
Ең алдымен Президент әлемнің қазіргі күрделі жағдайына назар аударды. Алпауыт елдер мен халықаралық одақтар арасындағы қарама-қайшылықтың күшеюі, қақтығыстар мен соғыстардың, кейбір мемлекеттерде әсіре ұлтшылдық өршуі айтылды.
Әрине, елдің қарапайым азаматы ретінде біз де бұған алаңдаулымыз. Қарапайым халық үшін тыныштық, тұрақтылық керек. Соғыстың не екенін, қандай елдердің қаншалықты зардап шегіп жатқанын жақсы білеміз. Әсіресе еш күнәсі жоқ балалардың екі ортада жүз мыңдап өлім құшып жатуы – адамдық санаға сыймайтын қасірет. Тұрмыстың қиыншылығы өтер-кетер, жетіспей жатқан тұстарымыз жетілер, әлемдік қауымдастықтан шет қалмай еліміздің экономикасы күшейер, біз де жасанды интеллектті игерерміз – бәрінен бұрын еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығы керек.
Осы ретте Президент өзіне үлкен салмақты жүк алып отыр. «Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет.
Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек» деген парасатты сөзін қуаттаймын.
Қазіргідей күрделі кезеңде Президент әрбір мемлекетшіл, отаншыл азаматқа, ел болашағы жастарға үлкен сенім артады. Патриотизм деген сөздің мазмұны бұрын дәстүрлі құндылықтармен, тіл, мәдениет, руханият мәселесі деген өлшемдермен анықталса, бүгінде бұл өлшемнің өзгеріс үстінде екенін айтады. Қазіргі көкірегі ояу жастар әсіредіншілдікті, әсіреұлтшылдықты қабылдамайтынын, олар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші жасампаздық пен жаңашылдық екенін білдіреді. Шындығында, бұл да ойланатын мәселе. Әсіредіншілдік пен әсіреұлтшылдықтың ақыры жақсылыққа апармайды. Бұл ел бірлігі мен тыныштығына іріткі салумен бірдей. Біздің ата-бабаларымыз әсіредіншіл болмаған, дін мен әдет-ғұрыпты бірдей ұстаған. Аталы сөзге тоқтаған. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен.
Ел Президенті: «Жастар «Елді сүю дегеніміз – халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашу, жаңа іс бастау» деп түсінеді. Олар Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көргісі келеді. Заманауи технологияларды меңгеріп, халқымызды озық ойлы ұлттардың қатарына қосуға талпынады.
Өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс. Бұл – қоғам санасында болып жатқан өзгерістің айқын көрінісі. Мен мұны толығымен қолдаймын. Жастардың күш-жігеріне, олардың дарыны мен біліміне сенемін» деп атап өткендей, қазіргі жастар білімге, ғылымға ұмтылуы керек. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген мақалдың мазмұны бүгінде ескірген жоқ. Қайта өмір талабы, жаһандық дәуірлеу осыған шақырып тұр. Сондықтан да жастарды ғылым, білім негіздерін терең игеріп, ел экономикасының дамуына қызмет істейді деп сенемін. Жастардың бойындағы патриотизм рухы осындай болса керек.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті
«Журналистика және филология» кафедрасының
профессоры, филология ғылымдарының докторы