
18 жастағы Кирилл жауынгерлік өмірге дейін туған өңіріндегі Сарқан көпсалалы колледжін дәнекерлеуші мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқуын аяқтағаннан кейін Сарқан қаласында біраз жұмыс істеп, кейін өз қалауымен Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының ұстаханасы саналатын 01731 әскери бөліміне жіберілген Кирилл мұнда келгенде өз мамандығын сарбаздық өмірмен ұштастыра алатынын түсініп, ерекше қуанды. Себебі аталған бөлімде дәнекерлеуші мамандығы ауадай қажет болатын. Сондықтан әскери борышын өтеп жүрген алғашқы айлардан бастап-ақ ол тәжірибелі жауынгерлермен бірге жаяу әскердің жауынгерлік көліктерін, бронетранспортер мен түрлі әскери техникаларды жөндеуге кірісті.
– Әскерге келгенге дейін өз мамандығымның мұнда соншалықты қажет болатынын ойламаппын. Армия деген тек қару асынып, сапта жүру ғана емес, сын сәтте техникаға жан бітіруді де талап етеді екен. Мәселен, ұрыс жағдайында зақымданған көлікті қысқа мерзімде қалпына келтіріп, қайта сапқа қосу – ең жауапты міндеттердің бірі. Осындай кезде біз, әскери механиктер ерекше жауапкершілікті сезінеміз. Мұнда мен өз білімімді қолданып қана қоймай, аға буыннан үйреніп, тәжірибемді толықтырып жүрмін, – дейді К.Нещадим.
Бар болғаны жарты жылдың ішінде жас сарбаз маңызды шешім қабылдап, әскери қызметті өзінің өмірлік жолы етуді ұйғарды. Командирлері де оның бұл бастамасын құптап, келісімшартқа отыруына мүмкіндік берді. Қазір Кирилл казармада емес, келісімшартпен қызмет етіп жүрген замандастарымен бірге пәтер жалдап тұрады. Алдағы уақытта әскери ипотека арқылы баспаналы болуды, шаңырақ көтеріп, отбасын құруды да жоспарлап отыр. Кириллдің ата-анасы да ұлдарының таңдаған жолын қолдайды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ