Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Атқарылатын жұмыстар айқындалды

Атқарылатын жұмыстар айқындалды
Ақәділ Рысмахан
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру маңызды мәселе. Кеше облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен актив жиыны өтті. Онда аталған Жолдауда айқындалған тапсырмалар мен стратегиялық басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған міндеттер сараланып, алдағы атқарылатын жұмыстар реті талқыланды. Басқосуға жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік мекеме басшылары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйым мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.

Жиында Ербол Шырақпайұлы Мемлекет басшысы ел экономикасын жаңғыртудың басты тетігі ретінде жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бағытын айқындап бергенін, бұл еңбек өнімділігін арттыруға, мемлекеттік басқарудағы бюрократияны азайтуға, тиімділікті көтеруге және жүйеге сапалы серпін беруге жол ашатынын сөз етті.

– Президент алдағы үш жылда Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы тиіс екенін атап өтіп, ең алдымен Цифрлық кодексті қабылдауды жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ, осы салаға жүйелі басшылық жасау үшін Премьер-министрдің орынбасары деңгейінде құрылым қалыптастыруды және Жасанды интеллект пен цифрлық даму министрлігін құруды міндеттеді. Сондай-ақ 7 стратегиялық мақсатты нақтылап, олардың әрқайсысы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және ұзақмерзімді тұрақтылыққа қызмет ететінін айтты. Цифрлық активтердің толыққанды инфрақұрылымын қалыптастыру, цифрлық теңгені енгізу, Ұлттық банктің қолдауымен арнайы құрылым құру, алғашқы толық цифрланған қала – «Alatau City» жобасын жүзеге асыру осының айқын көрінісі. Smart City технологиялары енгізіліп, тауар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеу мүмкіндігі қарастырылмақ. Білім беру саласында жасанды интеллектіні оқытуға арналған оқу материалдары әзірленіп, қашықтықтан оқыту жүйесі жаңғыртылады.

Президент жасанды интеллектіні биологиялық барлау, ауылшаруашылығы, кеден, логистика, құрылыс және су ресурстарын басқару сияқты салаларда кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау және бизнес құқығын қорғау мәселелері көтерілді. Прокуратура қайтарған активтердің есебінен елімізде 10 мектеп, 4 спорт ғимараты салынатыны, 235 денсаулық сақтау нысаны мен 177 су нысанының құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізілетіні мәлім болды. Ұлттық қор тұрақты даму құралы ретінде қарастырылып, маңызды жобаларға қаржы тарту жалғасады.

Арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, шетелдік инвесторларды тарту, банктердің қаражатын нақты экономикаға бағыттау мәселелері де назардан тыс қалмады. Президент жаңа салық жүйесі ашықтық пен әділдікке негізделуі тиіс екеніне тоқталып, әрбір теңгенің халық игілігіне жұмсалуын қадағалау қажеттігін жеткізді. Сонымен бірге өнеркәсіп, энергетика, экология, автокөлік өндірісі және газ-химия салаларының маңыздылығын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Қытай Халық Республикасымен стратегиялық серіктестік аясында бірқатар келісімдерге қол жеткізілгені де хабарланды, – деді облыс әкімі.

Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сануғаш Абдралиеваның айтуынша, өңірде ауылшаруашылығы саласын дамытуға 32,4 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлінген. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңейту аясында 13 жоба жүзеге асырылмақ. Шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы өнім шығару көлемі 323,3 миллиард теңгені құрап, бұл көрсеткіш 106,1 пайызға жеткен. Қазіргі таңда облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 107,8 мың бірлікті құрайды екен. Онда 163,5 мың адам еңбек етуде.

Жолдауда айқындалған 7 бағыт аясында атқарылатын жұмыстарды баяндаған Сандуғаш Ермаханқызы алдағы уақытта облыстың стратегиялық және бюджеттік жоспарлау саясаты Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді орындауға бағытталатынын атап өтті.

Бұдан кейін сөз алған облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалқар Амантұров: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңдегі негізгі бағыттары айқындалды. Президент барлық саланы заманауи талаптарға сай жаңғыртуды, соның ішінде цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдануды стратегиялық басымдық ретінде белгіледі. Бұл бағытта облыста жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта Smart Region стратегиясы әзірленуде. Бұл құжат облыстың барлық аудандарын және елді мекендерін қамтып, әлеуметтік-экономикалық салаларды толық цифрландыруға бағытталған.

Жалпы Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды орындау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Барлық бастамалар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін көтеруге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді», – деді.

Сондай-ақ Шалқар Болатұлы өзге де салалардағы жетістіктерді сөз етті. Өз кезегінде облыс әкімі аталған басқарма басшысына цифрландыру ісінде жұмыс нәтижелі болуы үшін жаңа ұсынымдар әзірлеуді тапсырды.

Бұдан кейін жиында бірқатар басқарма басшысы баяндама жасап, өз салалары бойынша жеткен жетістіктер мен жоспарлы жұмыстарға қатысты маңызды мәліметтермен бөлісті.

– Президент Жолдауы – жаңа дәуірдегі Қазақстанның даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат. Онда Мемлекет басшысы қазіргі күрделі халықаралық жағдайды саралап, геосаяси тұрақсыздық пен жаһандық бәсекелестіктің күшеюі, жаңа технологиялардың ықпалы елдің болашағына тікелей әсер етіп отырғанын атап өтті. Осындай сын-қатерлер жағдайында Қазақстан өз мүддесін қорғап, даму жолын нық айқындауы тиіс. Президенттің сөзіне сай алдағы 3 жылда еліміз толыққанды цифрландыруға қадам басып, жаңа Цифрлық кодекс қабылданады және Жасанды интеллект пен цифрлық даму министрлігін құру арқылы саланы жүйелі түрде дамытуға ден қояды. Жолдауда инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін, металлургияны, ауылшаруашылығын цифрландыру, су ресурстарын басқару, көлік-логистика жүйесін жетілдіру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту секілді стратегиялық бағыттар нақты белгіленді. Мемлекет басшысы ауылшаруашылығын терең өңдеусіз ауылды дамыту мүмкін емес екенін айтып, өндірістің барлық сатысын қамтитын агроқұрылымдарды құруды тапсырды. Сондай-ақ жерді тиімді пайдалану мәдениетін арттыру, игерілмеген жерлерді айналымға енгізу күн тәртібінде тұр.

Басты басымдықтардың бірі – адами капиталды дамыту. Мектептен бастап жасанды интеллектіні оқыту, жастарды нақты кәсіпке баулу, Жұмысшы мамандықтары жылын жариялау – елдің болашағына салынған инвестиция. Денсаулық сақтау, әлеуметтік әділеттілік, демократия, көші-қон саясаты да назардан тыс қалған жоқ. Президент әлеуметтік масылдықтың алдын алу, әділдікті нығайту және азаматтық жауапкершілікті күшейтуді талап етті. Жолдауда белгіленген міндеттер – алдағы жылдардың нақты іс-қимыл жоспары. Жамбыл облысы да осы реформаларды өңірлік деңгейде сапалы орындап, жаңа технологияларды енгізу арқылы әлеуметтік тұрғыдан әділетті аймаққа айналуға тиіс, – деді кеңесте сөз алған облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Фарида Жүнісова.

Жиында аймақ басшысы: «Бізге артылған жүк ауыр, оған барлығымыз үлкен жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Жолдау жүктеген міндеттер аясында іске асырылатын нақты шараларды айқындап берді. Жолдаудан туындайтын экономикалық және әлеуметтік міндеттердің сапалы әрі мерзімінде орындалуын тапсырды. Осыған сәйкес республикалық деңгейде тиісті іс-шаралар жоспары әзірленуде. Облыстық деңгейде де тиісті жоспар жасалып, оның орындалуын қамтамасыз ететін боламыз, – деді Ербол Қарашөкеев

Аталған жоспарлы жұмысты үйлестіру экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тапсырылып, бақылау міндеті облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровке жүктелді.

Аймақ басшысы әріптестерін бірлесе еңбек етуге шақырып, басты мақсат – азаматтардың тұрмысында Жолдаудан туындайтын нәтижелердің нақты сезілуі екенін ерекше атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстарды барлық мемлекеттік органдар бірлесе атқаруы тиіс екенін баса айтты.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар