
Қаулы шыққанымен қаржы бөлуде қиындықтар туды. Шенділер арасында «ақшаны желге шашу» деген сынды бұра тартулар болды. Алайда облыс әкіміне кіріп жүріп, бұл қиындықтарды да еңсердік. Ендігі мәселе газеттің басшысын тағайындау. Ол кезде өз-өзін ұсынып, таласқа түскен журналистердің легі қалың болды. Алайда біз таңдауды облыстық «Ақ жол» (қазіргі «Aq jol») газетінде жұмыс істеп жүрген Болат Бекжановқа жасадық. Штат саны аз болғандықтан тілшілердің де ең мықты, талантты дегендерін қабылдауға тырыстық. Енді осы редакцияны отырғызатын орын керек болды. Оны да Тараз қаласын шарлап жүріп, Әйтиев көшесінің бойынан таптық. Ол нысанды алу үшін сол кезде құрылған жастар орталығын да сонда көшіріп, бар әрекетін жасадық. Алайда ғимараттың төбесінен су ағып, көптеген құрылыс жұмыстарын қажет етіп тұрды. Әйтеуір, бұл мәселенің де шешімі табылды.
Содан күн сайын Болат Бекжанов газеттің жобасын жасап, жұмысқа әкелетін болды. Түнімен отырып, әр мақаланы зерделеп, қайсысын қалай салатынымызды, оның дизайны сынды дүниелердің бәрін талқылап жүрдік. Сонымен 2005 жылғы 13 қазанда газеттің алғашқы санына облыс әкімі Бөрібай Жексембиннің құттықтауын салып, жастар үнпарағы оқырманға жол тартты. Осылайша жастар газеті қыруар жұмыс пен маңдай термен дүниеге келді.
Болат Бекжанов үндемей жүріп-ақ үлкен істер тындыратын азамат еді. Мен оны «Бөке» дейтінмін. Жасының кішілігіне қарамай, осылай ықылас көрсетуімнің астарында азаматтық тұлғасына деген ізгі ілтипатым, сыйластық сезімім жататын. Біз екеуміз ағалы-інідей болып араласқан ширек ғасыр әлетінде осы бір адами үндестігімізге қылаудай да сызат түспепті.
Бөкеңді облыстық телерадиокомитетте, «Aq jol» газетінде қызметте жүрген шағынан бір кісідей білетінмін. Жұмыс бабында кездесіп те жүрдік. Ал онымен тығыз қарым-қатынаста болуыма облыстық «Ар-Ай» газетінің ашылуы айрықша ықпал еткені анық.
Республика көлеміндегі жастарға арналған тұңғыш басылымның дүниеге келуі – өз алдына толғауы тоқсан бір тарих. Сондықтан, оның бүге-шігесіне тоқталып жатпай-ақ қояйын. Тек, осы басылымға кім лайықты деңгейде басшылық жасай алады, шығармашылық жұмысын ширатып, оқырмандардың көзайымына айналдыра біледі деген сұрақтардың кезегі келгенде, «аузын айға білеген» алты үміткердің арасынан таңдау Бөкеңе түскен еді.
Облыс әкімдігі ішкі саясат департаментінің ұсынысын қолдаған облыс басшылығының шешімін естігенде Болат қуанышын жасыра алмай:
- Мәке, сіз сардар болсаңыз, біз сарбаз болуға жараймыз, - дегені күні бүгінге дейін құлағымда тұр.
Сонымен, қиындығы мен қызығы қым-қуыт қарбалас тірліктер басталып та кеткен. Біз басылымның ғимараты, қызметтік көлігі, құрал-жабдықтары, жиhаздары деген сияқты толып жатқан толғақты мәселелерін шешумен қатар, ең басты мақсатымыз – газетті шығару екенін бір сәтке де ұмытпадық. Бұл бағыттағы жұмыстардың «мидың мың градустық домнасында» (С.Мұқанов) қайнағанын қазір күле еске аламыз. Ал ол кезде күлетін жағдай жоқ еді.
Жастар газеті болғандықтан, оның атауының да өскелең ұрпақтың жүрек бұлқынысы мен тілек ұмтылысына сайма-сай келуін ерекше ескергеніміз есімде. Кезекті бір ой-пікір бөлісу кезінде Бөкеңнің «Ар-Ай» деген ұтқыр ұсынысы қолдау тауып, өмірге жолдама алды. Ондағы ойымыз –«Ар-Ай»-ымыз асқақ армандарға қызмет етсе, өзінің аты айтып тұрғандай, жас ұрпақтың АРын биік ұстауына, аппақ АЙдай таза болуына, аппақ айдай айналасына арайын төгіп, шұғыласын шашып тұруына ықпалын тигізсе екен деген ізгі ниет болатын.
Ал газеттің форматын басқа басылымдардан өзгешелеу, яғни оларға ұқсамайтындай, көпшіліктің көзіне тез түсетіндей етіп, «Д2» қалыпты таңдадық. Шығармашылық тұрғыдағы ізденістер де өз жемісін беріп жатты.
Сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Биқожаұлы Жексембиннің «Ар-Ай» асқақ армандарға қызмет етсе...» деген құттықтауымен 2005 жылдың 13 қазанында жаңа басылымның алғашқы нөмірі жарыққа шығып, айран-асыр болғанымыз ойымыздан шыға қойған жоқ.
«Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» демекші, қаншама қиын болса да, газетіміз ешқашан кестеден кешігіп немесе шықпай қалған емес. Аяғын қаз-қаз басқан балауса газеттің дәл уақытында және мәні мен маңызы жарасып шығып тұруы жас журналистердің жансебіл еңбегінің нәтижесі болатын.
Сол жылдар қазақ газет-журналдарының таралымы біршама төмендеген кезі еді. Ішкі саясат департаменті және бүкіл редакция болып тиражды көтеру үшін тер төктік: өзге газеттер көтере қоймаған тың тақырыптарды табуға тырыстық, жазғанымыз төгіліп, таңғы шықтай мөлдіреп тұруы үшін талпындық, жүректерге жетуі үшін жанталастық...
Апта сайын редакцияда лездеме өткізу бұзылмайтын, бұлжымайтын дағдыға айналды. Газеттің әрбір жаңа шыққан нөміріне жан-жақты талдау жасалып, алдағы нөмірге қандай материалдар берілетіндігі, айдарлар мен тақырыптар төңірегінде кеңінен әңгіме қозғалып жүрді.
Құрамы кіл жас журналистерден құралған «Ар-Ай»-ымыз бұлт жамылған аспандай көңілі құлазыған қарапайым халықтың, оның ішінде жастардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Келеңсіз жайттың, түйіні тарқамаған мәселенің күрмеуін шешіп, теңіз түбіне тұнған асыл тастардай маржан сөзімен рухани азық берді.
«Сөз деген орнын тапса, бағасы бар, сөздің де сөз арқылы бағы ашылар» демекші, қаламын қару еткен жас қаламгерлеріміз әрбір жазған сөзін шырынды етіп, сөз өнерінің керегесін кеңейтіп, бағын жандырғанын бүгінде айтқанымыз абзал.
Осы орайда алғашқы жылы Бөкеңнің талай ауыртпалықты арланбай арқалағанын, сансыз қиындықтармен бетпе-бет келгенін атап өтпеске болмайды. Бірақ сүрінбеді, қайта сенімнің үдесінен шықты. Қазір өңіріміздің ақпарат кеңістігінде жүрген бір шоғыр талапты жастарды тәрбиелеп шығарды. Қолынан іс келетінін сан мәрте дәлелдеді.
Ол өте еңбекқор, бастамашыл, жұмысқа деген жауапкершілігі зор қызметкер еді. Сондықтан да жастар газетіндегі жауапты міндетін абыроймен атқарып, жемісті ізін қалдырды. «Ар-Ай»-дағы еңбек жолы Болатты қарымды қаламгер, талантты журналист дәрежесіне көтерді.
Баспасөз саласын дамытуға сіңірген еңбегі үшін 2009 жылы маусым айында оған «Мәдениет қайраткері» атағы берілді.
Әттең, тағдыр оны күш-қуаты толысқан, шеберлігі шыңдалған, бергенінен берері мол шағында ортамыздан алып кетті.
Бөкең аузында әзілі бар, күліп жүргенді, күлдіріп жүргенді ұнататын арда азамат еді ғой. Жан дүниесінде жалын атып, жанартау атқылап жатса да жан баласына сыр бермеуге, сырт көзге сездірмеуге тырысатынын байқағаным бар. Онысын өзіне айтқанымда: «Көзімнен көрініп қалды ма, Мәке?» деп күлген де қойған.
Ол өзінің өзгелерге жасаған жақсылығын жарнамалап айта бермейтін және оны міндетсінбеуші де еді. Қарапайым еді, қарапайым болғанымен, керек жерінде өз принципін ұстанатын. Осындай оның асыл қасиеттері, бейнесі есіңе түскенде бауырың езіліп, еріксіз «Әттең, жалған өмір-ай!», - дейсің.
Оқырмандары мен тыңдармандары Бөкеңді жалынды журналист қана емес, талантты ақын, жазушы, драматург, сазгер, жан-жақты дарынды тұлға ретінде де жақсы біледі және мақтан тұтады. Проза, поэзия, сатира, драма жанрларында жазылған біраз кітаптары, жүректен шыққан әуезді әндері бар.
Ақын-жазушыға әділ бағаны уақыт пен оқырман беретіні анық. «Өнер алды – қызыл тіл» бәйгесінде кімнің тұлпары желмен жарыса жүйткіп, кімнің тұлпары ентігіп қалғаны түйсігі терең қауымға қашанда аян. Менің білуімде, Болат бауырым мықты қаламгердің бірі еді.
Бөкең өзінің «Шымылдықтың арғы жағы» атты кітабының «Алғысөзінде» «Өмір – бір көшкен керуен» демекші, бұ дүние «бекетке» кімдер келіп, кімдер кетпеді. Аз ғана алдамшы «думанына» кімдер алданбады. «Шолақ байталдың құйрығындай» шолтаң ете қалар бұл тірлікте не тындырып үлгере аларсың. Өтесің де, кетесің. Ондайда шарасыз қазақ «Өмірден кеттің – көңілден кеттің» деп, терең бір күрсініп қояды. «Өлдің – өштің» деген осы» деп, көкірегі қақ айырылардай ауыр бір дем шығарады. Басқа қандай амалы бар енді.
Ал сол өткендер күрсінісін ой елегінен өткізіп, олар жайлы келер ұрпаққа, болашаққа жеткізу біздің, олардың көзін көрген ізбасарларының парызы, міндеті сияқты көрінеді маған» деп жазыпты.
Айтса айтқандай, ол көзкөргендері алдындағы парызы мен қарызын адалымен атқарып кетті. Жоғарыда аты аталған кітабы соның айқын айғағы екені анық.
Маған оның көп жылғы бейнетінің зейнетін көре алмай, арманда кеткені арқама аяздай батады.
«Барыңды, нәріңді,
Тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа,
Із қалдырсаң,
Шын бақыт,
Мәңгілік өлмейсің», - деп Шәкәрім Құдайбердіұлы жазғандай, ұлттық ой-санамыздың өресі мен өрісін танытатын, уақыт тынысын, замана ағымын ашып, әлеуметтік маңызды мәселелерге қатысты мәнді ой түйіп, тұжырым-түйіні көпшіліктің көкейінен шыққан тұғырлы туындылар өрнектеген, сөйтіп, артына өлмес те өшпес сөз қалдырған қарымды қаламгер өмірден қапияда кетсе де, жерлестерінің жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз.
Бүгінде жастар үні өз биігінен табылып, ақпарат кеңістігінде өз орнын ойып тұрып алғанына қуанамын. Өмір ағымымен мен де 2017-2018 жылдар аралығында «Aр-Ай» жастар газетін басқардым. Әр нәрсенің бір себеп-салдары болады ғой. Өзім кезінде қазығын қаққан басылымды басқару мен үшін ерекше сәттермен есте қалды. Әсіресе газет шығатын күні бүкіл ұжым болып, әрбір мақаланың қатесін тексеріп шығатынымыз көз алдымда. Бұл ең бірінші жауапкершілік жүгі. Оқырман үшін сапалы дүние ұсынуға тырыстық. Алайда көп нәрсені орындай алмай қалдым. Жоспар аз емес еді, бірақ қаржылық мәселе қолбайлау болды. Десе де ең бірінші газеттің қатесіз шығуына басымдық бердік. Кезінде газетті басқарған редакторларға қате мәселесіне қатысты көптеген ескертулер жасайтынмын. Осы күн өзіме келгеннен кейін қатесіз газет шығаруға барымды салдым. Бір сөзбен айтқанда газетте бас редакторлық еткен жылдардың қиындығы мен қызығы қатар жүрді.
2020 жылы «Aр-Ай» газеті «Aulieata-Media» холдингіне, бір шаңырақ астына бірікті. Бұл енді заман талабына қарай туындаған шешім. Холдинг құру, басылымдарды оңтайландыру әу баста республиканың батыс өңірінен басталды. Бір кездері Ақтөбе облысын басқарған Аслан Мусин холдинг құрып, оны кейін Атырау облысына әкелді. Енді міне, осы оңтайландыру Жамбыл жеріне де жетті. Қазір көптеген адамдар болашақта интернет-басылымдар газет-журналдардың орнын алмастыратындығын айтып жүр. Алайда АҚШ сынды алып мемлекеттерге қарасаң, онда осы күнге дейін газеттер жарық көріп жатыр. Сондықтан газет жоғалып кетеді дегеннен қорықпау керек. Тек оны заман ағымына қарай жаңартып отыру қажет.
Қытай мемлекетіне іссапармен барғанымда бір көшеге толықтай баспасөз өнімдері қойылғанын көрдім. Ол жерден АҚШ, Франция сынды кез келген мемлекеттің газет-журналдарын табуға болады. Міне, Қытай мемлекеті қағаз үлгісіндегі басылымдарға осындай көзқараспен қарап отырғанда газет өміршең болатындығы хақ. Алайда алдағы 50 жылдың бедерінде мемлекеттік тапсырыс жоғалып кетуі мүмкін. Бүгінгі басылымдар осыған қазірден дайындалғаны жөн. Холдингке бірігудің бір саясаты да осы болар. Қай заманда болмасын бізге мемлекеттік саясатты жүргізетін газет-журнал қажет. Ондай басылымдар өзге мемлекеттерде де бар. Десе де бұл ақпараттың сан алуандығы жоғалады деген сөз емес. Әр газет өз бағытында жұмысын жалғастыра береді.
Ішкі саясат саласында қызмет атқарып жүрген кезімізде әлеуметтік зерттеу деген дүниені мықтап қолға алғанбыз. Сол кезде бұл бастамамызға облыс әкімі Бөрібай Жексембин қолдау білдіріп, жан-жақты демеуін жасады. Қазір бізге осы әлеуметтік зерттеуді тереңдетіп, халыққа қажетті дүниені ұсынуымыз қажет. Қажет болса үкіметтік емес ұйымдарды жұмылдырып, бірлесе жұмыс жүргізген жөн. Әрдайым билікті ғана сөйлете бермей, халықтың да сөзіне құлақ асқан абзал.
Газет кімге керек, ең бірінші халыққа. Егер халықтың көңілінен шығатын дүние айтпасаң, ол жазбаңның құны болмайды. Біржақты сынай бергеннен де түк шықпайды. Сын мен мінді тізе берсең, бұқара одан да жалығады. Сол себепті бір мезет халықтың үнін тыңдап, түрлі мәселелерді халықтың аузымен айтқызған жөн. Ал жастар газеті жастарға басымдық беріп, олардың пікірін, ойын беріп тұрса деймін. Одан бөлек, газеттерге танымдық, рухани, діни, ұрпақ тәрбиесі хақында көп жазатын болсақ, ұлт үшін үлкен іс қылар едік. Сондай-ақ бүгінде тарихтың жаңа беттері жазылып жатыр. Міне, осыны ақиқатпен ұштастырып, көпшілікке жеткізгеніміз жөн.
Әркім өз баласының тәрбиелі, иманды болғанын қалайды ғой. Сол сияқты мен де жастар басылымының болашағы баянды, ғұмыры ұзақ болғанын тілеймін. Журналистердің ізденісі артып, жазары көбейсін. Басқа басылымдар көтермеген тақырыптарды қаузаса игі. Жиырма жылдық белес құтты болсын! «Aр-Ай» әрдайым абырой биігінен көріне берсін!
Масат Берік,
«AR-AI» газетінің негізін қалаушы,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы