Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Балықшылар бәсекесі

Балықшылар бәсекесі
Автор
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлттық санасының өсуіне, еңсесі көтеріліп ұлт ретінде ұйыса түсуіне ерекше үлес қосқан Дінмұхамед Қонаевты еске алу, ерен еңбегін насихаттау мақсатында ел ешінде жыл бойы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Жуырда саналы ғұмырын мемлекет ісіне арнаған көрнекті қайраткерді еске алу мақсатында Шу ауданында кәсіпқой және әуесқой балықшылар арасында дәстүрлі дода өтті. «Балық Fest SHU» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен бұл жарыс биыл бесінші мәрте жалауын желбіретіп отыр.

Алыс-жақыннан жиналған қармақ ұстаған қауым «Тасөткел» суқоймасына жиналып, бақтарын сынады. Жарыстың ашылу салтанатында Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сөз алып, бәсекеге бел буған елуге тарта қатысушыға сәттілік тіледі. Сондай-ақ іс-шараның мән-маңызы жоғары екенін атап өтіп, қазақ халқының біртуар перзентіне құрмет көрсету арқылы өткен күннен өнеге алатынымызды алға тартты.

Қоғамдық бірлестіктің төрағасы Жұмахан Чекаевтың айтуынша, биылғы жарыста есімі республикаға белгілі фотожурналист Петр Норкин және су және балық шаруашылығы саласында зор еңбек сіңірген Әділхан Омаров атындағы арнайы жүлде енгізіліп отыр. Осы іс-шара үшін Петр Норкиннің жары Мәскеуден арнайы ұшып келіп, 90 мың теңгеге демеушілік жасаса, Омаровтар отбасы әке атын асқақтатып балықшыларға қажетті бағалы сыйлықтар ұсынды.

– Аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған бүгінгі жарыс тартысты өтті. Балықшыларды барынша марапаттап, тойдан құр қол қайтармауға тырыстық. Биыл көршілес Қырғыз Республикасынан, Алматы мен Тараз қаласынан, басқа да өңірлерден 50 шақты балықшы келді. Біз Қонаев атындағы кубокты салмақ бойынша көп балық аулағандарға, аудан әкімдігінің кубогын көлемді балық ұстаған жеңімпаздарға табыстадық. Сонымен қатар түрлі номинация иелеріне сый-сияпаттарды үлестірдік. Бізді қолдаған барша жандарға, Қонаев рухын құрметтеп келген қауымға ерекше алғысымды білдіремін, – деді Ж.Чекаев.

Күн ұзаққа созылған балықшылар бәсекесі табысты тәмәмдалды. Іс-шара соңында алыс-жақыннан келген меймандарға ақ дастарқан жайылып, бата жасалды. Дүниеден озған есіл ерлер еске алынып, дәм басында ізгі лебіздер айтылды.

 

Аяжан ЖҰМАХАН,

М.Х.Дулати атындағы Тараз

университетінің ІІ курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар