Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Автобус жүргізушілері айқай есту үшін туған жоқ

Автобус жүргізушілері айқай есту үшін туған жоқ
Автор
Қоғамдық көлікті тізгіндеу оңай шаруа емес. Айқайдың астында жүретін автобус жүргізушілерін нағыз еңбек адамдары десек қателеспейміз. Дегенмен соңғы уақытта олардың жұмысына көп сын айтылуда.

Таңсәріден қас қарайғанша тынымсыз еңбек етіп, халықтың көңіл күйіне де төзіммен қарай білу әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Сондықтан Жұмысшы мамандықтары жылы аясында біз автобус жүргізушілерімен тілдесіп, олардың күнделікті жұмысымен танысып, орайын тауып автопарк басшысымен де әңгімелестік.

«Бала-шағам аш қалмасын, өзгеге жалтақтамай өссін» деген ойдағы ата-аналар бар жұмысты таңдамай атқарады. Олар кейде өзгенің айқайына да, арызына да төзіп, өз міндетін үнсіз жалғастырады. Әсіресе мұндай сәттер қарапайым еңбек адамдарының иығына ауыр салмақ түсіретіні анық. Сондықтан әркім кез келген істің қиындығын бағалап, жұмысшы мамандық иелеріне құрметпен қарауы қажет. Әйтпесе соңғы уақытта автобус жүргізушілеріне айтылатын сын-ескертпелер жиілеп барады. Жолаушылардың бірі «Аялдамаға дұрыс тоқтамадың» десе, енді бірі «Жүретін бағытыңды түсіндірмедің» деп дауласады. Кейбірі тіпті өз іс-әрекеті дұрыс болсын-болмасын телефонының камерасына түсіріп, қорқытып-үркітуге тырысады. Жолға таласқан жеңіл көлік иелері де әкіреңдеп, кейде қол көтеруге дейін барады. Бұдан бөлек, жолақысын төлемей, шу шығаратын жолаушылар да кездеседі. Осындай оқиғалар қоғамдық көліктерде әркез орын алып, жүргізушілердің жүйкесін жұқартуда.

Тараз қаласында бүгінде 8 автопарк халыққа қызмет көрсетуде. Олардың ішіндегі ең ірі автопарктің бірі – «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Біз мақаламыз салмақты шығуы үшін алдымен аталған автопаркке ат басын бұрып, серіктестік директоры Рашид Пірмановпен тілдестік. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен де етене танысып, бірқатар мәселеге қанықтық.

Автопарк басшысының айтуынша, серіктестік 1981 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді.

– «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде барлығы 300-ге жуық адам қызмет атқарады. 160 автобус және 180 жүргізуші бар. Қалған жұмысшылар мекеме ішінде және аумағында еңбек етеді. Мәселен, серіктестікке қарасты 10 арнайы цех ашылған. Әрқайсысы әртүрлі аталады. Бірінде автобустың моторын жөндесе, енді бірінде қозғалтқышын, тағы бірінде бөлшектерін ауыстырады. Тағы бір цехта көлікке толық диагностика жасалады. Барлық жұмысты өзіміздің жұмысшылар істейді. Егер көлікте қандай да бір ақау бар болса, жүргізуші бірден тұраққа келіп, өзіміздің мамандарға хабарлайды. Ал жол-көлік оқиғасы орын алып, автобусқа зақым келсе, егер біздің жүргізушіміз кінәлі болса, қоғамдық көлік автосақтандыру арқылы жөндеуден өтеді. Ал егер жеңіл көлік жүргізушісі кінәлі болса, қоғамдық көлікті автосақтандыру арқылы өзі жөндетеді. Қаражат жетпей жатса, мекеме тарапынан төленеді.

Сонымен қатар автопаркте 3 көлік жуу орталығы жұмыс істейді. Яғни мекемемізде кез келген қызмет түрі қарастырылған.

2021 жылдан бастап парктегі қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Төрт жылдың ішінде автопаркке 78 жаңа көлік сатып алдық. Қалада жүрген автобустарымыздың 70 пайызға жуығы жаңа десем де артық айтқаным емес. Автобустарды 100 пайыз жаңарту мүмкін емес. Себебі сатып алған көліктеріміздің өзі уақыты келгенде ескіретіні анық.

Автопаркті аяққа тұрғызу да, қызметті одан әрі ұлғайту да оңай болып жатқан жоқ. Дегенмен цифрлық жүйеге ауысқалы жағдай тұрақталды десем болады, – деді Рашид Пірманов.

Автопаркте жүргізушілерге арналған әлеуметтік көмек, яғни арнайы жеңілдік жоқ. Ашығын айтқанда, мұндағы жүйе ондай дәрежеге әлі жете қоймаған. Бірақ жүргізушілерді қолдау мақсатында түрлі бағытта жұмыстар атқарылуда.

– Барлық тәртіпті сақтап, ережеге, талапқа сай жұмыс істеген азаматтар болса, оларға жаңа көліктерді кезектен тыс алуына мүмкіндік береміз. Әрине тәртіпті сақтау, тазалықты қамтамасыз ету автобус жүргізушілерінен бөлек, тұрғындарға да байланысты. Біздің автопарк осы мәселелер аясында кең көлемде іс-шараларды атқарып отырады. Сондай-ақ мекемеміз қаладағы ең ауқымды парк болғандықтан, шаһардағы адам тасымалдау ісімен айналысатын қоғамдық қызметтің 42 пайызы біздің мекемеге тиесілі. Сол себепті маман тұрақтылығы да біз үшін өте маңызды. Біз осы мәселе аясында да жұмысты тоқтатқан емеспіз. Яғни жүргізушілердің тұрақты жұмыс істеуі үшін оларға жағдай жасалуын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Бізде мамандардың 85 пайызы тұрақты қызмет атқаруда. Мұндағы 180 жүргізушінің барлығы ер-азаматтар. Егер автобус жүргізушілігіне қызығушылық білдіретін, осы мақсат аясында жұмыс іздеп жүрген, жүргізуші куәлігіндегі категориясы сәйкес келетін азаматшалар болса, жұмысқа қабылдауға дайынбыз, – дейді Рашид Сантөреұлы.

«ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жолаушылар қауіпсіздігін басты назарда ұстап, көліктердегі тәртіпке де жіті бақылау жасауда. Осы мақсатта автобустардың ішіне бейнебақылау камералары орнатылып, тұрғындар тарапынан түсетін арыз-шағымдарға орай қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Алайда мекеме басшысының айтуынша, қоғамдық көліктердегі электр қуатының 12-24 вольт көлемінде болуына байланысты кейбір бейнекамералар жиі істен шығып қалады екен. Сондықтан жаңа автобустарды сатып аларда бақылау жүйесі орнатылған көліктерді әкелу тиімді саналады. Сонымен қатар серіктестік басшысы жүргізушілердің әлеуметтік жағдайына да назар аударып, олардың түскі ас мәселесіне арнайы тоқталды.

– Жүргізушілердің жұмыс барысы да ерекше. Жол үстінде белгілі бір бағыттарда жүргендіктен, олар үшін арнайы асхана қарастырылмаған. Сол себепті түскі асын көбіне соңғы аялдамаға тоқтаған сәтте өз қаражатымен сатып алып ішеді немесе үйден ала келеді. Ал автопарк аумағында жұмыс істейтін өзге қызметкерлер үшін арнайы асхана жұмыс істейді.

Жұмыс кестесіне тоқталсақ, жүргізушілер тәулігіне 12 сағаттық режимде еңбек етеді. Таңғы 6-дан бастап автобус жүргізушілері автопаркке келе бастайды. Себебі кестеге сай барлық көлік сағат 7:45-ке дейін жолға шығып үлгеруі тиіс. Қоғамдық көлік жүргізушілері екі күн жұмыс істеп, екі күн демалады, яғни ауысымдық жүйе қолданылады. Күн соңында көліктер әртүрлі уақытта тұраққа оралады. Бірі кешкі жетіден кейін келсе, енді бірі сағат он шамасында тұраққа қойылады. Әр күні орта есеппен 130 автобус қала тұрғындарына қызмет көрсетеді. Жұмыс аяқталған соң көліктер міндетті түрде тұраққа қойылып, жеке мақсатта пайдалануға қатаң тыйым салынған. Сонымен қатар жүргізушілерді үйлеріне жеткізу қызметі де қарастырылған.

Мекеме тарапынан жүргізушілерге бірыңғай қызметтік киім үлгісі берілген. Екі жыл бұрын енгізілген бұл бастама бүгінде толық жүзеге асты. Киім көк түсті, жағалы болып тігілген. Көйлектің оң жағы қазақы ою-өрнекпен өрнектелсе, сол жағында мекеменің атауы мен қаланың логотипі бейнеленген. Ал автобустардың сыртында «Менің сүйікті қалам – Тараз» деген жазу бірден көзге түседі. Қалада №40 және №30 бағыттағы автобустар түнгі сағат 00.00--ге дейін жолаушыларды тасымалдауды жалғастырады. Оның ішінде №30 бағыт біздің автопаркке тиесілі. Күндіз бұл бағытта 15 автобус қатынаса, кешкі 20:30-дан бастап түн ортасына дейін қосымша 6 көлік жолға шығып, 15 минут арақашықтықпен адам тасымалдайды. Осы арқылы біз түнде де тұрғындардың діттеген жеріне уақытылы жетуіне жағдай жасап отырмыз.

Ал енді өзіңіз сұрап отырған мәселе, яғни автобус жүргізушілеріне байланысты қоғамдағы күрделі ахуалға тоқталайын. Рас, қоғамдық көлік жүргізушілеріне халық тарапынан түрлі сын-ескертпе айтылып жатады. тұр. Дегенмен бұл мәселе жүргізушілердің кінәсінен туындап отыр деуге келмейді. Өмір болғаннан кейін кез келген мәселеге екі жақты қараймыз. Көлікке күніне 500 адам мініп-түсетін болса, сонша ой мен пікір айтылатыны белгілі. Мәселен, алыс аймақтардың кейбірінде аялдамалар жоқтың қасы немесе белгілі бір орынды халық өзі аялдама санап, сол тұстан мініп жүреді. Автобус әр үйге тоқтап, адамдарды жеке-жеке алып кете алмайды. Оны да түсіну керек. Мәселен, автобус аялдамасынан сәл алыс тұста бір жолаушы қол бұлғап, алып кетуін өтініп тұрса, жүргізушілер жанашырлықпен жанына тоқтайды. Ал егер алып кетпеген жағдайда жүргізуші бірден жаман адам болып, олардың жадында есімімен қоса, түр-түсі мәңгі сақталып қалады. Біздің жүргізушілер мүмкіндік болса адамдарды жолда қалдырмауға тырысады. Сондай-ақ кейбір аялдамаларда белгіленген уақыт бойынша тұрақтайды. Әр аялдаманың өзінің тұрақтау уақыты бар. Сондай сәтте бір жолаушы көлікке мініп үлгермей қалса, тағы да көлік жүргізушісі кінәлі болып шыға келеді. Кейбір жолаушылар өз үйлерінен көңілсіз болып шықса да, бар ашуын жүргізушіден алғысы келеді. Дегенмен кез келген жолаушының пікірін жан-жақты саралап, қорытынды шығарып отырамыз, – дейді мекеме басшысы.

Рашид Сантөреұлының айтуынша, алға қойған жоспарлары да көп. Соның бірі – жүргізушілерге толыққанды жағдай жасау. Рашид Сантөреұлы еңбек демалысына шыққан қызметкерлерге демалыс орнына он күндік жолдама тағайындау бірінші көзделіп отырған мәселе екенін сөз етті. Себебі көлік айдау, ұзақ уақыт рөлде отыру көптеген ауруларға алып келетіні анық. Сонымен қатар мекеме директоры жүргізушілердің зейнетке шығу жасын әскери қызметкерлермен, ішкі істер қызметкерлерімен теңестіру қажет деп санайды. Яғни, еңбек өтілінің денін адам тасу, олардың қауіпсіздігінің сақталуына арнаған жұмысшы мамандар да мұндай игілікке әбден лайық.

Мұнымен қоса автопарк басшысы тұрғындарға өз өтінішін де білдірді. Себебі кейбір жүргізушілер жол ақысын жеке есепшотына аударуын немесе қолма-қол беруді сұрайды екен. Сондықтан тұрғындар жол ақысын «TULPARCARD» қосымшасы арқылы немесе банк қосымшасындағы «QR» коды арқылы төлесе деген уәжі бар.

Жоғарыда атап өткеніміздей, автобус жүргізушілеріне қатысты жолаушылар тарапынан түрлі пікірлер айтылады. Бірі алғысын білдірсе, енді бірі шағымдануға бейім. Осы орайда біз де жолаушылардың ой-пікірін білуді жөн көрдік. Мәселен, Айман Тойшиева есімді қала тұрғыны «Жүргізушілер қоғамдық көлікте отырып шылым шегеді» десе, Алмат Қожаберген есімді тараздық жігіт кейбір автобус жүргізушілері қоғамдық көлікке адам емес, мал тиеп келе жатқандай жоғары жылдамдықпен айдайтынына, бір-бірімен жарысатынына қынжылды. Самат Нұрмолда есімді бір қала тұрғыны: «Көлік басқарып келе жатқан кез келген адамның телефонмен сөйлесуі заңбұзушылық десек, бұл тұрғыда автобус жүргізушілерінің рөлде отырып телефонмен сөйлесуі өте қауіпті. Өйткені ол сол сәтте көптеген адамның тағдырына жауапты болады. Осыны олар сезіне білуі керек. Өйткені рөлде телефонмен сөйлесетін жүргізушілер бар», – деді.

Мұндай келеңсіздіктердің күнде болмаса да ара-тұра орын алып тұратыны рас. Алайда барлығын бірдей солай деп айыптау да дұрыс болмас. Мәселен, 12 жылдан бері қоғамдық көлік тізгіндеп келе жатқан тәжірибелі жүргізуші Ердос Жолдасов өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтынын айтады. Жеке өзі телефонға тек шұғыл жағдайда ғана жауап бермесе, күнделікті жұмыс барысында оны қолданбауды әдетке айналдырған.

Мақалада қозғалған мәселелер төңірегінде біз кейіпкерімізбен де арнайы тілдесіп, оның қызмет барысындағы жауапкершілігі мен тәжірибесін толыққанды білуге тырыстық.

– 2013 жылдан бері осы салада қызмет етіп келемін. Таңғы сағат 6 жарымнан кешкі 20:30-ға дейін жұмыс істеймін. Жүргізетін қоғамдық көлігіме өзім ғана жауапты болғандықтан, алты күн еңбек етіп, бір күн демалуға тура келеді. Бір жағынан маман тапшылығы да жұмысқа әсерін тигізіп отыр. Соған қарамастан, өз жұмысым мен ұжымым көңілімнен шығады. Мен жүргізетін қоғамдық көлікте барлық жағдай жасалған.

Бес саусақ бірдей емес қой, жолаушылардың барлығына бірдей ұнау беру мүмкін емес. Тұрғындардың өтініш-тілектері әртүрлі болады. Бірі өзіне ыңғайлы жерге тоқтауды сұрайды, енді бірі жолақысының жоқ екенін айтады. Ал егер айтқан жерінен тоқтамасаң, бірден ренжитін, тіпті адамды жау тұтатындар кездеседі. Жаз айларында да әртүрлі жағдайға тап боламыз. Біреуі «салқындатқышты қос» десе, енді бірі «неге қостың, өшір» деп ренжиді. Мұндай келеңсіздіктер күн сайын кездесіп жатады.

Негізінде жүргізушіге жол үстінде телефонмен сөйлесуге болмайтыны белгілі. Алайда отбасылық немесе жұмысқа байланысты, сондай-ақ өзге де шұғыл жағдайларда бірнеше секунд қана телефонмен сөйлесуге болады деп ойлаймын. Оның өзінде халыққа қауіпсіз болуы үшін аялдамаға тоқтаған кезде немесе өзге де ыңғайлы сәттерде ғана пайдаланамыз.

Біз қауіпсіздікпен қатар қоғамдық тәртіпті де қатаң сақтаймыз. Жолаушыларға «сіз» деп сөйлеп, агрессияға салынбай, көлік ішін де таза ұстаймыз. Әртүрлі наразылықтардан кейін жүргізушілерді негізсіз сындардан қорғайтын заң шықса деп ойлаймын. Көлік жүргізу қиын екені мәлім. Мәселен, өзім екі рет бел ауруына ұшырап, ем алған адаммын. Одан бөлек, сағаттап тапжылмай отырып жұмыс істеу өзге де ағзаларға зиян келтіретіні анық. Сол себепті жүргізушілерге арналған арнайы демалыс уақыттары, жолдамалары болса деген тілегім бар,– дейді Ердос Жолдасов.

Сонымен қатар автобус жүргізушісі кейбір жолаушылардың жүргізуші үсітен пайда тауып қалуды ойлайтынын да жасырмады. Себебі мұндай жағдай өз басынан өткен екен. Оның айтуынша, бір азаматшаға ескі күртешесінің орнына жаңасын сатып алып беруге тура келген.

– №12 автобусты жүргізіп жүрген кезімде жолда қара түсті «Land Cruiser» автокөлігі алдымнан кесіп өткен еді. Соқтығысып қалмас үшін лезде тежегішті басып қалған болатынмын. Сонда орын болмай тұрып тұрған бір әйел теңселіп барып, бірден отырып қалды. Ол бірден «күртешемді жырттың» деп айқай шығарды. Оның күртешесі қай сәтте жыртылғаны, көлікке мінерде жыртық немесе бүтін болғаны беймәлім еді. Ол әйел киімін 65 мыңға алғанын айтып, үстімнен арыз жазғысы келіп, ақшасын төлеуімді талап етті. Осы сәтте әпкеме хабарластым. Әпкем базарда киім сататын болғандықтан, күртешенің бағасын сұрадым. Анығында ол киім 65 мың емес, 45 мыңнан сатылады екен. Содан кейін амалдың жоқтығынан сол киімді сатып алып бердім. Осы оқиға есімнен әлі күнге дейін кетпейді, – дейді Е.Жолдасов.

Міне, автобус жүргізушілерінің біз қаныққан жай-күйі осындай. Кез келген сынға көнуден басқа амалдары жоқ. Сол себепті халыққа қызмет етіп жүрген еңбек адамдарына құрметпен қарап, әр жағдайда түсіністік танытқан жөн болар. Ал мақалада айтылған өтініш-тілектер жауапты мамандарға жетеді деген ойдамыз.

 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар