Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өндіріске жүйелі көзқарас қажет

Өндіріске жүйелі көзқарас қажет
Автор
Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгілі. Еңбек адамдарының мәртебесін арттырған жыл қарсаңында әр өңірден бір-бір еңбек адамы Астанаға арнайы барып, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын тыңдады. Солардың қатарында облыс атынан Сарысу ауданы, Жаңатас қаласының тұрғыны, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің орталық байыту фабрикасының механигі Әлібек Сатқанбаев та болды. Әлібек бұл салада 13 жылдан бері еңбек етіп келеді.

Өңірге оралған соң Әлібек Қадырбекұлы журналистермен кездесіп, алған әсерімен бөлісті.

– Президенттің Жолдауына офлайн қатысуға шақыртуды екі аптадай уақыт бұрын алдым. Күтпедім, қобалжу болды. Президентті көріп, Жолдауды көппен бірге тыңдау бір ғанибет болды. Өте қуаныштымын. Басшылығыма сонша адамның ішінен мені лайық көріп, жібергендеріне рақмет айтамын. Жолдауда жалпы цифрландыру, оның ішінде өндірісті цифрландыру туралы көп айтылды. Бұл бастаманы өте қажет деп ойлаймын, – деді Әлібек Қадырбекұлы.

Ол сондай-ақ Жұмысшы мамандықтары жылы мен жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту қажеттігі жөнінде атап өтті. Әсіресе, жұмысшы мамандықтарын даярлау жайына көп көңіл бөлінсе деген тілегін жеткізді. Жұмысшы мамандығына жастардың аз келуіне алаңдаушылық білдірген еңбек адамы жастарды қызықтыру үшін мемлекеттік қолдауды күшейту қажет деп санайды.

– Президентіміз атом электр стансасын салу мәселесін көтерді. Бұл салаға біздің елімізде әзірге мамандар жеткіліксіз. Сондықтан шетелдік тәжірибені пайдалана отырып, өзіміздің жас мамандарды оқытып, жұмысқа бейімдеу керектігіне назар аударылды. Сонымен қатар өндірістік процестерді цифрландыру, өтініштерді электронды жүйеге көшіру жайы да сөз болды.

Негізі биыл Жұмысшы мамандықтары жылына орай өндіріске көбірек адам қабылданып, жұмысымыз аздап жеңілдеді. Жалақы көтерілді. Негізі жастар өндіріске онша қызықпайды. Ал бұл салаға механиктер жетіспейді. Сондықтан жастарды өндіріске қажет мамандықтарға оқытып, осы салаға тарту керек деп санаймын. Грант санын көбейту керек. Жастарға арнайы оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігі көп берілсе, олардың ынтасы артады. Жалақы да жаман емес, бірақ жастарды тарта білетін тетіктер қажет. Әсіресе, тау-кен ісі, геология, гидрогеология сияқты мамандықтарға мән берген жөн, – дейді Әлібек Сатқанбаев.

Президенттің Жолдауына қатысу Әлібек Қадырбекұлы үшін үлкен жауапкершілік жүктепті.

– Жүздеген адамның арасынан таңдаудың маған түсуі – сенімнің белгісі. Бұл сенімді ақтау үшін де алдағы уақытта бар күшімді аямай еңбек етемін, – деп қорытындылады ол өз сөзін.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар