
1892 жылы һакімнің ұлы Әбіш Сүлеймен деген татар саудагерінің қызы Мағрипаға үйленеді. Абайдың отбасында думанды күндер басталады. Дүркіреген той болып, бүкіл ел қуанышқа ортақтасады. Архам Кәкітайұлы «Абай өмірінің соңғы жылдары» атты естелігінде Абайдың отбасындағы осы дүбірлі қуаныш туралы былай деп жазады: «Енді Абайдың көңілі жай тауып, өмірінде аңсаған білімге, өнерге баласы жетіп, халқына адал қызмет етерлік, надан елдің көзін ашарлық ойлы, парасатты адам боларлық бала тәрбиелеп, оқытып шығарғанына қанағаттанып, бұдан былайғы өмірінде жасынан құмарланып, қолы жетпей қалған оқуға, білімге кірісіп, халқына үгіт-насихат жазып қалдыруға мүмкіндік алып, алаңсыз біржола берілген кезі болды...» (Алматы, «Өлке» баспасы, 2012 жыл).
Тойдан соң Әбіш пен Мағрипа Алматыға жол жүріп кетеді. Әбіш Алматыға барып, қызметке орналасады. 1894 жылы жазда Әбіш Мағрипаны елге ертіп келеді де, бір ай аунап-қунап жатады. Сөйтіп аяғы ауыр Мағрипаны елге қалдырып, өзі Алматыға кетеді. Күзде Мағрипа босанып, дүниеге қыз алып келеді. Сәбидің есімін Рахила қойып, Абай отбасы қуанышқа бөленеді. Бірақ аяқ астынан Әбіштің ауру болып қалғаны Абайдың қабырғасын қайыстырады.
Абайдың осы кездегі зарлы, қайғылы халі туралы Архам Кәкітайұлы былай деп жазды: «Алаңсыз, уайымсыз кітап оқып, жазу жазып жатқан Абайға төтеннен кездескен қауіп-қатер қатты батты, ақындық талантын қозғады. Әбіш науқасы туралы көптеген мұңлы, зарлы өлеңдер жазды.
Көп кешікпей Мағауия қасына Майқан деген жігітті ертіп, Алматыға аттанды. Күн сайын хат келіп тұрды.
Ақыры сол аурудан 1895 жылдың басында қайтыс болған Әбішті Алматыға жерлеп, Мағауия елге келді.
Әбіштің өліміне жыламаған, қайғырмаған ел-жұрт болмады. Абай даусын шығармай ботасы өлген түйедей ыңыранып, екі көзінен жасы мөлтілдеп тамшылап ағып, омырауына төгіліп тұрды. Абай Әбішті жоқтап, жоқтау өлеңдер жазды.
Жаңа жылдың басшысы-ол,
Мен ескінің арты едім.
Арман деген ащы сол,
Сүйекке батты, қарт едім,-деді.
Тағы да:
Оқып-біліп, сау келсе,
Тағлым бермес ер ме едің?!
Елді үйретіп, сонда өлсең,
Арманым бар дер ме едім,-деп күңіренді.
Абайдың жоғарыдағы жоқтауына қарағанда Әбішті өз балам еді деп қайғырмайды, жаңа туғалы келе жатқан бостандық, теңдік жолына қараңғы халықты бастарлық жас еді, егер оқып-біліп, сау болса, көпке тағылым беріп, елді үйретіп өлсе, армансыз болар еді дейді».
Қайғылы Абай келіні Мағрипаға Әбішті жоқтаған жоқтау өлең жазып береді:
Айналайын, Құдай-ау,
Қапалық салдың жасымнан.
Шешенің зарын тарттырдың,
Бес жасымда басымнан.
Сөйлемей пенде шыдамас,
Қайғы отына ашынған.
...Айырып от қып өртедің,
Әбіш сынды асылдан...
Бұл Абайдың Әбішке арналған жүрегінің төрінен шыққан қайғылы өлеңі болатын.
Арманы көп қайран Абай асыл мақсаттарының біріне жете алмады. Әбіштің өлімі Мағрипаның жүрегін тілгіледі. Абай келіні Мағрипаға жұбату өлең де жазды:
Жылағанды тоқтатып,
Ынсап қылсақ жарайды.
Қоймасаң, қайғы ауыр боп,
Тұл бойыңа тарайды.
Қызыл гүлің суалып,
Ақ көңілің анық қарайды.
...Жылама, Мағыш, жылама,
Алладан өлім тілеме!
Қолдан ұшқан ақ сұңқар,
Қайтып келіп қонбайды!
Бір шешеден туғанда,
Бәрінен кетті тәуірім,
Көтермеске амал жоқ,
Көрдім дүние ауырын...
Көп ұзамай Мағрипа да қайтыс болды. Таудай қайғы алып ақынды шөктіріп тастады. Енді Абай тек ғана қағаз, қалам алып, зарлы сөзін ақ қағазға жазумен болды. Өткенге көз жіберді, ұшқыр оймен болашақты шарлады. Халқына қорған боламын деп жүріп, өзінің қорғанынан айрылды. «Енді қалың еліме басшы болар кім екен?»-деп қайғырды. Оқыған білімі, ақылы мен айтар сөзі кімді болса да таңдандырар, болашағынан көп үміт күтетін Ер Әбіші дүниеден өтті. «Енді кім менің әкелік алтын мақсаттарымды жалғастырады?»- деген қайғылы өксік ойдың астында қалды. «Өкпе ауруына шалдыққан, жарым-жандау болып жүрген Мағауиям аман болсын» деп тіледі.
1904 жыл Абай отбасы үшін ауыр кезең болды. Бұл туралы Архам Кәкітайұлы «Абай өмірінің соңғы жылдары» атты естелігінде былай деп жазды: «..Қаңтар айында Мағауияның сүйіп алған әйелі Маржан науқасқа ұшырады. Ол Маржан аса сүйікті, ағайын-туғанға бауырмал, қонаққа меймандос, шаруаға қолайлы, ақылға серік болған, Мағауияның сүйеніші ретінде жүрген әйел еді. Оның науқасына Мағауия қатты күйзелді. Жас шағынан өкпе ауру болып, доктордың көмегімен, үйдің күтімімен өмір сүріп, жарым-жандау болып жүрген Мағауияның өкпе ауруы күшейіп, жөтеліп жүрді де, наурыз айында Маржан қайтыс болған соң, біржола төсек тартып жатып қалды. Ешбір ем қонбады. Сол жұрт мақтаған Мағауия 1904-жылы, ескіше мамырдың 12-сі күні, 34 жасында қайтыс болды».
Ұлы ақынның жанына батқан қайғылы сәтін жазушы М. Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында былайша сипаттайды: «Мағаш жатқан бөлмеге Абай келіп кіргенде науқастың төсегі жанында төне қарап, ентелеп отырған еркек, әйелдер тез қозғалып, Абайға жол бере берді. Әлі демігін баспаған қалыпта, шошыған, үріккен күйде Абай келіп, Мағаштың жер төсегінің жанына ауырлай дем алып, құлай барып отыра кетті. Көзі әлі де жаңағы Әйгерімді шошытқан күйінде шарасынан шығып, шатынай қарайды. Сол ап-ашық боп үлкейіп кеткен көздерінен ағып жатқан жастары кесек-кесек түйіншектей, бидайдай боп төгіліп жатқандай.
Әкесі қасына жеткенін аңдап жатқан Мағаш оған қарай әлсіз ғана, болымсыз ғана белгі берді. Созылып жатқан оң қолының бір-екі саусағын сәл қыбырлатып, жаза берді. Аузынан Абай құлағына әрең жеткен, соңғы демімен аралас, соңғы сыбыры естілді, анық естілді.
- Аға... Дүние... осы! - деп қана қалған еді.
Сол сәтте Мағаш үзіле берді. Үйдің іші, ауыздағы бөлмелері, одан әрі дала толы, үлкен қыстаудағы барлық жан енді түгел өксіп, өкіріп, айғайлап дауыс айтып, жылай жөнелісті. Жер күңіренді дегендей.
Қартаң пішінді, бурыл сақалды еркектер, ажымды ана-әжелер, шиеттей жас балалар-бәрінің кеудесінен: «Мағашым», «бауырым», «қуатым», «ағакем», «ағатайым» деген жеке-жеке өксік, айғай, зар-нала арасында үздігіп шыққан аз сөздер бар.
Бұл сөздер қазір көңілдегі шердің, көздегі жастың ғана тілі болған. Айнала дүние егіле, ағыл-тегіл жаспен уланып жатқанда Абай біралуан, түсініксіз күйге түсті. Онда үн жоқ, дыбыстап жылаған өксік, айғай да жоқ. Бір ауыз тырс етіп айтылған сөз де естілмеді. Тек ғана бадырайып, шошынғандай шатынап ашылған көздерінен үнсіз жастар бұршақтай боп үзіліп-үзіліп, оқтын-оқтын тамып, төгіліп кетеді... (М. Әуезов, жиырма томдық шығармалар жинағы, 6-том, «Абай жолы» роман-эпопеясф, «Жазушы» баспасы, Алматы, 1980-жыл, 432-бет).
Архам Кәкітайұлы жоғарыдағы естелігінде осы жағдайға байланысты қатты қайғырғанын жазады. Мағауияны жерлегенде, Абай: «Мағашым, ер болсам, артыңнан кешікпей барармын, ез болсам, тірі қалармын»,-деп, уәде еткендей сөз айтқан екен. Сондай-ақ «Аузымнан сөзімді алған, қарағым, Алдымнан елімді алған қарағым»,-деп жоқтапты.
Ер Әбішінен айрылған соң ақынның ендігі үміті Мағауия еді. Абай Мағауияның ақындық қабілеті барына қуанды, елді басқара алатын қабілетінен зор үміт күтті. Елге басшы болуды Мағауияға тапсырды. Мағауияның сөзге шешен, ұшқыр ойлы, қысылғанда сөз тауып кететін тапқырлығы бар болатын. Архам Кәкітайұлының айтуынша, Мағауияның әйелі Маржан ақылды әйел болған.
Абайдың тағдырындағы бұл қайғы-қасірет бүкіл Құнанбай ұрпақтары үшін ауыр тигені белгілі. Бүкіл он ауылдың халқына басшы болып отырған Мағауияның өлімі Абайдай ақынның болашақтан үміт еткен үмітінің тас-талқанын шығарды. Мағауияны жоқтап айтқан өлеңінде: «Ер болсам, артыңнан кешікпей барармын...» деп аһ ұруы соның белгісі еді.
Архам Кәкітайұлы Абайдың қайтыс болғаны туралы: «Абай ауылы сыртқа көшіп, Мағауияға қара тұтқан барлық Құнанбай тұқымы, көрші ағайын тегіс көшіп, Балашақпақ деген өзенге барып қонып, Мағауияның қырқын өткізді. Соған жиналған көп халық тарқаған соң, Абай төсекте отырып сөзді, тамақты доғарды, төсекке жатпай, басын көтеріп отыратын болды. Сол қалыппен үш күн отырып, бір ауыз сөз қатпай, қайтыс болды. Көп халық жиналып, жоқтап жылап, өз қыстауы Жидебай деген жерге жерледі...» деп жазды.
Осылайша қазақ халқы ақын Абайынан айырылды. Бірақ «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп һакімнің өзі жазғандай, оның ешқашан да өзектілігін жоймайтын мол мұрасы сан жылдар бойы ұрпағына рухани бағдар болып келеді.
Меңдібай Әбілұлы,
филология ғылымдарының кандидаты,
Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық
Тараз унивесрситетінің профессоры,
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі