Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сан қырлы сарбаздар

Сан қырлы сарбаздар
Автор
Әскер темірдей тәртіп пен қажыр-қайратты талап ететін нағыз шыңдалу мектебі. Дегенмен, әскерде де жан-жақты талантымен ерекшеленіп жүрген сарбаздар баршылық. Бірі өлең жазып, ән шығарып көзге түссе, енді бірі қылқаламды жанына серік етіп, суретшілік қабілетін дамытып жүр. Тараз қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінде де осындай жан-жақты сарбаздар аз емес.

СУРЕТШІ САРБАЗ

Табиғатынан өнерге жақын жас сарбаз Бекзат Рамазанов бүгінде егемен еліміздің айбынды армиясының сапында Отан алдындағы қасиетті борышын өтеп жүр.

Бекзаттың кіндік қаны тамған жері – Абай облысы, Мақаншы ауданы. 2001 жылы 25 қазанда дүниеге келген. Бала күнінен білімге құштар болып өскен кейінкеріміз туған жеріндегі Әсет Найманбай атындағы орта мектепте білім алған. Сол шақта-ақ сыныптастарынан ой-өрісімен дараланып, әсіресе тарих пен география пәндеріне айрықша қызығып, түрлі энциклопедияларды ақтарып, білімін толықтыруға ұмтылған. Жасынан айналасындағы әрбір құбылысқа зер салып, зерттеуге құмарлығы шығармашылыққа апарар жолын ерте айқындаған еді.

Бекзат оқушы кезінен бастап сурет өнеріне ерекше қызығушылық танытыпты. Алғашында мүсін жасаумен айналысып, уақыт өте келе суретшілік өнерін де қатар дамытады. Жетінші сыныптан бастап арнайы үйірмеге қатысып, өз қабілетін шыңдай түседі. Қолынан шыққан әрбір туындысы айналасындағылардың назарын аударып, көрген дұрт «бұл баланың болашағы суретшілікпен байланысты» деп мақтау айтатын болған.

Уақыт өте келе өнерге деген құштарлық Бекзатты үлкен қалаға жетеледі. 2021 жылы Алматы қаласындағы Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжін кескіндеме суретші мамандығы бойынша тәмамдайды. Бұл таңдауы бекер емес еді.

– Әкем қолы алтын шеберлердің қатарынан болатын. Кез келген дүниені бейнелеп, мүсінін жасай алатын. Ес білгелі әкемнің қасында жүріп, мүсін өнеріне жақын болып өстім. Сол кісіден алған тәлімім менің өмірлік жолымды таңдауыма зор ықпал етті.

Қолыма дипломымды алған соң білімімді тереңдетіп, болашақта сәулет, құрылыс, архитектура саласында еңбек етуді мақсат еттім. Әскерге аттанғанша осы жоспарларды ойлап жүрдім. Дегенмен арманымды кейінге қалдыра тұрып, 2024 жылдың 27 желтоқсанында сарбаздар қатарына қосылып, парызымды өтеуге бел байладым, – дейді Бекзат Ержанұлы.

Бүгінде Бекзаттың әскер қатарында жүргеніне 9 айдан асыпты. Сарбаз Тараз қаласындағы Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінде радиотелеграфшы болып қызмет атқарады. Оның күнделікті міндеті – штабтағы байланыс торабында радиоалмасым жүргізу, түскен сигналдарды қабылдау және жауынгерлік дабыл кезінде жедел әрекет ету. Осынау үлкен жауапкершілік жүктейтін, жоғары дайындықты талап ететін қызметті кейіпкеріміз абыроймен атқаруда.

– Әскери өмір маған көп нәрсені үйретті. Тәртіпке баулыды, ұқыптылық пен шыдамдылықты бойыма сіңірді. Әрбір күнімді жоспармен өткізіп, жауапкершілікті сезіне бастадым. Бұрын бейнелеу өнеріне деген құштарлығым үлкен болса, қазір жауынгерлік өмірге де қызығушылығым оянды, – дейді Б.Рамазан.

Әскери бөлімдегі командирлер де, қатардағы сарбаздар да оның өнеріне құрметпен қарайды. 5513 әскери бөлімі 1-жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтар жөніндегі орынбасары Әліби Жақсылық қылқаламды серік еткен сарбаздың өнерін әскери өмір тұншықтырмағанын ерекше атап өтті.

– Көп жандар әскерді қатаң тәртіп, үздіксіз жаттығу, жауынгерлік дайындық деп ойлайды. Дегенмен бұл орта сарбаздың бойындағы қабілетті жоймайды, керісінше тәртіп арқылы оны шыңдайды. Мәселен, қылқаламды жанына серік еткен сарбазымыз әскери міндетін атқарып жүріп те өнерден қол үзген жоқ. Бос уақытын тиімді пайдаланып, шығармашылығын жалғастырып келеді. Оның әскери борышын өтеуі Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келгенін айрықша атап өткім келеді. Жеңіс тойы қарсаңында ол бейнелеу өнеріндегі қоржынына жаңа туындылар қосып, әскердегі өмірінен сыр шертетін суреттері арқылы өзін тағы бір қырынан танытуға мүмкіндік алды. Ер-азаматтың сегіз қырлы, бір сырлы болғаны – Отанға да, қоғамға да үлкен олжа, – дейді Әліби Маратұлы.

Бекзат әскерге дейін де түрлі көрмелерге қатысып, өнерін көпшілікке танытып үлгерген. Колледжде жүрген кезінде-ақ музейлерде ұйымдастырылған көрмелерге туындылары қойылған. Бұл оның шығармашылық жолындағы алғашқы жетістіктері болатын. Ал әскери өмірде салған суреттері оның өнерінің шыңдалып, талантының ұштала түскенін көрсетеді.

 

АЛТЫ ЖҰРТТЫҢ ТІЛІН МЕҢГЕРГЕН

 

Өнер әншілікпен, ақындықпен немесе суретшілікпен ғана шектелмейді, оның ауқымы әлдеқайда кең. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген халық даналығы бар. Расында бірнеше тілді меңгеру де үлкен өнер. Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінде осындай өнерімен дараланып жүрген 22 жастағы сарбаз Бахтиярхан Тұрсынқожаев бар. Ол өзінің Отан алдындағы борышын өтеумен қатар, 6 тілді еркін меңгерген полиглот ретінде де өзгелерге үлгі болып отыр.

Бахтиярхан 2003 жылдың 20 шілдесінде Шымкент қаласында дүниеге келген. Бес жасында Ю.Сареми атындағы №107 гимназияның табалдырығын аттап, мектепте жүріп-ақ білімге деген құштарлығы мен ізденімпаздығы арқылы ерекшеленген. Бала кезінен спортқа жақын болып, футболмен, күреспен айналысқан.

– Әкемнің әзірбайжан, анамның өзбек ұлтынан болғаны екі тілді қатар меңгеруіме мүмкіндік берді. Қазақ тілін отбасымның тәрбиесі, бала кезімде өскен ортам арқылы, ал орыс тілі мен ағылшын тілін мектепте үйрендім. Түрік тілін кино арқылы, достарыммен қарым-қатынас арқылы, француз тілін Еуропа елдеріне жасаған сапар кезінде қажеттіліктен меңгердім. Тіл үйрену ешқашан қиын болған емес, бұл ілімді мен бойымда қызығушылық пен хобби ретінде қабылыптастырдым, – дейді Б.Тұрсынқожаев.

Алты жұрттың тілін меңгерген полиглот жауынгердің өмір жолы да ерекше. Білімді жігіт әскерге дейін Шымкент қаласындағы индустриалды-техникалық колледжде автоэлектрик, автомеханик мамандығын меңгеріп, техниканың тілін жетік білген. Кейін Францияда архитектура мамандығы бойынша білім алып, бірнеше мемлекетте жұмыс істеген. Әлемнің оннан астам елін аралап, олардың мәдениеті мен тілін бойына сіңірген. Осындай тәжірибе жинақтауы оның көкжиегін кеңейтіп, өмірге деген көзқарасын өзгертті. «Тіл білудің зияны жоқ, тіл білген адам ешқашан көшеде қалмайды» деген қағиданы ол үнемі ұстанып келеді.

Әскери бөлімдегі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі офицер Салтанат Әзімхан оған ағылшын және француз тіліндегі кітаптарды ұсынып, тілін әрі қарай жетілдіруге қолдау көрсетіп жүр. Бүгінде сарбаз бос уақытын тиімді пайдаланып, испан және венгр тілдерін қатар меңгеріп келеді.

– Бақтиярханның ізденімпаздығы бізді қуантады. Ол қолына түскен әрбір кітапты қызығушылықпен оқып, жаңа тіл үйренуге ықыласпен кіріседі. Әскердегі тәртіп пен күнделікті жаттығуларға қарамастан, бос уақытын тиімді ұйымдастырып, білімге арнап жүргені басқа сарбаздарға да жақсы үлгі. Осындай талапты жастарды қолдау – біздің міндетіміз, – дейді Салтанат Әзімхан.

Механик-жауынгердің жанындағы жолдастары оның қабілетіне қызыға қарайды. Бүгінде сарбаздар борышын өтеумен қатар, бос уақытын тиімді пайдаланып, тіл үйренуге де мән беріп жүр. Бақтиярханның қасында жүрген қаруласы Азамат Мұратқан оны әскер табыстырған нағыз бауырындай көреді.

– Бақтиярхан екеуміз бірге жүргенде ол маған түрікше де, французша да сөздер айтып, үйретуге тырысатын. Әуелде түсінбей қалатынмын, кейіннен біртіндеп үйрене бастадым. Негізі Бақтиярхан Шымкент қаласының тумасы, ал мен Жетісу облысында өскенмін. Бірақ әскер өмірі екеумізді табыстырып, шынайы достасуға себеп болды, – дейді ол.

Бақтиярхан болашақта тіл үйрету курстарын ашуды жоспарлап жүр. Сонымен қатар, әскери қызметті өмірлік кәсібіне айналдыруды да ойлайды. Әскерден кейін келісімшарт бойынша қызметін жалғастырып, офицер болуды армандайды. Сондай-ақ әлемді шарлап, жаңа тілдерді үйреніп, халықаралық ұйымдарда қызмет етуге бекініп отыр. Әзірге ол армандарының жолында талмай еңбектеніп келеді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Дәнекерлеуші Кирилл
Алдыңғы мақала
Дәнекерлеуші Кирилл

Ұқсас жаңалықтар