
Бұл біріншіден, тұтынушының тұрмыстық деңгейін тұрақтандыру болса, екіншіден ел экономикасына қосылған елеулі үлес. Осындай ұстанымды басшылыққа алған өндіріс орындарының бірі – Жамбыл ауданына қарасты Еңбек ауылында орналасқан «AY KUS» фабрикасы.
2017 жылы іске қосылған фабрика жыл санап өндіріс ауқымын кеңейтіп келеді. Бүгінде кәсіпорынның жалпы құны 917 миллион теңгені құрайды. Бұл – ауылшаруашылығын дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жоба.
Жай күндері дүкендер мен базарларда бір дана жұмыртқа 50-60 теңгеден сатылып жатқанда, Еңбек ауылындағы фабрика халыққа жұмыртқаны 35-40 теңгеден ұсынуда. Бұл ауыл тұрмақ, қала халқы үшін де тиімді баға болып тұр.
– Біздің басты мақсатымыз – халықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету. Нарық мың құбылып, баға шарықтап тұрған заманда таза әрі арзан тағам ұсыну – үлкен жауапкершілік. Жұмыртқа – күнделікті тұтынатын негізгі азықтардың бірі. Біз оның халыққа қолжетімді болуын басты назарда ұстаймыз. Бұрын мұның бәрі қолмен атқарылатын. Қазір заманауи құрылғылардың арқасында санаулы минутта мыңдаған жұмыртқа сұрыпталады. Біздің өнім тек Жамбыл өңіріне емес, еліміздің 3 ірі қаласына да жөнелтіледі. Бұл – біз үшін үлкен сенім мен зор жауапкершілік. Әр қорапта халықтың денсаулығы мен амандығы жатқанын жақсы түсінеміз. Болашақта бұл көрсеткіш екі еселенеді деп сенеміз. Өйткені халықтың сұранысы жоғары, біздің де еңбек етуге ынтамыз зор. Ең бастысы – еңбек. Береке еңбекпен келеді. Ауылға жұмыс берсек, халыққа азық берсек, елге пайдамыз тисе – біз үшін ең үлкен жетістік сол, – дейді Жамбыл ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Береке Нәсіпбеков.
Жылына 70 миллион дана жұмыртқа өндіретін фабрикада қазіргі таңда 33 адам тұрақты жұмыс істейді. Өндіріс толығымен автоматтандырылған. Жұмыртқа салмағы мен сапасына қарай сұрыпталып, арнайы құрылғылар арқылы ұяшықты қораптарға салынады. Мұның барлығы уақытты үнемдеп қана қоймай, өнімнің тазалығы мен қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді.
Фабрика тек жұмыртқа өндірумен ғана шектелмейді. Мұнда 250 тауық пен 270 мың балапан өсіріледі. Алдағы уақытта құс басын көбейтіп, өндіріс көлемін арттыру көзделіп отыр.
Құсшаруашылығы бойынша белді қызметкердің бірі, бірнеше жылдан бері кәсіпорында еңбек етіп келе жатқан Мария Айтбаева да өндіріс барысындағы жаңашылдықтармен бөлісті.
– Жұмысымыз жеңілдеді. Бұрын жұмыртқаларды қолмен сұрыптап, қорапқа салу үшін көп уақыт жоғалтатынбыз. Қазір автоматты құрылғылардың арқасында біз тек бақылау жүргізіп, өнім сапасына жауап береміз. Әр жұмыртқа біздің қолымыздан өтеді. Сапасы мінсіз болуын қадағалаймыз. Біз осы арқылы тұтынушылардың сенімін ақтауға тырысамыз, – дейді М.Айтбаева.
Қазіргі таңда фабрикада S1, S2, S3, сондай-ақ классика, отбор, премиум және элита сұрыпты жұмыртқалар шығарылады. Бұл сұрыптардың барлығы да тұтынушылардың түрлі сұраныстарын ескеріп әзірленеді.
Ел экономикасының іргетасы осындай қарапайым, бірақ қажырлы еңбекпен қаланып жатыр. Еңбек ауылындағы құс фабрикасының өрісі кеңейіп, болашағы жарқын боларына сенім мол.
Аружан КҮНТУБАЙ,
журналист,
Жамбыл ауданы