
Бұл бастама ел көлемінде біртіндеп жүзеге асып жатса, Жамбыл облысында нақты жұмыстар атқарылуда.
Өңірде жасанды интеллектке негізделген жобалар, инфрақұрылымдық жаңғырту, кадрмен қамтамасыз ету және халыққа алғашқы медициналық көмекті жақындату бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Атап өтер болсақ, 2025 жылдың ақпан айынан бастап облысымызда ЖИ технологияларына негізделген телерадиология жобасы іске қосылды.
Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы мен «WDSOFT» компаниясы бірлесіп, ТМД елдерінде баламасы жоқ бірыңғай радиологиялық ақпараттық жүйені қалыптастырды. 22 медициналық мекеме бір желіге біріктіріліп, енді радиологиялық зерттеулер орталықтандырылған форматта жүзеге асады. Бұл жоба бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде ауруларды ерте анықтауға бағытталған.
Онкологиялық ауруларды ерте анықтау – басты басымдықтардың бірі. Осы ретте 2023-2027 жылдарға арналған ұлттық кешенді жоспар аясында машиналық көру және когнитивті технологиялар енгізілуде. «x-Eye Mammo» сүт безі қатерлі ісігін, «x-Eye Toraks» өкпе обырын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект тіпті 1 мм көлеміндегі түзілістерді де көре алады, ал адам көзі тек 5 мм-ден кейін байқайды. Бұл – ерте диагностика мен уақытылы емдеудің кепілі. Яғни жасанды интеллекттің көмегімен диагноз дәлдігі артып, емделушілердің өмір сүру сапасы мен ұзақтығы жақсарады.
Тараз қаласында құрылған бірыңғай қорғалған ақпараттық жүйе облыстағы барлық рентгенологиялық зерттеулерді жинақтап, мұрағаттауға мүмкіндік береді. Бұл – Мемлекет басшысы айтқан «медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізу» жөніндегі тапсырмасына толықтай сәйкес келетін нақты қадам.
Президент Жолдауында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынғаны, жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілетіні айтылды. Облысымызда да бұл бағытта нақты нәтижелер бар. 2023-2024 жылдары жоспарланған 30 медициналық нысанның 29-ы пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 2025-2034 жылдарға арналған өңірлік жоспарға сәйкес, Тараз қаласы, Жуалы, Қордай, Байзақ, Сарысу аудандарында жаңа ауруханалар мен емханалар салу және қолданыстағы нысандарды күрделі жөндеу көзделген.
2025 жылы облыс бойынша 6 миллиард теңгеге 173 заманауи медициналық техника сатып алу көзделген. 2023-2024 жылдары 76 санитарлық автокөлік алынды, 2026 жылға дейін тағы 60 көлікпен жабдықтау жоспарланған.
Халық санының артуына байланысты Тараз қаласында №10 қалалық емхананы ашу жоспары да – медициналық қызмет қолжетімділігін арттыру бағытындағы қадам.
Президент өз сөзінде дәрігерлердің мәртебесін көтеру мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты нақты шаралар қабылданып жатқанын, бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретінін айтты. Облысымызда бүгінгі таңда 15 459 медицина қызметкері еңбек етуде. Алайда, 109 дәрігер жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті бюджет есебінен білім беру гранттары бөлініп, 84 резидент маманданып жатыр, 42 дәрігер өңірге жұмысқа орналасты.
Әлеуметтік қолдауға байланысты айтар болсақ, 41 маманға тұрғын үй сатып алуға 367,3 миллион теңге жеңілдетілген несие, 129 маманға 47,6 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді.
Облысысымызда жүзеге асып жатқан жобалар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған стратегиялық мақсаттармен толық үндеседі. Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу – диагностика сапасын арттырып, медициналық қызметтердің тиімділігі мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл қадамдар денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын күшейтіп, дәрігер мәртебесін нақты істермен көтеруге ықпал етуде.
Сержан НАЗАРБЕК,
облыс әкімдігі денсаулық
сақтау басқармасының басшысы