған азамат өз жерлесіміз Шерхан Мұртаза екенін де осы ретте айта кеткім келеді. Сол кезде тіл жанашыры ретінде бұл заңнаманың өміршең болуына өз үлесін қосып, құжатты рәсімдеудегі қиындықтардың уақыт өте келе оңтайлануына да септігін тигізген еді.

Бүгінде бұл қызметті «Электронды үкімет» порталы арқылы кез келген азамат қиналмай-ақ өз үйінде отырып та жасай алады. Ол үшін алдымен ескі туу туралы куәлігіңіздің электронды көшірмесін жасап, электронды қолтаңбаңызбен «eGov» сайтына кіресіз. Ол жердегі қызметтер бөлімінен «Азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу» батырмасын басып, тиісті жазбаларын толтырасыз. Ең бастысы - қайта алу себебіне ұлттық дәстүрлерге сай түзету жасайтыныңызды көрсетіңіз. Кейін баж салығын төлеуге өтесіз. Сұраныс жасалған соң, бірер күн ішінде жергілікті АХАЖ бөліміне ескі құжатыңызды тапсыра отырып, жаңасын аласыз. Бұл - тек туу туралы куәлік. Ал одан кейін сол куәлікпен жеке басыңызды куәләндыратын құжатты алуға өзіңіздің тұрғылықты жердегі халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өзгерген тегіңізді дәйектейтін құжатпен анықтамалық деректерді ауыстыру туралы өтініш жазасыз. Яғни, жаңа куәлікке тапсырыс бересіз. Бұл небәрі 15 жұмыс күніне дейінгі уақытты қажет етеді. Атыңыз, тегіңіз дұрысталған жаңа құжатпен сол орталықтан алыстамай деректер базасындағы өзіңіз туралы өзге де ақпараттарға түзету енгізуін сұратасыз. Қажет болса, тегіңізді ауыстырғаныңыз туралы анықтаманы да алып алғаныңыз жөн. Ол тегіңізге байланысты қосымша сұрақтар туындаған жағдайда үнемі қолыңызда болып, даулы сәттерде айғақты құжат ретінде қолданылады.

Әрине,  жаңа құжат алу үшін уақыттың, кей жағдайда қосымша шығынның кететіні бар. Дегенмен нәтижесі қандай десеңізші. Біреулер үшін ол аса маңызды да болмауы мүмкін. Бірақ өз тегіңнің мәнінен ажырамай жазылуы өзің үшін де, ұрпақ үшін де, тіпті елдік үшін де тарихта теңіздегі бір тамшы болып өз үлесін қосып тұрады. Кейде ұлт үшін көп сөз емес, кішкентай қадамнан басталатын әрекеттер қажет. Сондықтан  көп толғанып жүріп,  затым қазақ болған соң тегімді де қазақшалайын деп, дәл осы жолы нақты шешім қабылдаған жайым бар.

Назым ҚОЖАМАР,

Ш. Мұртаза атындағы руханият және
тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар