
Жобаның негізін қалаушы әрі академия директоры Аңсар Әкімнің айтуынша, жоба алғашында қарапайым онлайн сабақ ретінде басталған.
– Біз тек білім беруді ғана емес, оның қалай берілетінін де өзгерткіміз келді. Оқушы бір нәрсені үйренсе, оны шын мәнінде түсінуі керек. Сол себепті біз жеке даму траекториясы мен бейімделген тапсырмалар жүйесін енгіздік. Яғни, әр оқушы өз деңгейіне қарай оқиды.
Бүгінгі білім беру жүйесінде оқушының қажеттілігін ескеру аса маңызды. Себебі бір сыныпта 25 оқушы оқыса, олардың бәрінің қабылдау деңгейі бірдей емес. Бірақ стандартты жүйе бәріне бірдей тапсырма береді. «Restart Online» бұл қателікті түзеп, оқушының оқу барысын жеке-жеке қадағалап, соған қарай мазмұн ұсынады.
Жоба 1-9-сынып оқушыларына арналған. Негізгі пәндер ретінде математика, логика, ағылшын тілі және информатика таңдалған. Информатика тек код жазу емес, бұл – баланың логикалық ойлауын, алгоритмдік дағдысын қалыптастыратын маңызды құрал. Оның ішінде жасанды интеллект негіздері, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар да қамтылған.
Платформада әр оқушы тапсырма орындаған сайын виртуалды теңге жинайды. Бұл баланың қызығушылығын арттырып, мотивация береді. Апта сайын қорытынды емтихан өткізіліп, нәтижеге қарай оқушыларға қосымша сыйақылар беріледі. Бұл – оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырудағы тың тәсілдердің бірі, – дейді А.Әкім.
Ата-аналар да платформада жеке кабинет арқылы баласының сабақ үлгерімін, белсенділігін қадағалап отыра алады. Жүйе мейлінше қарапайым әрі қолжетімді етіп жасалған. Кез келген «Android» немесе «iOS» құрылғысы арқылы қолдануға болады.
Жобаның техникалық бөлімін Ақниет есімді жас әрі талантты бағдарламалаушы маман (программист) басқарған. Ақниет қазақ-түрік лицейінің (қазіргі «Білім-инновация» лицейі) түлегі. Оқушы кезінде халықаралық олимпиадаларда топ жарып, болашағынан үлкен үміт күттірген жас кейін шетелде «Яндекс» компаниясында тәжірибеден сәтті өткен. Ақниет «Яндексте» жұмыс істеу мүмкіндігін, халықаралық жобаларға қатысу ұсыныстарын қабылдамастан, бар күшін «Restart Online»-ға жұмсаған. Жас маманның білімін, тәжірибесін туған елдің игілігіне арнауға шешім қабылдауы – нағыз патриотизмнің көрінісі.
Ақниет жобаның бүкіл құрылымын, тапсырмалардың логикасын, бейімделу жүйесін 6 айда жасап шығыпты. Тек техникалық бөліммен емес, педагогикалық мазмұнмен де тікелей жұмыс істеген. Себебі Ақниет Назарбаев зияткерлік мектебінде ұстаз болып жұмыс істеген жылдары білім беру жүйесінің ішкі мәселелерімен тереңірек танысқан екен.
Академия құрамындағы білікті мамандардың бірі – жас математик Арыстанбек. Ол да өз өмірін ауыл балаларына сапалы білім беруге арнаған. Арыстанбек ауыл мектебінде сабақ бере жүріп, қала баласы мен ауыл баласының мүмкіндіктеріндегі алшақтықты анық сезінген. Сөйтіп мәнді мәселені технологияның көмегімен шешудің жолдарын іздестірген.
– Біз неге тек қалалардағы оқушыларға сапалы білім береміз? Ауыл баласының да арманы бар. Бірақ оған жеткізер жол жоқ. Мен сол жолды онлайн платформалар арқылы салғым келді. Байқасаңыздар, бүгінгі балалар ақпаратты тез қабылдайды, бірақ тез жалығады. Сондықтан платформаның тағы бір ерекшелігі – геймификация. Әр оқушы тапсырма орындаған сайын виртуалды теңге алады, ол кейін нақты марапатқа айналады. Бұл тәсіл оқушылардың белсенділігін арттырып, үй тапсырмасын орындауға деген қызығушылығын оятады, – дейді Арыстанбек.
Арыстанбек «Restart Online»-ның математикалық бөлімін жасап шыққан. Онда әр тақырып бойынша теория, бейімделген тапсырмалар, талдау, тест, және қорытынды жүйелі түрде енгізілген. Әсіресе, олимпиадалық есептер мен күрделі логикалық сұрақтар баланың сыни ойлау қабілетін дамытуға бағытталған.
Жоба алғашқы инвестициялық кезеңде 50 миллион теңге тартыпты. Бұл жобаның әлеуетін байқаған инвесторлардың сенімі. Қазіргі уақытта команда мобильді қосымшаны «Play Market» пен «App Store» платформаларына жүктеуге дайындық жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта жоба мазмұны кеңейіп, жаратылыстану пәндері мен қазақ тілі, тарих пәндері де қосылмақ.
Сондай-ақ, жоба авторлары өңірлердегі білім басқармаларымен бірлесіп, жобаны мемлекеттік деңгейде енгізуге жұмыс жүргізуде. Бұл жүйе ауыл мектептері үшін үлкен мүмкіндік болуы мүмкін.
«Restart Online» бір қарағанда қарапайым стартап. Бірақ оның астарында терең мақсат, ұлтқа қызмет ету ниеті жатыр. Бұл – ауыл мен қала арасындағы білім теңсіздігін жоюды мақсат еткен, жас қазақстандықтардың отансүйгіштігі мен жаңашылдығының нақты көрінісі.
«Егер осы платформаның арқасында бір ғана бала өз арманына жетсе, біздің еңбегіміз зая кеткен жоқ», – дейді мамандар.
Иә, жастардың жарқын жобасы білім жолындағы шынайы күрес. Бұл – болашаққа салынған инвестиция, ел ертеңі үшін жасалған маңызды қадам десек қателеспейміз.
Айжан ӨЗБЕКОВА