
Форумның алғашқы бөлігі аудандық жастар ресурстық орталығында ұйымдастырылды. Мұнда жергілікті белсенді жастар шеберлік сағаттарын өткізіп, түрлі жобалар мен бастамаларын көпшілікке таныстырды. Ал аудандық мәдениет үйінің алаңында 10 арнайы шатыр тігіліп, аудан жастары мен жасөспірімдерінің тың идеялары мен шығармашылық жұмыстары көрмеге қойылды.
Форумда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов жастардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.
– Бүгінгі форум – ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Біз сіздердің әрбір идеяларыңызды қолдауға, жаңа жобаларыңыздың іске асуына барынша жағдай жасауға дайынбыз. Болашағымыз – білімді, белсенді жастардың қолында. Алайда жаңа оқу жылы басталғалы облысымызда балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың жиілеп кеткені бізді алаңдатып отыр. Сондықтан жастарды «Заң мен тәртіп» қағидаларын ұстанып, өңірдің тыныштығы мен қауіпсіздігіне селқос қарамауға шақырамын, – деді С.Сәлемов.
Сахнаға шыққан өзге де спикерлер жас буынға тағылымды ақыл-кеңестерін айтты
«DIGITAL AUYL» форумы – ауыл жастарының әлеуетін танытып қана қоймай, олардың өз идеяларын жүзеге асыруға шабыт берген маңызды алаңға айналды. Іс-шара барысында шеберлік сабақтары өтіп, жастардың сан түрлі жобалары таныстырылды. Сондай-ақ «Идеялар жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, қатысушыларға өз білімдері мен тәжірибесін ортаға салып, жаңа ойларын бөлісуге кең мүмкіндік берілді.
Ал, «Болашақ зертханасы» жәрмеңкесінде жастар ерекше жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Форумға қатысушылардың назарын теңіз толқыны, күн мен жел қуатын электр энергиясына айналдыруға арналған жобалар аударды. Жәрмеңке жас буынға тек техникалық шеберлігін ғана емес, шығармашылық көзқарасын да танытуға жағдай жасады.
Форумға қатысқан мектеп оқушылары мен ұстаздар да өздерінің тың ғылыми ізденістерін ортаға салды. Мәселен, Тараз қалалық техникалық шығармашылық орталығының жанындағы авиамодельдеу үйірмесінің жетекшісі Қайрат Отарбаев қазақстандық жасанды жер серігі жобасы туралы әңгімеледі.
– Бұл серік айна жүйесі арқылы күн сәулесін биік тауларға, шөлдалаға немесе мұхиттың шалғай аймақтарына бағыттай алады. Мұндай құрылғыны ғылыми зерттеулерде ғана емес, құтқару жұмыстары мен болашақта әртүрлі технологиялық және әскери мақсаттарда да қолдануға мүмкіндік бар, – деді Қайрат.
Айша бибі ауылындағы №7 мектептің математика пәнінің мұғалімі Асқар Әзімжанов «SenseAir AI» бағдарламасын таныстырды.
– Бұл бағдарлама адамның дауысын саралап, тыныс алу жүйесіндегі ықтимал сырқаттарды 89 пайыз дәлдікпен анықтайды. Қазіргі таңда жоба сынақ және жетілдіру кезеңінде тұр. Соған қарамастан алғашқы нәтижелері өте үміт күттірерлік. Мұндай құралды мектептегі медициналық пункттерде алдын ала тексеріс үшін қолдануға болады, ал болашақта ауруханалар мен емханаларда кеңінен пайдалану көзделуде, – деді ұстаз.
Форумға өңірдегі ірі өнеркәсіп орындарының өкілдері де қатысып, өз салаларының жетістіктерін көрсетті. «Амангелді» газ өңдеу зауытының техника қауіпсіздігі жөніндегі бастығы Бақтияр Қорынбаев өндірістегі жұмыс барысымен және сапа бақылау зертханасының қызметімен бөлісті.
Ал «Жаңа Жамбыл» фосфор зауытының техникалық-технологиялық бөлімінің бастығы Миржан Падшахан сары фосфор өндірісі, оның қосалқы өнімдері және одан алынатын жаңа өнімдер туралы баяндады.
– Біз фосфорит шикізатын өңдеп, сары фосфор аламыз. Бұл үдерістен феррофосфор мен электротермиялық қож секілді қосалқы өнімдер де шығады, олар да өнеркәсіпте кеңінен қолданылады. Ал сары фосфорды ары қарай өңдеп, ортофосфор қышқылы мен натрий фосфаттарын аламыз. Бұл өнімдер химия мен тағам өнеркәсібінде үлкен сұранысқа ие. Бүгінде біздің өніміміз Еуропа, Азия және Америка нарығына экспортталуда. Бұл салаға қызығушылық танытқан жастар үшін кең өріс ашатыны сөзсіз, – деді ол.
Облыс әкімінің орынбасары форумды қорытындылай келе, ауыл жастарына сенім білдіріп, олардың бастамаларына қолдау көрсетілетінін айтты.
Форум шеңберінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық және жастар саясатының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар жас марапатталды.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ