Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қағаздан – цифрға: елімізде әскерге шақыру жаңа форматта өтуде

Қағаздан – цифрға: елімізде әскерге шақыру жаңа форматта өтуде
Автор
Қорғаныс министрлігі заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект пен автоматтандыруға негізделген бірыңғай экожүйені кеңінен енгізіп жатыр. Дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталған 2025 жылдың күзгі әскерге шақыру науқаны осы жаңашылдықтар аясында өтуде.

Облыстық қорғаныс департаментінің басшысы, подполковник Нұрбол Зейнеловтың айтуынша, күзгі шақыру науқанының басты жаңалықтарының бірі – «Smart военкомат» жобасы.

– Жасанды интеллект қорғалған жүйеде жұмыс істеп, Қорғаныс министрлігінің автоматтандырылған деректер базасымен интеграцияланған. Жобаның мақсаты – азаматтарды медициналық тексерістен өтуге және әскерге шақыруға дер кезінде, дәл әрі негізді түрде хабардар ету.

Әскерге шақыруды ұйымдастыратын жергілікті бөлімшелер енді мемлекеттік деректер базасымен автоматты түрде ақпарат алмасып, оны үздіксіз жаңарта алады. Мәселен, азаматтың тұрғылықты мекенжайы өзгерсе, оның тіркелген әскери учаскесі де автоматты түрде жаңартылып отырады.

Жасанды интеллект деректерді талдай отырып, шақырылуы тиіс жастарды анықтайды. Негізгі критерийлерге жас мөлшері, білімі мен мамандығы, бой-салмақ көрсеткіштері, денсаулығы мен отбасылық жағдайы кіреді. Сонымен қатар, әскерге шақыруға кедергі болатын жағдайлар да назардан тыс қалмайды, яғни, қылмыстық қудалау, радикалды ағымдарға байланыстылық, суицидке бейімділік сияқты факторлар есепке алынады. Балалары бар, мүмкіндігі шектеулі ата-анасын бағып отырған немесе заңды түрде кейінге қалдыру құқығы бар жастарға да ескерту автоматты түрде беріледі, – дейді Н.Зейнелов.

Сондай-ақ жаңа жүйе әскери қызметке баруға толық жарамды азаматтарға ғана шақыру жібереді. Бұл орынсыз шақыруларды азайтып, жастардың және әскери органдардың уақытын үнемдейді.

Әскерге шақыру қағаздары да цифрлық форматқа ауысады. Енді шақыртулар азаматтарға SMS-хабарлама немесе «eGov» порталының жеке кабинеті арқылы жолданады.

Медициналық тексеріс те жаңа деңгейге ауысқан. Шақырылушыға қатысты емханаға бару тарихы, диагноздар, диспансерлік есеп секілді барлық мәлімет дәрігерлерге автоматты түрде қолжетімді болады. Бұл жалған анықтамалар мен ойдан шығарылған сырқаттарға тосқауыл қояды. Әскери-дәрігерлік комиссия енді шешімін нақты құжатталған деректерге сүйеніп қабылдайды. Азаматтың денсаулық жағдайы «Damumed» жүйесіндегі толық мәлімет арқылы объективті бағаланады.

 

 Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар