
Жамбыл политехникалық жоғары колледжі еліміздегі жетекші 10 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің қатарына енеді. Оқу процесі өндірістік тәжірибемен ұласады. Яғни студенттер теориямен қатар тәжірибе жұмыстары арқылы білімін нығайта түседі. Оқу орны еңбек нарығының талаптарын және аймақтың даму перспективасын ескере отырып химия, энергетика, құрылыс салаларына жоғары білікті мамандарды дайындайды.
Биылғы оқу жылында 30 мамандық 47 біліктілік бойынша 2 589 студент білім алуда. Оның ішінде мемлекеттік тапсырыс негізінде – 2 382, ақылы келісімшарт негізінде 207 студент оқып жатыр. Сырттай оқу бөліміне 165 студент қабылданған. 2024-2025 оқу жылында колледжді 593 түлек аяқтап, жұмысқа орналасу көрсеткіші 86 пайызды құраған.
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Асхат Қартақовтың айтуынша, кәсіптік практиканы жүргізу үшін облыстағы және Тараз қаласындағы 120 кәсіпорынмен келісімшарт жасалған. 85 кәсіпорында дуальдық оқыту жүйесі енгізілген. Дуальдық оқыту жүйесінде 25 мамандық бойынша 1 561 студент оқуда.
– Колледжде жұмысшы мамандықтары бойынша 500-ге жуық студент білім алуда. Студенттердің білімін одан әрі жетілдіру мақсатында Жаңа Жамбыл фосфор зауытымен, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен меморандум жасалды. Яғни студенттер аталған кәсіпорындарға барып, өндірістік тәжірибеден өтеді. Мұнымен қоса «Кнауф» компаниясы мен колледж арасындағы меморандум аясында 25 миллион теңгеге құзыреттілік орталығы салынуда. Бұл жерде де студенттеріміз өндірістік тәжірибеден өтеді. Ал шығынды компания өзі көтереді. Сондай-ақ жақында Қытайдың «Сиань» колледжімен химия саласы бойынша меморандумға қол қойылып, қос диплом бойынша білім беру көзделіп отыр. Студент үш жыл бізде оқыса, соңғы курсты Қытай елінде аяқтайды. Барлығы тегін, екі тарап оқу жүйесіне кететін шығынды өздері төлейді, – дейді Асхат Уайсұлы.
Колледждің материалдық-техникалық базасы туралы айтар болсақ, 2 оқу корпусы, 2 шеберхана, 320 адамдық 2 жатақхана, 82 пәндік кабинет, 19 оқу зертханасы, 15 компьютер бөлмесі, 21 шеберхана, 3 спортзал, 1 спорт алаңы мен оқу полигоны, 2 кітапхана, 2 мәжіліс залы бар.
Колледжде «Жас маман» жобасы қолға алынып, бюджеттен 380 миллион теңге қаржы бөлінген. «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» және «Механикалық өңдеу, өлшеу-бақылау аспаптары және автоматика» мамандықтары бойынша жаңа үлгідегі жабдықтар алынған.
Баспасөз турының екінші бөлігінде БАҚ өкілдері Жаңа Жамбыл фосфор зауытының өндіріс алаңына барды.
Жұмысшы мамандарды даярлауда тынымсыз еңбек етіп жатқан колледж ұжымы бүгінде барлық бағыт бойынша үздік атанып келеді. Сонымен қатар білімгерлер де түрлі байқауларда жеңімпаз атанып, оқу ордасының абыройын асқақтатып жүр.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ