Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тараз қаласының даму мүмкіндігі мол

Тараз қаласының даму мүмкіндігі мол
Автор
Тараз қаласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында былтыр көне шаһардың Бас жоспары қайта қаралып, оған тиісті толықтырулар енгізіліп, аталған құжатты жыл аяғына таман ҚР Үкіметі бекітіп берген болатын. Осыдан кейін шаһардың аумағы кеңейіп, шырайы да арта түсті. Тарқата айтсақ, Бас жоспарға сәйкес қала аумағына 14 елді мекен мен 2 саяжай қосылды. Жер көлемі де 13 мың гектарға ұлғайып, жалпы аумағы 31,8 мың гектарды құрады. Халық саны 437 мыңнан 482 мың адамға жетті. Соның арқасында «Әулиеата» және «Жібек жолы» аудандары құрылды.

Көзге көрінетіні бар, көрінбейтіні бар, бүгінде Бас жоспарға сәйкес облыс орталығында нақты қандай жұмыстар атқарылып жатқанын Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтен сұраған едік. Оның айтуынша, Бас жоспар негізінен көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды жер учаскесімен және пәтермен қамтамасыз ету, қала аумағын абаттандыру, көгалдандыру, сәулеттік келбетін жаңғырту, туризмді дамыту секілді елеулі істерді жүзеге асыруға бағытталған. Қазіргі уақытта Тараз қаласының даму картасына сәйкес қалада өзекті болып отырған бірқатар мәселелер өз шешімін табуда.

– Көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту бойынша облыс орталығында қажеттілік туындағаны рас. Осы мақсатта екі көпір құрылысын салу және Талас өзені арқалы өтетін көпірді жаңғырту жоспарланды. Біріншісі, Абай даңғылының темір жол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу мақсатында мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке 16,9 миллиард теңгеге өтінім ұсынылды. Қазіргі таңда көпір құрылысын жүргізу үшін жол бойындағы жеке тұрғын үйлермен коммерциялық нысандарды мемлекет мұқтажына қайтаруға 1,8 миллиард теңге, нысандарды сүру жұмыстарына 285,04 миллион теңге қаржы қарастырылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осы бірегей жоба сәтін салса, келер жылы аяқталады. Екінші жоба Абай және Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл тұрғыда Тараз қаласындағы теміржол, өнеркəсіптік аймақ арқылы эстакада салу қарастырылған. Бүгінде мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Аталған эстакада салынған жағдайда ел аузында «Горбатый мост» атанып кеткен жерүсті көпіріндегі үлкен көлік кептелісі едəуір азайып, қаланың шығыстан кіреберіс жолына, 14 шағынауданына тікелей қатынауға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек, тараздықтар үшін көптен бері жыр болып келе жатқан кəріз суына ақтысты мәселе шашімін таппақ. Бұл үшін де арнайы жобаны жүзеге асыру, яғни кәріз суын тазарту кешенін салу қолға алынуда. Өйткені шаһардың шайынды суы бүгінде іргеде жатқан Жамбыл ауданындағы 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңына құйылып жатыр. Аталған орын шамадан тыс толғандықтан, Аса өзені мен жерасты суларының ластану қаупі туындауда. Осы орайда сөз етіліп отырған кəріз суын тазарту кешенінің құрылысын салу арнайы әзірленген «Жол картасы» бойынша жүзеге асатын болады. Соған сəйкес Еуропа Қайта құру жəне даму банкінен грант бөлініп, техникалық және экономикалық негіздеме жасалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Кешеннің құны 47 миллиард теңгеге түссе, қуаттылығы тəулігіне 80 мың текше метрді құрайтын болады. Жобаны қаржыландыру «Бəйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының еншілес ұйымдары арқылы мемлекеттік бағалы қағаздарды, ұлттық даму құралдарын шығару тетіктерін пайдалана отырып жүзеге асырылмақ.

Тараз қаласынан екі аудан құрылғанда Байзақ ауданының Талас ауылы, Талас стансасы мен Қызылжұлдыз елді мекендері, Жамбыл ауданынан Шайқорық, Шайқорық стансасы, Танты, Қоңыртөбе, Бектөбе, Қызылшарық, Сұлутөр, Кемел, Түркісіб, Жалпақтөбе, Ақбұлым елді мекендері шаһар құрамына енді. Бүгінде бұл тұрғын алаптары толығымен құжаттандырылды. Жаңадан құрылған екі аудан қаланың аумақтық тұтастығын қамтамасыз етіп, бүкіл қаланы бақылауға, жалпыұлттық қызметтерді аумақтық ұйымдастыруға, төтенше жағдайлар кезінде күштерді жедел ұйымдастыруға мол мүмкіндік беруде. Бір айта кетер жайт, қалаға қосылған елді мекендерге қатысты бұрыннан бар мəселелерді зерделеу жұмыстары жүргізіліп, оларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісін кезең-кезеңімен шешу жөнінде тиісті жұмыстар атқарылуда.

Бүгінде көне шаһарда 23 мыңға жуық азамат коммуналдық-тұрғын үй қорынан пəтер алу кезегінде тұр. Ал халықты баспанамен қамтамасыз ету ең маңызды мәселенің бірі болғандықтан бүгінде көпқабатты тұрғын үйлер салынып, шетінен халыққа үлестірілуде. Мысалы, «Шапағат» шағынауданында 16 көпқабатты тұрғын үйдің 12-сі пайдалануға қабылданса, қалғанының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұған қоса аталған шағын ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында 351 жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу, 82 бес қабатты көппəтерлі тұрғын үй салу, жалпы орта білім беретін мектеп, балабақша, емхана, халыққа қызмет көрсету орталығын ашу қарастырылған. Сондай-ақ өрт сөндіру бекеті, əкімшілік ғимараты, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары, саябақ, инженерлік, коммуналдық қойма құрылыстарының аумақтары, коммерциялық қызмет көрсету нысандары, перзентхана, спорт кешені, мəдениет үйі, мешіт секілді нысан құрылысын жүргізу көзделген.

«Ұлы дала» шағынауданында 34 көпқабатты тұрғын үйдің 12-сі пайдалануға тапсырылса, қалған тұрғын үй құрылысы əлі де жүргізілуде. «Балауса» шағынауданында 22 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сəйкес мұнда 2 мектеп, 3 балабақша, онкологиялық диспансер, көпсалалы аурухана, профильді емхана, лицей-интернат бой көтереді. Сонымен қатар «Салтанат сарайы», инновациялық шығармашылық орталығы, денешынықтыру-сауықтыру кешені, инженерлік құрылымдар, кəсіпкерлік нысандар ашылатын болады. Қаладағы А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алабына қосымша 66 көпқабатты үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары əзірленіп, сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке тиісті өтінім ұсынылып қойды. Одан бөлек, «Қарасай» шағынауданының да жоспарлау жобасы əзірленді. Мұнда да көпқабатты тұрғын үйлермен қатар түрлі əлеуметтік, коммерциялық нысан халыққа қызмет көрсететін болады. Жеке инвестициялар есебінен іске асырылып жатқан жобалар да қаланың əлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр. Атап айтқанда, Жамбыл даңғылының бойында бірнеше тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оған қоса 120 бөлмелік «Hilton» қонақүйінің құрылысын жүргізу де жоспарда бар, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.

Қала тұрғындарынан үй салу үшін жер теліміне кезекке тұру мақсатында жиі өтініш түсетіні белгілі. Қала екі ауданға бөлініп басқарылатын дәрежеге жеткелі жаңадан қосылған елді мекен тұрғындарының жер кезегіне қатысты мәселе туындаған болатын. Осы мәселе күн тəртібіне қайта шығарылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Негізінде Тараз қаласында тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте 2005 2025 жылдар аралығында 130 479 азамат тіркелген екен. Кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 564,6 гектар болатын 3 алқапты мемлекеттің мұқтажы үшін алып, қажетті инфрақұрылым жүргізуге ден қойылыпты. Соның нəтижесінде А.Асқаров көшесінің соңындағы 312 гектарға, «Хамукат» шағынауданынан 126 гектарға, «Қарасай» шағынауданының 126,6 гектар алқаптарында тұрғын алабын орналастыру мақсатында 16 шаруа қожалығынан жер учаскелері мемлекет меншігіне алыныпты.

– Бүгінде жеке тұрғын үй құрылысына жер кезегінде тұрған азаматтарға жер учаскесін беру мақсатында тиісті жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, тұрғын үйлерді жөндеуге де ерекше мəн беріп отырмыз. Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1 438 көппəтерлі үй бар. Оның 151-і – барак типтес үйлер, 1 287-сі – екі қабатты жəне одан жоғары үйлер. Қала аумағында өзекті мəселелерге жататын 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 553 үй жаңғыртылса, қалған 550 үй жөндеуді қажет етеді. Осыған орай 2024 жылы 5,1 миллиард теңгеге 53 көппəтерлі тұрғын үй жаңа кейіпке енді. Сонымен қатар қайтарым қаражаты есебінен 870 миллион теңгеге 10 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Биыл 73 үйді күрделі жөндеу үшін 7,8 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Қаланың орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сəулеттік келбетін жаңарту жобасы бойынша өткен жылы Төле би даңғылының бойындағы 12 үйдің сырт келбеті мен шатыры жөнделді. 2025 жылы Абай даңғылы, Əйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі 16 үйдің сəулеттік келбеті жаңартылып жатыр. Қазір 8 көпқабатты үйде жөндеу жұмыстары басталып, құрылыс қарқынды жүруде.

Бұған дейінгі жылдардағы қыс айларында еліміздің солтүстік аймақтарында болған төтенше жағдайлар оқиғасы елімізде жылу желілерін жаңғырту жұмысын жеделдету қажеттігін көрсетіп берді. Бұл жөніндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында, яғни жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша өткен жылы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы М-1 жылу магистраліне қайта жаңғырту жүргізіліп, 4602 метр жылу құбыры ауыстырылды. Бүгінде Төле би даңғылының қалған бөлігіндегі 1536 метр жылу құбыры қайта жаңғыртылды. «Ұлы дала» шағынауданындағы магистралдық, орамішілік жылумен жабдықтаудың инженерлік желілерін кеңейту жұмысын жүргіздік. Бұдан бөлек, Жамбыл даңғылы мен Төле би даңғылының қиылысынан бастап, Д.Қонаев, С.Сейфуллин көшелері бойындағы М-3 жылу магистралі қайта жаңғыртылып, Төле би, Əйтеке би көшелерінің белгілі бір бөлігінде құрылыс жұмыстары аяқталды. Қаладағы жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу мақсатында құны 27,3 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба бойынша республикалық бюджетке өтінім берілді. Осы жобалар толығымен іске асырылған жағдайда шаһарымыздағы жылу желілерінің тозу деңгейі 67,8 пайыздан 51 пайызға дейін төмендейтін болады.

Тараз қаласының аумағында 2023-2025 жылдары «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында республикалық, облыстық бюджеттен бөлінген 10,2 миллиард теңгеге 641,7 шақырым су құбыры жүргізілді. Нəтижесінде «Шөлдала», «Құмшағал», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Жиделі», «Қарасай», «Тектұрмас», «Родничок», «Ақжол», «Қайнар», «Мичуренец», «Шалғай Қарасу – 1», «Шалғай Қарасу – 2», «Шалғай Қарасу – 3», «Шалғай Қарасу – 4», «Шалғай Қарасу – 5», «Шалғай Қарасу – 6», «Шалғай Қарасу – 7» тұрғын алаптарындағы 11258 аула мен 56 мыңнан астам тұрғынға сапалы ауызсу тартылды. Қалаға мұнда қосылған Бектөбе, Қызылшарық, Түркісіб елді мекендеріне орталықтандырылған ауыз су жүйесі тартылғанымен, ол әлі іске қосылмаған. Қазіргі кезде аталған су ғимараттарын ауданнан қабылдап алдық. Ақаулары анықталып, су беруге қатысты жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Былтыр шаһар аумағында 9,8 шақырымға созылған 10 көшенің ауызсу құбыры жергілікті бюджет есебінен жаңартылды. Жаңадан бұрғыланатын су желілерінің жобалық-сметалық құжаттамасы əзірленіп, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Магистралды су құбырларының тозығы жетуіне байланысты, Айшабибі көшесінен Сүлейменов көшесіне дейін «Төрткөл» алабының су құбырын, бас су мұнарасынан магистралды су құбырларын жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттама əзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Бұдан бөлек, Абай даңғылы, Қойгелді, А.Асқаров, Көшек батыр, Желтоқсан, Ниетқалиев көшелеріндегі магистралды су құбырларын қайта жаңғырту жөнінде сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім жіберілді. Тараз қаласындағы «Алматы теміржолсу» мекемесінен қабылданған Тынышбаев, Пірманов, Локомотив, Шаумян көшелері, Песочный алабындағы су құбыры желілері мен ұңғымаларын қайта жаңғырту туралы сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім жолданды. «Шапағат» шағынауданын ауызсумен қамтамасыз етудің екінші кезеңі де аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала аумағында 2022-2023 жылдары жүзеге асқан нысандардың жобаларында деректерді қашықтан беру есептегіш құралдары қарастырылған. Бұл құралдар жобаға сəйкес су құдықтарына орнатылған. Осы жылы «Ақылды қала» жобасын ауызсу саласында дамыту үшін су ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесіне қолжетімділікті ұйымдастыру жүзеге асырылады. Бұл жұмыстарға 44 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу рəсімдері арқылы мердігерлер анықталды. Қазір тиісті жұмыстар басталды. Енді тұтынушылардың су есептегіштерінен деректер тікелей «Жамбыл су» мекемесіне жолданатын болады. Ауызсу желісі жүргізілмеген «Новоджамбулец», «Дорожник», «Талас» алаптарының да мəселесі назардан тыс қалмай, орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама əзірленіп, сараптамаға ұсынылды. «Дорожник», «Талас» алаптарын ауызсумен қамтамасыз ету жобаларына сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ендігі кезекте «Новоджамбулец» алабын ауызсумен қамтамасыз ету жобасына сараптаманың оң қорытындысын алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Тараз қаласындағы тозығы жеткен су құбырларын жөндеу көзделген. Биыл 6 көшеде ауызсу құбыры тартылады, – дейді қала әкімі.

Былтыр 76 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылыпты. Биыл 85 көшеге түнгі жарық шамдар орнату көзделсе, оның ішінде 67 көшенің жұмысы жыл соңына дейін аяқталмақ. Қалған 18 көшені жарықтандыру жұмысы келер жылға өтпелі.

– Облыс əкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен өткен жылы қалалық бюджеттен 266 миллион теңге бөлініп, 10 шағынауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы жарықтандырылды. Осы арқылы бүгінде 353 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы, 79 кіре беріс жолдар самаладай жарқырап, 44 359 тұрғын түнгі жарықпен қамтамасыз етілді. Оған қоса, С.Сейфуллин көшесінің бойына, Жамбыл даңғылының Қ.Сəтбаев көшесі мен Сыпатай батыр көшесі аралығындағы жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарық шамдар орнатылды. Биыл қаладағы негізгі көшелерде орналасқан көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларын жарықтандыру жұмыстары басталды. Қазір Сейфуллин көшесінің бір жақ бетіне түнгі жарық шамдар орнатылып жатыр.

Қалаға қосылған 14 елді мекен де назардан тыс қалмай, ондағы 38 көшені келер жылы жарықтандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өткізілді. Сонымен қатар былтыр қала маңындағы саяжай алаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жоғары вольтты желілер мен қосалқы стансалар құрылысы басталған болатын. Құны 8,7 миллиард теңгені құрайтын жоба алдағы жылы аяқталады.

Кейінгі үш жылда облыс орталығында жол жөндеу жұмысы тың қарқын алды. Қаланы дамытудың үш жылдық жоспарында аталған мəселеге баса назар аударылған. Расында, шаһардың сəулеті мен ажарын айшықтап тұратын басты көрінісі жолдың жайы екені жасырын емес. Шаһардың сəн-салтанатынан бөлек, қатынастың қолайлылығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі, көлік қозғалысының діттеген бағытына уақтында жетуі де жол сапасына байланысты. Кейінгі 3 жылда Тараз қаласында 420 көшеге асфальт төселді. Бұл да кейінгі жылдары атқарылған ауқымды жұмыстардың бірі. Өткен жылы 95,3 шақырымды құрайтын 127 көше орташа жөндеуден өтті. «Победа», «Береке», «Юбилейный», «Химик», «Жамбылстрой», «Коммунальник», «Лето», «Ветеран» тұрғын алаптарында ұзындығы 73,8 шақырымды құрайтын 165 көшеге шағал төселді. Былтыр шағынаудандардың да ішкі жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл Рысбек батыр, А.Асқаров көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр. Сонымен қатар 96,7 шақырымды құрайтын 113 көше мен жаяу жүргінші жолдары орташа жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, 20 саяжайдағы ұзындығы 34,6 шақырымды құрайтын 100 көшеге шағал төселді. Жылдар бойы шешімін таппаған «Бурыл – А», «Бурыл – Б», «Бурыл – В», «Барысхан» тұрғын алаптарында да жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мəселен, «Бурыл – А», «Бурыл – Б», «Бурыл – В» алабындағы 75 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылған. Бүгінде 66 көшені асфальттау толық аяқталса, қалған 9 көшедегі жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұған қоса, «Барысхан» тұрғын алабындағы 24 көшеге асфальт жабындысын төсеу көзделген. 10 көшенің асфальт жол жабындысы толық төселді. Бұл жұмыстарды биыл аяқтау жоспарланған. Атқарылған жұмыстың нəтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65 пайыздан 72,5 пайызға дейін артатын болады.

Өткен жылы қала бюджетінен 500 миллион теңге бөлініп, 24 аула абаттандырылды. Биыл да 768,7 миллион теңгеге 25 ауланы абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұған қоса қалада бұқаралық спортты дамытуға баса мəн беріліп, былтыр 225 миллион теңгеге 9 шағын футбол алаңы салынды. Сондай-ақ қала ішіндегі 4 футбол алаңы күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыс биыл да назардан тыс қалмай, 505,5 миллион теңгеге 11 шағын футбол алаңын салу көзделіп отыр. Қала ішіндегі 10 футбол алаңы күрделі жөндеуден өтті. Ерекше атап өтерлігі, «Ұлы дала» шағынауданында үлкен бір спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр, – дейді Бақытжан Орынбеков.

Қала тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету де іргелі істің бірі екені белгілі. Автобус парктерін жаңарту мақсатында бұрнағы жылдан бастап жыл сайын үлкен жəне орта сыйымдылықтағы 70 автобус алу жоспарланған екен. Нəтижесінде, 2023 жылы 73 жаңа автобус жеткізілсе, өткен жылы 155 қоғамдық көлік пайдалануға беріліпті. Биыл тағы 15 автобус əкелінген екен. Жыл соңына дейін қосымша 82 автобус жеткізу жоспарда бар көрінеді.

– «Автобусный парк – 2020», «Smart City Servise», «RashLau» компанияларында жаңа автобустардың үлесі 100 пайызға жетті. Өткен жылы халық сұранысына сай 5 бағыт ашылса, биыл олардың қатары тағы 2 жаңа бағытпен толықты. Қазір қала аумағында қатынайтын 290 автобус үлкен сыйымдылықтағы 3 жылға дейінгі жаңа қоғамдық көліктерге жатады. Бұл қазіргі бағыттарда күнделікті қызмет көрсетіп жүрген автобустардың 75 пайызын құрайды. Жүйелі жұмыстың нəтижесінде жылжымалы құрам саны 330 бірлік автобустан 437 бірлікке дейін көбейді. Жолаушылар бағыттарына қосымша 11 бағыт қосылып, қазіргі уақытта оның саны 43 бағытқа жетті. Бұған қоса былтыр шаһар аумағында 80 аялдама орнатылса, биыл 75 аялдама қою жоспарланған. Осы ретте бір атап өтерлігі, əлеуметтік маңызы бар қалалық, шаһар маңындағы жолаушылар қатынастары тізбесіне енгізілген автобус бағыттарының шығындарын өтеуге өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 5,3 миллиард теңге, 2025 жылға 5,2 миллиард теңге қаржы қарастырылды.

Шаһарды көгалдандыру мен жасыл аймақ құрудың жоспарына сəйкес «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2024 жылы 20 гектар жерге 20 мың тал көшеті отырғызылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, осы жылдың көктем айларында «Қызылабад» алабына 10 мың түп ағаш отырғызылды. Енді күз айының ортасында аталған алапқа тағы 10 мың түп ағаш егілетін болады. Бұдан бөлек, 2024 жылғы көктемгі жəне күзгі сенбілік кезеңдерінде Саңырақ батыр, Тəуке хан көшелеріне, «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков, Т.Рысқұлов саябақтарына, қалалық мəдениет үйінің маңайына, Қазақ хандығы монументіне, «Үшбұлақ» каналының жағалауына, Теміржол вокзалы, Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, Арбат скверлеріне, «Денсаулық», «Атшабар» аллеяларына жалпы саны 6 мыңға жуық əртүрлі ағаш отырғызылды. 2025 жылы қала аумағына 5 мың əртүрлі ағаш отырғызу жоспарланса, қазіргі таңда 4 мың түп тал егілді. Қалған 1 мың ағашты күз айларында егу көзделіп отыр, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.

Бұдан бөлек шаһарда ирригациялық жүйені жетілдіру, туризмді дамыту, мәдени нысандарды жаңғырту секілді өзге де салалар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы бүгінде көне шаһардың тарихи келбетін сақтай отырып, оның бүгінгі заманға сай дамуына күш салынуда.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар